Басты жаңалықтар

Қалада жасалып жатқан жұмыстармен танысты

«Облыс әкімі Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шықты», — деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.  

Оңдасын Оразалин алдымен ағайынды Жұбановтар көшесіндегі автокөлік жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұнда Әлия Молдағұлова даңғылынан Марат Оспанов көшесіне дейінгі жерге асфальт жабындысының бірінші қабаты төселген. Шақпатасты-мастикалық асфальт бетонының екінші қабатын жол жөндеушілер ауа райының қолайлылығына қарай бекітілген технологиялық тәртіпте төсейді. Айта кетейік, екінші қабатты төсеу кезінде  көлік қозғалысына кедергі болмайды. Яғни, ешқандай кептеліс туындамайды.

Бұдан соң облыс әкімі оңтүстік айналма автокөлік жолын қалпына келтіру барысын да қарап шықты. Бұдан бұрын осы автомагистральдің 6,5 шақырымы жаңартылған болатын. Биыл жұмыс 7,2 шақырым жерде жүргізіліп жатыр. Оңдасын Оразалинге «КТП»,  «Ерхат жолдары» мердігер мекемелері жобаның жүзеге асырылуы жайында есеп берді. Жол құрылысымен қатар, мұнда жарықтандыру жүйесін монтаждау, жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды ретке келтіру жұмыстары да жүргізілуде. Облыс әкімі асфальт төсеу жұмыстарын аяқтап, автокөлік қозғалысын қазан айының үшінші онкүндігінен кешіктірмей ашуды тапсырды. Сондай-ақ ол жол жабындысының жоғары сапалы материалмен қамтылуы қажет екендігін баса айтты.

Осы жылдың аяғында Ақтөбеде «West Smart Trading» ЖШС  мәліметтерді өңдеу орталығын ашу жоспарланып отыр. Облыс әкімі орталық ғимаратының құрылыс барысын да қарап шықты. Жобаға құйылған инвестиция көлемі — 13,8 миллиард  теңге. ​ Орталық 5 петабайт көлеміндегі мәліметтерді сақтап, ​өңдеуді қарастырады.

Сондай-ақ бұл күні Оңдасын Оразалин күрделі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталатын Сазды Мәдениет үйінде болды. Ғимараттың шатыры, жылу жүйесі мен электр желілері жаңартылады. Осы Мәдениет үйіндегі 9 үйірмеге барып жүрген 250-ден астам бала жұмыстың тезірек аяқталуын күтіп жүр. «Ақша бөлінді, енді бәрін қатаң назарда ұстаңыздар», —  деді облыс әкімі Мәдениет үйінің басшысына. Сонымен қатар Сазды ауылында биыл футбол алаңы орнатылатын орын да анықталды. Бұл туралы ауыл тұрғындары әкіммен кездесу кезінде сұраған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button