Жаңалықтар

Зиянкестерге қарсы химиялық препараттың адамға зияны жоқ

Қаланың бірнеше тұрғын массивтерінде шалғын көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Демалыс күндері Қурайлы, Заречный,Қызылжар, «Нұр Ақтөбе» аудандарында дезинфекция жасалды.

Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатов аталған мақсатта арнайы штаб құрылып, жұмыс жасап жатқанын айтты. Ол зиянкестің көбеюінің бір себебі ауа райының қолайсыздығынан дейді. Күн ыстық. Жуырда жаңбыр жауды. Сол ылғал аталған зиянкестің көбеюіне өте қолайлы. Бір айта кетерлігі, бұл зиянды құрттар 8-10 жылда бір рет пайда болады екен.

— Қала тұрғындарынан шамамен 15-ке жуық өтініш түсті. Бір қызығы, қоңырау шалып шағымданған тұрғындар біраз уақыттан соң жұлдызқұрттың ауласынан жоқ болып кеткенін айтады. Мысалы, дүйсенбі күні Сазды елді мекенінің тұрғындары шағым айтып хабарласқан, бүгін қайта қоңырау шалғанымызда жоқ екенін айтты.Зиянкестер қаланың барлық аумағында емес, белгілі бір тұрғын үй массивтерінде ғана бар. Бүгін біраз жерде дезинфекция жұмыстарын жүргіздік. Ертең 41-разъезд, Белогорка, Бауырластар елді мекендерінде химиялық өңдеу жұмыстарын жасаймыз. Дезинфекция жұмыстары тек кешкі уақытта жасалады. Себебі, препараттар күн салқындаған кезде ғана тиімді нәтижесін береді. Тұрғындарға айтарымыз, ауласына дезинфекция жасалғаннан кейін 2 апта бау- бақшадағы өнімдерді пайдалануға болмайды, — дейді Мұрат Тоқболатов.

Химиялық өңдеу жұмыстарымен айналысып жатқан «Дезинфекция» медициналық мекемесінің бөлім басшысы Темірбек Жақсымұратов зиянкестерді жоюға арналған препараттың адамдарға еш зияны жоқтығын айтады.

Жеке тұрғын үйде тұратын тұрғындар өз ауласына  химиялық өңдеу жұмыстарын ақылы түрде жүргізеді. Ол үшін дезинфекция жүргізетін мекемелермен келісімшарт жасайды.

Бүгінгі таңда көкөніс өсірушілерге арналған мамандандырылған дүкендерде қолдану дозалары көрсетілген қаптамаларда пестицидтер сатылуда. Сонымен қатар химиялық өңдеу жүргізумен айналысатын төмендегі ұйымдарға қоңырау шалуға болады: «MKR.PLUS-зиянкестерге қарсы өңдеу» 87059188477;

«Фитосанитария» 87471348675, 87754348005.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button