Жаңалықтар

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Төлеген Закарьянов облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармасының және өңірдегі ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

Жиында алдымен сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары ЕрмекКенжеханұлы бүгінде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі — азық-түлік қауіпсіздігін және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін жеткізіп, қазір облыста осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұдан кейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Төлеген Закарьянов өзінің Ақтөбе өңіріне алғаш рет келіп отырғанын, мұндағы жұмыс сапарының мақсаты —азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары мен шаруа қожалықтарының жұмысымен танысу екендігін жеткізді.

— Еліміздегі жағдайды өздеріңіз білесіздер, биыл бірқатар өңірлерде құрғақшылық болып жатыр. Бұған дейін Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында қиын жағдайлар болды. Осыған байланысты қазір біз аймақ-аудандарды аралап, шаруа қожалықтарының жағдайын біліп жатырмыз. Биыл өңірлерде мал азығын дайындауға қаржы бөлініп отыр. Премьер-министр осыған дейін 200 мың тонна мал азығын әзірлеу керектігін айтып, тапсырма берген болатын. Бүгінгі кездесуге біз ақтөбелік шаруаларға  мал азығын дайындауда қандай қолдау, көмек керектігін сұрап, осы мәселені шешу үшін келіп отырмыз. Бүгін түске дейін бірнеше ауданды аралап шықтық. Байқағанымыз, кейбір шаруалар мал азығы ғана емес, оның тұқымыда керек екендігін жеткізіп жатыр. Мәселен, бұл өңірге бидайдың элита, саратов, тағы басқа да сұрыптары керек. Сондай-ақ аймақты азық-түлікпен қамтамасыз етуүшін элеваторлармен серіктестік қарым-қатынас орнату қажет, — деді ол.

Жиында ауыл шаруашылығы саласында форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін сатып алу жайы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде субсидиялауды, өндірушілердің қарсы міндеттемелерін белгілеуді қарастыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ отырыста төраға орынбасары кәсіпорын және шаруа қожалықтары басшыларынан өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын сұрап, бірқатарына өзінің ұсынысын білдірді.

Кездесу соңында «ЖаңаӘлжан диірмен комбинаты», «Рокос-Агро», «Агро-Трейд-2030», т.б. кәсіпорындардың басшылары өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын баяндап,  ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button