Басты жаңалықтарӘлеумет

Жергілікті өнім базар бәсін түсіре ме?

Бақшасы батыс өңірден бірер ай бұрын пісетін оңтүстіктің қауын-қарбызы облыстың базарын бұрын жаулап алады. Тауардың құны, ең алдымен, тасымалдың шығынымен қойылады. Бастапқыда келісі 400-500 теңгеден сатылған қарбыздар қазір 120-130 теңгеге түсті. Жыл сайын осындай уақытта жергілікті өнімдер шығып, қауын-қарбыздың бағасын төмендетеді.  Бау-бақша өнімдері тұтынушылардың талғамынан шығып тұр. Біразға дейін бәсін бұлдайтын қауындардың да жақын күндері құны төмендейді. Бақша өнімдерінің жағдайына зерттеу жасап көрдік…

Жалпы, қай нәрсенің де бағасын түсіретін жергілікті өнімдердің көбеюі. Қазір Қызылорда облысының Шиелі, Түркістан облысының Шардара аудандарынан келген қауын-қарбыздар жетерлік. Әсіресе адам көп жүретін Орталық базарда көрші облыстың өнімдері көбірек сатылуда. Бұдан бір ай бұрын қарбыздың құрамынан нитраттың көп мөлшері табылып, сол себепті қарбыз сатуға уақытша тыйым салынған болатын. «Табыс» коммуналдық базарынан шыққан бұл шу барлық базарларға әсер етті. Алайда қарбыз әр жерден келгендіктен барлығы да апта сайын тексеруден өтеді екен. Сатушылардың айтуынша, әр апта өнімдері тексеріліп отырады.

Осы бір науқанды кезеңде әркім табыс тауып қалуға ұмтылады.  Өйткені бұл сауда мамандық таңдамайды. Адам жасына да шектеу жоқ. Мектеп жасындағы баладан бастап зейнетке шыққан үлкендерге дейін сатушы боп қалтасын қалыңдата алады. Көтерме базардан 65 теңгеден алып, орталық көшелерге, базарларға әкеліп екі есе бағасымен сатады.  Бұл жерде бірнеше адам пайда көреді.

Егер саудаға епті болсаңыз, тартынбаңыз. Орталық базардан жерді жалға алсаңыз, күніне 1000 теңге төлейсіз. Бір келі қарбыздан 40-50 теңге артық айналады. Тек шыдам керек. Базар болсын, қаланың сырты болсын күнұзаққа тұру да оңай емес. Сатушылардың күніне тауардың өтіміне қарай еңбегі бағаланады. Бірақ 5 мың теңгеден кем болмайды. Кейбірі жүкші жалдайды. Оның да ақысы сол шамалас. Тап қазір жергілікті қауын-қарбыздар толық шыға қойған жоқ. Бірақ кез келген жерде бақша өнімдері қаптап тұр.

Оңтүстіктен Ресей Федерациясына қарай қарбыз тиеген жүк көліктері өздері хабарласады. Біз солардан алып қаламыз. Олар үшін де пайда. Жолай жол шығынын шығарып алады. Мысалы, Ресей жаққа 20 тонна апару керек болса, 5-10 тонна артық тиеп алады. Қызылорда облысында бақшаның басынан қарбыздың келісін 30 теңгеден алады да, тасымалы үшін тағы 30 теңге қосады. Сөйтіп, біз 60 теңгеге алып, қала тұрғындарына сатамыз. Негізінен, көп пайда көрмейміз. Айына 150 мың теңгеге дейін шығады. Ал миллиондап табыс көретін жүк көліктерімен таситындар, — дейді Орталық базардағы сатушылардың бірі.

Бұйырса, Ақтөбелік шаруалардың бақша өнімдері аз күнде сабағынан үзілгелі тұр. Алды тасылып та, сатылып та жатыр. Ең арзан тауар сол тауарды шығаратын жер. Ортадағы делдалдар арқылы баға көтеріледі. Кейбір бақша иелері өз өнімдерін тікелей сата алмайды. Амалсыз көтерме базарларға тапсырады. Бір жағынан сатушы да табыла қоймайды екен. Ал бақшада пісіп тұрған көкөністерді жинап, тиейтін де күш керек. Оның бәріне адам шыға бермейді. Сондықтан бақшаның басынан-ақ сата береді.

Ал бақшадағы жағдай қалай?

БЕРЕКЕТТІҢ БАҚШАСЫ

Мәртөк ауданына қарасты Сарыжар ауылындағы «Аманат» шаруа қожалығының қарбызы биыл ерте пісті.  Біз нағыз қарбалас, қызу еңбектің үстінен түстік. Белуардан шешініп тастаған жеткіншектер «КамАЗ» жүк көлігіне қарбыздарды тиеп жатыр. Елек өзенінің жағасындағы бақшаның басы базарға айналғалы апта болыпты. Келіп алушылар да көп.

Әрқайсысы 10 келіден астам қарбыздар ерте көктемнен басталған мазасыз еңбектің жемісі. Бақшаны баптаған Берекет Қойшыбаевтың  ойлағаны болды. Топыраққа төгілген тер мен егілген дән нәтижесін берді. Енді оны дер кезінде сату керек. Ақтөбе қаласындағы көтерме базарға күніге тіркемесімен екі «КамАЗ» көлігі тиеледі. Қарбызды 14 гектар жерге еккен ол әр гектарынан 40 тоннадан алады екен.

Оның айтуынша, соның өзінде биыл түсім аз. Әр түптен 1-2 қарбыздан шыққан көрінеді. Егер әр түптен кем дегенде 3 дана қарбыз өссе, гектарына 100 тоннадай алуға болады екен. Бір жылдары 1 гектардың өнімі 60 тоннаға дейін жеткен. Дегенмен осының өзін сатып, шығынның орнын толтыру керек. Сондықтан қазір жататын кез емес. Берекеттің өзі бас болып тыным көрмейді. Әсіресе қарбызды  жинап, оны тиейтін жұмысшы күші керек.

Қасыма екі адамды тұрақты жұмысқа алдым. Оларға айына 120 мың теңгеден төлеймін. Ал қазір қарбыз тиеуге күніне 4-5 адам керек. Әрқайсысына 5 мың теңгеден беремін. Кешкісін бір-бір қарбыздан ұстатамын. Жұмысты жеңіл деп те айтпаймын. Көбі шыдай алмайды. Бірақ алып бара жатқан ауыр да емес. Жұмысына қарай еңбек те бағаланады. Көктем шығысымен тыным көрмейміз. Жылыжайдағы өскіндерді атыздарға орналастырамыз. Күтеміз, баптаймыз. Піскен қарбыздың жауы — қарға мен тышқан. Күндіз-түні солардан қоримыз, — деген Берекет бақша жұмысына әбден машықтанып алған. Өзінің оқыған мамандығы да аграрлық саладағы орман шаруашылығы. Бұл мамандықты әкесінің ақылы бойынша оқыған екен. Жастайынан әкесі Сабыржанның қасында жүріп, еңбекке ерте араласыпты.

Қай өнімді көрсек те үлкеніне жабысып қалатын әдетіміз бар. Берекеттің бақшасын аралап жүріп, табақтай қарбыздарды сирек ұшыраттық. Барлығы біркелкі өскен екен. Қарбызының ең үлкені 22 келі тартыпты. Бірақ үлкен қарбыздарды  сату тиімсіз екен.

Ондай қарбыздар 3-4 мың теңгеге шығады. Бұл тұрғындардың қалтасына ауыр тиеді. Әрі көтеріп жүру де қиын. Қарбыздың ең өтімдісі — 7-12 келі аралығында. Сондықтан қарбызды құшақ жетпейтіндей етіп өсірудің қажеті жоқ, — дейді ол.

Ал баласына жол көрсетіп, шаруаның жайын айтып отыратын Сабыржан істің ұйымдастырушысы. Жалғыз бала болса да  жатқызып қоймай, еркелікке емес, еңбекке тәрбиелеген екен. Сабыржанның мақсаты — өзінің ісін баласының жалғастыруы. Қасында ертіп жүрген 4-5 жасар немересіне де үйретіп жүр. Оның ойынша, адам кәсібін бала кезінен меңгеріп, сезіне берген жөн.

Ақшасы, малы көп адам бай емес. Мен үшін ең бай адам — кәсібі бар қарапайым шаруа. Біздің атакәсібіміз тек мал бағу деп келдік. Бақшаны  кәрістер мен өзбектер өсіре алады деген ойдан арылуымыз керек. Қазақтың қолынан бәрі де келеді. Мен бұл кәсіпті балама үйреттім, ұлым немереме үйретеді. Атакәсіп деген — сол. Өзіміздің жерді өзіміз игергеніміз дұрыс қой. Оған мүмкіндік жетеді. Бұйырса, балам екеуміз биыл осы жерден 1000 тонна өнім аламыз деп отырмыз, — дейді Сабыржан Қойшыбаев.

Сабыржан ешқандай мемлекеттік бағдарламаларға қатыспапты. Несиеге де жүгіне бермейді екен. Өз қалтасынан 8,5 миллион теңгеге электр желісін жүргізген. Оның сөзіне қарағанда бағдарламаларға қатысып, жеңілдікпен несие алудың  машақаты көп.

Құжат жинау шаршатады. Оған қолым тие бермейді. Биыл субсидия аламыз деп едік. Екі айдан асты әлі құжаты дұрыс емес. Сұратпайтын қағазы жоқ, — деп базынасын жеткізді.

Сонымен Берекеттің бақшасына бара қалсаңыз, қарбызды келілеп те, тонналап та 65 теңгеден тиеп ала бересіз. Көлігі барларға еш қиындық жоқ. «Аманат» шаруа қожалығының бақшасы қаладан 20 минуттық жердегі Сарыжар ауылының іргесінде орналасқан.

Берекетін бақшадан тапқан 28 жастағы Берекеттің алдағы жоспары — жеміс ағаштарын өсіру.

 

Спартактың қауыны

«Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» дейді қазақ мұндайда. Шығанақ атамыздың атағымен бір кездері дорбалап тары сатқан қалалық әжелеріміз «Пойыздан жаңа ғана түскен Ойылдың тарысы» деп талай адамға өткізіп жібергенін естідік қой. Бұл жерде Ойылдан  пойыз келе ме, келмей ме сатушыға да, сатып алушыға да пәлендей келіп-кетер ештеңесі жоқ. Саудада мұны брендтің атын жамылу дейді. Ойылдың бренд тарысы әлі де базарда өз бәсін ұстап тұр. Әрине бұрынғы Шығанақтың тарысы жоқ. Бірақ Спартак Төремұратовтың қауыны мен қарбызы сөренің сәні болып тұрғаны шындық. Жылда осындай маусымдық науқанда бақша өнімдерін сатып, біраз пайда көріп қалатын саудагерлерге тұтынушылардың өздері ұрынады. Әлекедей жалаңдаған сатушылардың ауыздарына өздері салып-ақ береді. Қайдан білсін?!

«Мынау Спартактың қауыны ма?»

Таразының тартқан  әр тиынын шотқа қағып тұратын сатушы «иә» демей көрсін.

Содан сол жерде «Спартактың өнімі» сатыла бастайды. Тап бүгінгі күні осылай сатылып жатыр. Бірақ Спартактың бақшасы әлі піскен жоқ. Бақша иесінің өз аузынан естігенімізде әлі 10-15 күндей уақыт бар. Биыл егу жұмыстары жайға қалған. Брендті бұлай пайдалану базар нарқында жарасады әрине.

Жоғарыда айтқанымыздай, бағаны өсіретін де «ауадан» ақша жасайтын алыпсатарлар.

Спартактың айтуынша, өнім шығарушыларға сату механизмін қалыптастыру керек. Жергілікті тауар өндіруші болып саналатын шаруаларға қаланың әр жерінен сол өнімді сатуға жер берілсе дейді. Сол кезде алқаптан сөреге тікелей жетіп, бағасы да тұрақты болады. Сөзінің жаны бар.

Егер тікелей сатылған өнім болса 10-15 теңге ғана қосылады. Ал қазір бақша басынан алып кететіндер 60 теңгеге 60 теңге қосып, 120 теңгеден сатып жатыр. Халық екі есе бағасына сатып алады. Базар мен дүкендерде көкөністердің бағасы қанша өссе де бақша басындағы баға сол күйі тұрады. Бағаның шарықтауынан өнім шығаратын шаруаларға бір тиын да пайда түспейді. Бұған өткен айдағы картоп пен сәбіздің бағасы дәлел бола алады. Қымбатқа сатып қалталарын толтырған делдалдар картоп пен сәбіз еккен шаруалардан бұрынғы бағасына ала береді, — дейді кәсіпкер.

Бұл да тұтынушылардың қалтасын қақпау үшін  ойланарлық жайт…

 

Әкімжан Өтемұратов,

қала тұрғыны:

Осындай уақыттарда қарбызды күнде жейміз деуге болады. Әркімге әрқалай ғой. Маған өзіміздің жерден шыққан қарбыз тәтті көрінеді. Қобда ауданынан келетін қарбыздарды іздеп отырамын. Өте тәтті, қант татып тұрады. Шәмші ауылы жақтағы бақшалардың қарбыздары да тіл үйіреді. Қазір нағыз пісетін кезі. Кез келген жерде толып тұр. Бірақ бағасы қымбат. Жыл сайын қала іргесінде болсын, аудандарда болсын бақша салушылар көбейіп жатыр ғой. Олардың айтуынша, қарбызды белгілі бір бағаға қоймаса, тым арзандап кетсе шығынын жаппайды. Сол қарбызды баптап, оны егуге қажетті құрал-жабдықтардың бәрі қымбат болып тұрғандықтан шаруалар да пайда көруі тиіс деп ойлаймын. Бір жақсысы, ақтөбелік шаруалардың қарбыздарында дәрілік қоспалар жоқ. Сондықтан алаңсыз жей береміз.

 

Индира Қрымғалиқызы, қала тұрғыны:

Бұрын Спартактың қауын-қарбызы ұнайтын. Сол үшін арнайы Ойылға баратынбыз. Қазір Орталық базардан аламыз. Бағасы былтырғыдан қымбаттау. Қала бойынша қауын мен қарбыздың бағасы мал базарында арзан екен. Келісін 80 теңгеден алдық. Бірақ ол да оңтүстіктің өнімі. Жақын күндері барлық жерде жергілікті өнімдер қаптай бастайды. Сол кезде бағасы аздап түспесе…

 

P.S. Биыл облыс бойынша 791,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бүгінгі күні  6,2 мың гектар жерде картоп, 4,6 мың гектар алқапта көкөніс, 1,2 мың гектар алқапта бақша дақылдары өсіп тұр.

Жоспар бойынша күзде 106,9 мың тонна картоп, 86,7 мың тонна көкөніс, 20,5 мың тонна бақша өнімдері алынбақ..

Былтыр  378,4 гектар жерге қауын, 808,9 гектар жерге қарбыз егіліп, 6,0 мың тонна қауын, 14,5 мың тонна қарбыз алынған екен.  Биылғы меже одан сәл төмен. Алайда барлық ауданда да қауын-қарбыз өсіріп отырған ірілі-ұсақты шаруалар жетерлік. Олар бақша өнімдерімен өз ауылдарын қамтып қана қоймай, қала базарларына да әкеледі. 

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button