Басты жаңалықтарДенсаулық

Екпеге қарсылық білдірушілермен әңгіме

Екпе жасауға қарсы адамдардың дәлелдеріне Ақтөбе облысының штаттан тыс бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазиннің жауабы

 

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе жасау науқаны оған қарсылық білдірушілердің іс-әрекеттерімен қатар жүруде. Бұл туралы жақында Мемлекет басшысы да атап өтті.

BaigeNews.kz екпенің қажеттігіне сенбейтіндермен сұхбаттасуды жөн көрді. Ақтөбелік белсенді Мөлдір Жәрменова — солардың бірі. Ол коронавирусқа егуге қарсы петиция үшін қол жинады, оны екі мыңнан астам адам қолдады. Мөлдір Жәрменованың дәлелдеріне Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының жетекшісі, Ақтөбе облысының штаттан тыс бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин жауап берді.    

 

«Мен біздің медицинаға сенбеймін»

Мөлдір Жәрменова: «Ең бірінші қауіп, әрине, мемлекетке және медицинаға толық сенбеуге негізделеді. Әңгіменің ашығын айтайын. Сыбайластық айналаны түгел жайлап алды. Оның зардаптарын соңынан тартуға тура келеді. Мен айналадағы барлық өтіп жатқан процестерге сенбейтінім сияқты вакцинаға да сенбеймін».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Біздің республикамыздың әрбір азаматына емдеуші, учаскелік дәрігерді таңдау құқығы берілген. Егер қандай да нақты бір дәрігерге сенбесеңіз — басқасын таңдау сіздің еркіңіз. Егер Қазақстанның барлық дәрігерлерін айыптайтын болсаңыз — интернет арқылы шетелдік дәрігерді таңдауыңызға болады. Бұл — өз қалауыңыз. Бұған ешкім де тыйым салмайды. Әрине, егер сенімсіздік пайда болса.

Медицина қызметкерлері арасында бұл атаққа лайықты емес жандар да кездеседі. Олармен мемлекет, медициналық ұйымдардың және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары күресуде. Кінәлілерді сот талқысына салуға дейін жазалаймыз. Егер мұндай шараларды қолданбай жатсақ, онда сын айтуға болар еді. Сондықтан да сенімсіздік себебін нақты айтқан дұрыс деп есептейміз».

 

«Клиникалық сынақтар әлі аяқталған жоқ»

Мөлдір Жәрменова: «Екпе жасаудың клиникалық сынақтары әлі аяқталған жоқ. Сондықтан да осы уақытта екпе салуды адамдарға сынақ ретінде қабылдаймын. Мен үшін бұл зұлматқа тең (ащылау айтылса да).

Іс жүзінде аяқталмаған клиникалық сынақтарға қаншалықты сенуге болады?»

Денсаулық сақтау министрлігі басшысы қазақстандықтарды «Pfizer»-ді күтпей, екпе жасауды қазір жүзеге асыруға шақырды.

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Ия, сынақ бүкіл әлемде соңына дейін жеткізілген жоқ, бірақ біз «соғыс уақыты» жағдайындамыз. Біз қоғамды коронавирустан қорғау үшін жедел нәтижелерге қарай бағыт ұстауымыз керек. Сондықтан да қазіргі тұста аяқталып отырған зерттеу сатысы адамдарға екпе салуға жеткілікті. Мысалы, әлемде жалпы мойындалған The Lancet медициналық журналында жарияланған «Спутник V» бойынша зерттеулер. Мақаланы қабылдап, жариялануының өзі — мойындағандық.

Сынақтың аяқталуына тағы да бірнеше жылдар керек. Сол кезде ғана кез-келген екпеге толық баға беруге болады. Алайда мұны күтетін болсақ, тұрғындарды қорғауға қажетті уақытты жоғалтатын боламыз.

Мемлекет те азаматтарға тәжірибе жасауды мақсат тұтпайды. Клиникалық сынақтарда жасалатындай, ешкім де әрбір азаматтан екпеге дейін және соңынан анализ алып жатқан жоқ. Сондықтан да біз тәжірибе үшін егілудеміз деу — ғылыми көзқарас тұрғысынан дұрыс емес. Біз екпені тәжірибе үшін алып жатқан жоқпыз. Өйткені, ешкімді де толық бағдарлама бойынша ғылыми тұрғыдан тексерген емес. Елдегі өрт оны сөндіру үшін шара қабылдауға мәжбүрлейді. Екпе осы шараға жатады».

 

«Мемлекет екпе салдары үшін жауапкершілік алмайды»

Мөлдір Жәрменова: «Мемлекет екпе салдары үшін жауапкершілік алғысы келмейді. Мен екпе зардабы болған кезде дәрігерлердің адамдардан бас тартатынын білемін. Бұл жерде ауру адам проблемамен бетпе-бет өзі қалады. Менің таныстарымның балалары АКДС, БЦЖ екпелерінен кейін жанама сырқаттарға кезікті. Енді күрделі дәрі-дәрмектер қабылдауда. Егер мен екпе алып, содан кейін сырқаттанып қалсам, нәтижесінде жауапкершілікті өзім көтеремін. Егер екпе алмай, ауырып қалсам — ол да менің жауапкершілігім».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Бір таныстарымыздың балалары зардап шекті дейсіз. Қанеки, нақты адам атын атайықшы. Сонда дұрыс болады. Егер де қала мен емхана, адамның аты-жөнін, басқа да мәліметтері нақты көрсетілсе, мен жауапкершілікті өзіме алар едім. Онда денсаулық сақтау басқармасы атынан шара қолдана аламын. Нақты жағдайда жауапкершілік алуға болады. Екпе салуға қарсылық білдірушілер әрбір ретте «біреулерге» деп сілтеме жасайды. Мен «Сіздің өз басыңызда болды ма?» деп сұраймын. «Жоқ» деген жауап берді.

БЦЖ және АКДС екпесінен кейін қандай да бір асқынулар миллион адамнан біреуінде болуы мүмкін. Кейде жүз адамнан бір адамда кездеседі деуге болады. Оларды болмайды деп ешкім де айтпайды. Сондықтан да әр ретте ақпараттандырылған келісімді сұраймыз. Сіздерге екпе туралы ақпарат, нұсқау ұсынылады. Бұл екпеге дайын болу дегенді білдіреді.

БЦЖ, АКДС екпелерінде де баланы бүгін алып келіп, он бес минутта ақпарат алмайсыз, бұған апта бұрын әзірленесіз.

Егер де жанама сырқаттар пайда болса, әрбір жағдайды талдап қарау қажет. Кім кінәлі, кінәсі неде? Егер медицина қызметкері кінәлі болса, кінәсі дәлелденеді. Оны анықтау қиын емес. Болашақта барлық жауапкершілік ұйымға түседі. Медицина қызметкері де жауапкершілік көтеретін болады.

Коронавирусқа қарсы екпе жөнінде айтайық. Мысалы, адам екпе алудан бір тәулік бұрын ауыр жұмыс істеп, денеге артық күш түсірсе, бұл — дұрыс емес. Егер бір-екі күн шамасында салдарлық сырқаттардың күшеюі орын алып, содан кейін екпе алуға келсеңіз, оны да мақұлдай алмаймыз. Ал кейбіреулер бір жаққа жолға шығатын болып, жедел екпе алғысы келсе, мұндай жайларды жасырып қалғысы келеді. Кішкентай кедергілерді жасырып қалудың өзі жиынтығында жанама құбылыстарға әкелуі мүмкін. Сондықтан да екпе алуға сауатты түрде қарау керек».

 

 

«Қайта ауырған оңайлау»

Мөлдір Жәрменова: «Қайта ауырған оңайлау. Мен бұған толық сенімдімін. Иммунитет — бұл біз емес, табиғаттың өзі ұйымдастырғандай, өте ойластырылған ерекше бір дүние. Егер табиғи процеске араласпаса, біздің организміміз көп нәрсені жеңуге қабілетті. Менің екпеге қарағанда, иммунитетке сенімім молырақ».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Бұған толығымен келісемін. Бұл табиғи иммунитет деп аталады. Қызылша шыққан кезде біреудің баласы ауырса, кейбір дәрігерлер жұқтырған баламен байланыс жасау үшін көршілердің, туыстардың балаларын әкелуге кеңес береді, сонда табиғи жолмен иммунитет пайда болады деп есептейді. Бірақ сырқатпен бұл байланыстан кейін адамның қалай ауыратындығына кепілдік бар ма?

Коронавирус, әсіресе қазіргі штамм – бұл сұмпайы үйрек секілді. Ол үш-төрт күн ішінде ауыр халге дейін жеткізуі мүмкін. Тыныс алу жеткіліксіздігі шегіне дейін жетіп, жасанды тыныс алу аппараты көмектесе алмайтын кезең туындайды. Бұл кез күнмен емес, сағатпен өлшенеді. Бірнеше сағаттың ішінде артқа бұрылып та үлгермейсіз. Оттегіні беруін береді, бірақ бұл кезде кеш болады.

Егер бұған сенбесеңіз, ауруханада емделушілерге барып көруге болады. Жекелеген жағдайларда болмаса, сырқаттанушылардың барлығы дерлік екпе алмағандар. Бүгінгі күні олар екпе жасатпағандарына өкініш білдіреді. Егер, мысалы, отбасы болып ауырса, көпшілігі жеңіл қабылдап, өкінішке қарай, біреуі жансақтау бөліміне дейін жеткізілуі мүмкін. Ал бұдан кейін қаншама проблема болатынын ойлаңыз.

Екпе жасау тегін. Бізде тұмауға қарсы екпені көптеген адамдар ақылы негізде алады. Болашақта коронавирусқа қарсы екпе де ақылы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта мемлекет ешкімді де сыртқа теппей, екпе алуға таңдау құқығын берді».

 

«Коронавирустың қауіптілігін жасанды түрде жарнамалап жіберді»

Мөлдір Жәрменова: «Мен үшін COVID-19 — бұл тұмау сияқты вирустық сырқаттардың бірі. Тұмау пайда болған бастапқы кезде де жаппай үрейленушілік пен қобалжулар орын алған. Онымен де күресу жолын игерген сияқтымыз. Кейде бір маусымда бірнеше рет ауырамыз. Тіпті тұмаудан өліп жатқандар да бар. Бірақ бұл қазір жаппай жанұшырып, барлығын жауып тастайтын сырқат емес. Мен коронавирустан әлемде көрсетіп жатқандай, БАҚ-та жариялағандай қауіптілікті көріп отырғаным жоқ».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Иә, тұп-тура жүз жыл бұрын, 1918-1919 жылдары тұмау әлемде жарты миллиард адамды қамтыды, 20 миллионнан астам адам осыдан ажал құшты. Бүгінгі күні коронавирустан адамдар бұлайша қайтыс болып жатқан жоқ. Қазіргі уақыт та басқаша, медицина айтарлықтай дамыды. Бүгінгі өлім көрсеткішінің өзі бізде жоғары саналуда. Ал коронавирус пандемиясы бұдан жүз жыл бұрын орын алса, бұдан бес есе көп адам қайтқан болар еді.

Біз тұмауды да екпе жасау арқылы жеңдік. Қазір бізде тұмау маусымдық сипат алды. Өкінішке орай, коронавирус та тұмау секілді біздің өмірімізге енді. Тіпті өзін көрсеткісі келіп, әзірге өрлеу үстінде, өзінің барлық мүмкіндіктерін алға тартуда.

Егер біз оған сауатты көзқарас орнықтырып, тоқтау салсақ, ол төмен түсіп, кәдімгі вирус секілді кездесетін болады. Сол кезде біз тәуекел тобындағылардың — медицина қызметкерлерінің, мұғалімдердің, қызмет көрсету саласы өкілдерінің екпе алуы қажеттігі жөнінде ғана айтатын боламыз. Басқаларының екпе алуға қажеттілігі болмайды. Бірақ бұл кейінгі әңгіме. Ал қазір өртті сөндіруіміз керек».

 

«Біздің құқықтарымыз бұзылуда»

Мөлдір Жәрменова: «Қазір бұл басқарудың тетігіне айналуда. Билік пандемияны алға тартып, адам құқығын толығымен бұзуда. Мұның нақ қазіргі сәтте бұрмалануы неліктен екені таңғаларлық. Таңдау құқығы – кез келген адамның бастапқы құқығы. Адамдарды екпе алуға мәжбүрлей отырып, біздің құқығымызға қастандық жасалуы мені өте ренжітеді және қапаландырады».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Екпе алу не алмауды таңдау құқығы — адамдардың өз еркінде. Бірақ Конституция негізінде жазылған Денсаулық туралы кодекс бар. Соған сәйкес мемлекет қауіп төндіретін сыртқы катаклизмдерден азаматтарды қорғауға міндетті. Коронавирус осы категорияға жатады. Бұл — өте қауіпті инфекция.

Қазіргі уақытта мемлекет бізді қорғау шараларын қабылдауда. Әлемде коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек жоқ. Бір ғана емдеу жолы — екпе алу. Ғалымдар, олардың ішінде ақтөбеліктер де бар, процесті тоқтата алатын препарат жасау жолында жұмыс істеуде. Бізде де, әлем бойынша да алғышарттар бар. Бірақ бұл — болашақтың ісі. Әзірге бары — екпе ғана. Зардап біздің бәрімізді де — тікелей болсын, жанама болсын, қамтып отыр. Бізге бір бағытта жүріп, топтасу ғана қажет.

Осындай жағдайдың өзінде де сіздің екпе алмау құқығыңыз бар. Бірақ сіз деніңіздің сау екенін растамай, қоғамдық орындарда болуға құқылы емессіз. ПТР-де осыған жатады. Сізде балама бар. Таңдау мүмкіндігі бар».

 

«Ұзақ мерзімді салдарлар туралы ешкім де білмейді»

Мөлдір Жәрменова: «Уақытша факторларға сілтеме жасай отырып, екпе алудан кейінгі салдарларды ешкім де дәлелдей алмайды. Біз тіпті болашақта әрбір жеке адамға вакцинаның құрамы қаншалықты және қалай әсер ететіндігін де білмейміз. Мұның өзі де күмәнданушылыққа жол ашатындай. «Ал бұл маған, менің ата-анама қалай ықпалын тигізеді?» деген сауал да осыдан келіп туындайды. Оған ешкім де жауап бермейді. Ешкімнен бұған кепілдік те жоқ. Бірақ бұл ретте қандай да бір қысым бары сезіледі. Ресми түрде ешкімді мәжбүрлемейді делінгенімен, адамдар жұмысын жоғалту қаупімен қоғамдық толқулардың орын алуына негіз қалауда. Бұл жолда денсаулықтарын да тәуекелге салуда».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Азаматтардың екпе алуы кезінде ұсақ-түйек жанама ауырсынулар болмаса, елеулі салдарлар орын алған жоқ. Егер Мөлдір Жәрменова тұмаумен салыстыру келтірсе,  онда тұмауға қарсы екпенің көп жылдар бойы ауыр зардаптарға соқтырмағанын байқар еді.

Біз, әрине, болашаққа кепілдік бере алмаймыз. Бірақ қазіргі уақытта шетелдерде ересек тұрғындарға ғана емес, балалар мен жүкті әйелдерге де екпе салынуда. Сақтық жасалып, екпе жүргізілуде. Мұның өзі қауіпсіздікке сенімділік қалыптастыруда. Оның үстіне сынақтарға қатысқан адамдар қазіргі уақытқа дейін бақылануда. Олардың бойынан екпенің елеулі зардаптары байқала қойған жоқ».

 

Екпе салу туралы

Мөлдір Жәрменова: «Мен екпеге дейін және кейін организмді диагностикалау жүргізілгенде ғана екпе алуға баруға дайын боламын. Елеулі зардаптар орын алған жағдайға кепілдік беріліп, мен өз проблемаммен жеке өзім қалмауым керек. Менің өзім де, ата-анам да, балам да солай болуы тиіс. Егер мемлекет осындай жағдайға қол жеткізсе, мен өзім көріп тұрған қауіпті жеңуге ұмтылып, екпе алуға барар едім».

 

Мейрамбек Құрманғазин: «Бұл — сындарлы талап. Екпе алғанға дейін қазір дәрігердің тексеруі жасалады. Әр адам басынан өткерген сырқаттар туралы анкетаны өзі толтырады. Онда  қайшылықты категориялар да қамтылады. Содан кейін ғана екпе алуға жіберу туралы шешім қабылданады.

Мысалы, менің полковник досым еш уақытта ауырған емес. Екпеге келген соң толқығаннан болуы керек, қан қысымы көтеріліп кетті. Оған екпе салуға бас тартты. Ал ол бір жаққа баруы тиіс еді, «небәрі қан қысымы ғой» деп сылтау айтқанымен, дәрігерлер рұқсат бермеді. Медицина қызметкерлері тарапынан осындай сақтық шаралары алынады.

Кепілдендірілген қызмет аясында қан анализі жасалып, рентгеннен өтуге де болады. Бірақ бұлар дені сау адамға неге қажет? Диспансерлік есепте тұратын адамдар бар, олар қазіргі кезде екпе ала ала ма, әлде жоқ па, оны нақтылауға құқылы. Тек қажетті тексеруден өту керек.

Егер сіз толық тексеруден өткіңіз келсе, онда эксперименталдық топқа баруға болады. Онда барлық осы тексерулер  (дейін және кейін) жүргізіледі. Мұның үстіне адамдарға қатысқаны үшін төлем де жасалады. Тұрақты тексеру жүргізу үшін шыдамдылық та қажет. Бұл ғылыми ұстаным болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button