Құқық

Мас күйінде көлікке отырғанның жазасы

Жыл басынан бері облыста мас жүргізушілердің кесірінен 7 жол көлік оқиғасы болып, 2 адам қаза тапқан.

Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету —  бұл жол-көлік оқиғаларының туындау себептерінің алдын алуға және олардың зардаптарының ауырлығын төмендетуге бағытталған қызмет. Жол қозғалысының барлық қатысушылары оларды қатаң орындауы керек.

Елімізде мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты қолданылатын жазаның түрі қатайды. Бүгінгі күні көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал адам денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе абайсызда адам қайтыс болған жағдайда ең жоғары жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Алайда жазаның күшейтілген шараларына қарамастан, жол көлік оқиғалары болып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша 85 жүргізуші жауапқа тартылған.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі патрульдік полиция нарядтары күн сайын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатқандығын айтады. Сонымен қатар облыстың автожолдарындағы апаттардың алдын алу мақсатында департамент ай сайын «Қауіпсіз жол», «Автобус» және «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші» профилактикалық іс-шараларын жүргізеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button