Құқық

Қалта ұрлығы қайтсе азаяды?

Жарты жыл ішінде облыс аумағында қалта ұрлығының 210 фактісі тіркелген.

Қалта ұрлығы — оңай табысқа кенелудің бірден-бір тәсілі. Ұрыларға әсіресе қоғамдық көлік ыңғайлы. Полицейлер де қалта ұрыларының көбінесе автобустарда жүретінін айтады. Бүгінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ұрлықтың алдын алу үшін қоғамдық көлік жолаушыларымен профилактикалық әңгімелер жүргізіп жатыр.

— Әдетте, аялдамаларда және жиі жүретін автобустарда таңертең және кешке жолаушылардың саны көбейген уақытта қалта ұрылары іске кіріседі. Олардың құрбандары, негізінен, жақсы киінген немесе бағалы заттары бар адамдар. Азаматтар ақшасы мен ұялы телефондарын жиі ұрлатып алып жатады. Жуырда қаладағы №15 автобус салонында белгісіз біреу жергілікті тұрғынның сөмкесінен «Самсунг А10» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен. Аталған факті бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондықтан облыстық полиция департаменті тұрғындарға сақ болу керектігін ескертеді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, өз мүлкіңізді сақтау үшін барлық қажетті шараларды қолданыңыздар, — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметкері Ғазиза Кәрібай.

Есіңізде болсын, қылмысты ашудың сәтті болуы — полиция органдарына уақтылы жүгіну, сондай-ақ қылмыскердің сыртқы келбетін дәл және толық сипаттап беру.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button