Тарих

Астық дайындаудағы төтенше шаралар және оның қасіретті салдары

Қуғын-сүргін

Кеңестік билік кезеңінде саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өмірде жүргізілген саясаттың қайшылықтарға толы болғандығы белгілі. Ең сорақысы, әкімшіл-әміршіл жүйенің жүйесіз жүргізген саясатының салдарынан жеке адамдардың, тұтас бір әулеттің, тіпті ұлттың тағдырына орасан зор қайғы-қасірет төнген еді. Жаппай жазықсыз қудалау, қуғын-сүргінге ұшырату, ату етек алды. Қаралы таңба ұрпақтарына да өз әсерін тигізді.

Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі үкіметтік деңгейде күн тәртібіне қойылып, біршама іс-шаралар жүргізілді және жүргізіліп келеді. Дегенмен осы мәселені ақырына жеткізу қажеттілігі туындағаны рас.

2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Жарлық негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қорытындылар дайындау, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу бойынша облыс орталықтарында жұмыс топтары құрылып, 11 бағыт бойынша өз жұмыстарын бастаған еді.

Жан-жақты зерттеліп, қолға алынуының себеп-салдарын, соған байланысты қалыптасқан қайшылықтарын,  жүргізілген қуғындау, жазалау шараларының барысын, нәтижесін күткен мәселелердің бірі — 1928-1930 жылдары аса қатыгездікпен қолға алынған  астық дайындау науқаны болып табылады.

1928 жылдың басы астық дайындауда дағдарыстың орын алуы және соған байланысты төтенше шаралардың қолға алынуымен ерекшеленді. Оның себептерінің қатарында Одақта өткен жылға, яғни 1927 жылға қарағанда астықтың кем жиналуы, индустрияландыру саясатының қолға алынуы, өндіріс орындарының, қала халқының өсуі, өндіріс құрал-жабдықтарын сатып алу үшін шетке астық шығару қажеттілігі, сатып алудағы мемлекет бағасы мен нарық бағасы арасындағы қайшылық, соған байланысты астық бағасының төмен болуынан шаруалардың сатуға астық шығарудан бас тартуы, т.б. жатты. Міне, осындай жағдайларды ескере отырып, үкімет шаруалардан астықты күштеп алу әрекетіне жол берді.

Бұл жұмыс, негізінен, егін салатын басқа ұлт өкілдері басым орналасқан деревня, селоларда жүргізілгені белгілі. Сонымен қатар бұл науқан өмір-тіршілігі малға таңылулы қазақтарды да тысқары қалдырмады.

Жалпы, астық дайындауда төтенше шараларға жол ашқан партияның 3 құжатын айтып өтуге болады. Оның екеуі 1927 жылдың өзінде таратылды. Осы жылдың 14, кейін 24 желтоқсанында БКП(б) тарапынан жер-жерге астық дайындауды, деревняға салынатын барлық төлемдерді (ауыл шаруашылығы салығы, мемлекеттік сақтандыру, ссуда және т.б.) күшейту, шаруалар төлемдерін өтеудің қатаң шегін (1928 ж.,1 наурыз) қою жайында көрсетілген директивалар жіберіледі (Трагедия советской деревни. Коллективизация и раскулачивание. Документы и материалы. Том 1 май 1927 — ноябрь 1929. Москва РОССПЭН 1999. С.108,113.).

Үшінші құжат: 1928 жылы 5 қаңтарда И.В.Сталин басқарған  комиссия дайындаған БКП(б) ОК директивасында астық дайындауды жолға қоюға бір апталық мерзім берілетіндігі жайында қатаң талап қойылады. Сондай-ақ «деревнядан қаржы қорын алу шарасын жедел жүргізу, салық, сақтандыру, тұқымдық ссуда бойынша шаруалардың қазынаға құяр төлемінің жеделдетілген мерзімін белгілеу, кредиттік жүйедегі ссуданы қайтару міндеткерлігін кейінге қалдыруды болдырмау», барлық төлемдерді мерзімінен бұрын жабу, тез арада қосымша жергілікті төлем көздерін белгілеу, т.б.мәселелер жүктеледі (Директива ЦК ВКП(б) местным парторганизациям о хлебозаготовках. 6 января 1928 г./Известия ЦК КПСС. 1991. №5. С. 194.). Осындай шаралар шаруаларды бағасының өсуін күтпестен мемлекетке астық сатуға мәжбүрлейтін болды.

1928 жылдың 18 қаңтарында Новосибирск қаласында астық дайындаушылар және басқа да ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен БКП(б) Сібір өлкелік комитеті бюросының мәжілісінде И.В.Сталин сөз сөйлейді. Өзінің ұсынуымен қабылданған қаулы бойынша округтік және аудандық партия комитеттеріне «кідірген ауыл шаруашылығы салығын жедел жинау, салықты уақытында өтемеген кулактарға міндетті түрде  қатаң шара қолдану (тұтқындау, сотқа тарту, т.б.» тапсырылады (Протокол №53/6 заседания бюро Сибкрайкома ВКП(б) совместно с тов. Сталиным и представителями заготовительных и других организаций. 18 января 1928 г.//Известия ЦК КПСС. 1991. № 5. С. 197-198).

И.В.Сталиннің кулактарды «астығын сатуға шығармағаны» үшін сотқа беру жөніндегі ұсынысын қолдамағандар да кездесті. Сібір өлкелік ауыл шаруашылығы банкі басқармасының төрағасы С.И.Загуменный И.В.Сталиннің осы ұстанымының үлкен қате екендігін, осы уақытқа шейін жер аударылғандардың әдетте артында тұрған миллиондаған орта шаруалар жоқ астықпен алыпсатарлық жасайтын қала тұрғындары болғандығын, қанау мәні сауда-саттықта емес, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге ыңғайланған кулактарға ол заңның келмейтіндігін ескерте келіп, былай деп көрсетеді: «Сондықтан бізде заң болса да, ол жаңа экономикалық саясаттың мазмұнына сәйкес келмейтін заң ретінде шаруалардың негізгі бөлігіне түсініксіз болады. Мүмкін мен қателесетін шығармын, бірақ мен орта шаруалар мен кедейлердің негізгі бөлігі кулактарды тек астық сатпағаны үшін ғана сотқа тартуды соғыс коммунизмі уақытына, азық-түлік салымы кезеңіне қайтару ретінде қарастыратынына сенімдімін… Астықты «шығармағаны» үшін кулакты айыптау орташаларды ерте ме, кеш пе, астықтың белгілі бір бөлігінің иесі ретінде кезек оларға да жетеді деген сенімге әкеледі. … Менің ойымша, біз тым қатты бұрылыс жасаудамыз» (С.И.Загуменный — И.В.Сталину и С.И.Сырцову. 19 января 1928 г.//Известия ЦК КПСС. 1991. №5. С. 199-201).

Астық дайындаудағы күштеуге БКП(б) Саяси Бюросының мүшелері Н.И.Бухарин, А.И.Рыков, М.П.Томский, КСРО Қаржы ХК орынбасары М.И.Фрумкин және т.б. қарсы болды. Мысалы, Н.И.Бухарин кулактарға қарсы шабуыл әкімшіл-әміршіл жазалау бағытында емес, экономикалық шаралар негізінде жүргізілуі тиіс екенін айтады.  М.И.Фрумкин БКП(б) ОК Саяси Бюросына жазған хатында (15 маусым 1928 ж.) партияның деревнядағы саясатының дұрыстығына күмән келтіреді. Ол былай көрсетеді: «…біздің экономикалық жағдайымыздың нашарлауы XV съезден кейін ауылға қатысты жаңа саяси ұстаным арқасында күшейе түсті, нәтижесінде кедейлердің аз бөлігін қоспағанда, бүкіл ауыл Кеңес өкіметіне қарсы көңіл күйде» (Трагедия советской деревни.Том 1.1999. Стр. 291.).

Сол кездегі ауыл жағдайы көптеген құжаттармен, соның ішінде ресми құжаттармен сипатталады. Мәселен, БОАК хатшысы А.С.Киселевтің БОАК Президиумының БКП(б) фракциясының отырысында жасаған баяндамасында деревнядағы жағдайды былай көрсетеді:  «мұндай мәжбүрлеу және әкімшілік қысым шаралары шаруалардың көңіл күйін мүлдем бұзды». «…Соңғы уақыттары ауылдардағы антисоветтік көңіл күй шаруалардың астықтарын алуға байланысты күшейе түсті. Егер олар тек кулактардан алса, онда бұл ештеңе болма қоймас еді, бірақ астық орта шаруалар мен кедейлерден де алынды… «Осыған байланысты көңіл күй жаман ауылда егін егуді қысқартуға деген ұмтылыс пайда болды («өзің үшін сеп»)». «Шаруалар шынымен әскери коммунизмге келдік пе дейді… Шаруашылықты одан әрі дамыту үшін берік база болатынына нақты сенім жоқ… Біз шаруа қожалығын жүргізуге мүмкіндік бермейтін асыра сілтеулер бар деп санаймыз» (Ивницкий Н.И. Голод 1932-1933 годов в СССР: Украина, Казахстан, Северный Кавказ, Поволжье, Центрально-Черноземная область, Западная Сибирь, Урал.-М.:Собрание, 2009.-с.37).

И.В.Сталиннің астық дайындауда өз пікірі болды. Сол себепті де қалыптасар қайшылықтарға көңіл аудармады. Ол осы мәселе бойынша: «Біз сырттан астық ала  алмаймыз, өйткені валюта аз. Біз валютамыз болса да астық әкелмес едік, өйткені сырттан астық әкелу біздің шетелдегі несиемізді бұзады және біздің халықаралық жағдайымызды қиындата түседі. Сондықтан не болса да сырттан астық алмаймыз. Ал оны реттеу астық дайындауды күшейтпей  мүмкін емес» — деп түйіндейді (Ивницкий Н.И. 2009.-с.28).

1928 жылдың 11 қаңтарында ҚазАКСР ӘХК тарапынан жан-жаққа құпия түрде циркулярлы хат жіберіледі. Онда астық дайындаудың ел үшін маңыздылығы айтыла келіп, губерниялық прокурорларға, губерниялық сот төрағаларына осы шараның орындалуын қатаң қадағалау, осы әрекетте басшылыққа алынуы тиіс 11 директивалық тапсырма беріледі (Трагедия казахского аула.1928.1934:Сборник документов/Сост.А.С.Зулкашева (ответств.), А.Т.Исахан, Г.М.Каратаева. Алматы: Раритет, 2013, С.94-97).

1928 жылы 15 қаңтарда И.В.Сталиннің Сібірге сапары қарсаңына ОК ҚазАКСР өлкелік партия комитетіне астық дайындауды күшейту жөнінде тапсырма береді. 20 қаңтарда Семей және Ақмола губернияларында астық бағасының бұзылуы жөнінде хабарлама жібереді. Бұл жағдайды ол «ақылға сыйымсыз әрекет» деп көрсетеді.

1928 жылдың 22 қаңтарында Ақтөбе губерниясының барлық прокурор көмекшілеріне құпия циркуляр жіберіледі. Онда: «БКП(б), өлкелік комитет және КСРО ХКК директиваларына сәйкес Қазақстанның барлық партия және кеңестік ұйымдар алдында үстіміздегі жылы Одақтың жалпы шаруашылық жоспарында аса саяси маңызы бар астық дайындау науқанын өткізуде жауапты міндет тұр. Сондықтан жалпы Қазақстандағы, оның ішінде біздің губерниядағы анықтау органдарының барлық прокурорлық сот-тергеу аппараты жоғарыда көрсетілген науқанға қатысуға тас-түйін дайын болып саналады» деп көрсетіледі (АО ММ.3қ.3 т.18 іс.73 п.).

ҚазАКСР Сауда ХК 1928 жылға бекіткен жоспары 1,5 млн болды. 1 сәуірге дайындалғаны 740 000. Сәуірде — 27 709, мамырда — 12 141,барлығы 79 850. Мамырға жоспарланғаны 268 000 пұт болған еді. Оның бар болғаны 4,5%-ы ғана орындалды.

Сәуір, мамыр айларындағы астық дайындаудың нашар жүруінің басты себебі, губернияда осы іспен айналысатындардың, тіпті партия аппараты қызметкерлерінің де артық астық жоқ деген көңіл күйде болғандығынан еді. Жауапты қызметкерлер  енді «қандай да болмасын оң нәтижеге үміттенуге болмайды» деп мәлімдейді (Трагедия казахского аула.2013,С.220).

Жергілікті жерлерде   астық дайындау  туралы анықтамада қолданылған әдіс-тәсілдер қатарында Қылмыстық кодекстің 58 және 107-баптарын қолдану, қораларды аралау және тінту, жер телімдері мен сайлау құқықтарынан айыру, тұтқындау және көшіру, шаруаларды ұрып-соғу және т.б. көрсетілді (Ивницкий Н.И. 2009.-с.29-30).

Жекелеген  қожалық топтары астық өнімдерін беруден бас тартқан жағдайда «РСФСР ҚК-нің 61-бабының 3-бөлігіне қатысты билікке қарсылық білдіргені үшін қылмыстық қудалауға тартылатын болды.

Тек МСББ (ОГПУ) өзі 1929 жылы 100 мыңға жуық адамды тұтқындады. Осы кездері Қазақстанда астық дайындауға байланысты 34 мың адам сотталды (Казахстанская правда.1989.14 январь). «Байлар мен кулактардан 631 мың пұт астық, яғни астық дайындау жоспарының бір пайызынан азы алынды. Астық дайындаудың негізгі ауыртпашылығы орта шаруалар мен кедейлер мойнына түсті, тіпті қазақ көшпенді шаруашылықтарына да салық салынды. Олар малдарын сатуға және Батыс Сібірге, Қытай мен Моңғолияға көшуге мәжбүр болды.

Қазақ кедейлерінің астық тапсырудан көрген зорлық-зомбылық барысын олардың жоғары жаққа жазған мына хатынан (1930 ж., 20 қаңтар) көруге болады (аудармай, өзгертпей, қысқаша, жазылған тілде ұсынып отырмыз.): «Дорогой Михаил Иванович! В связи с хлебозаготовкой у нас в Казахстане (мы думаем,что) наши уполномоченные стали делать искривления директив партии и правительства. Если сперва требовали вывоза излишка и то не считаясь с урожаем, то сейчась без всякого размера и нормы предлагают вывозить, то, что налагают не считаясь засеянным количеством десятин,за невывоз угрожают ссылкой и угрозой. Наложенное количество на баев, которые за невывоз арестованы и отправлены, их долю накладывают на нас. Мы распродали всю скотину, начали распродовать домашние вещи для покупки хлеба и сдачи т.к. у самых хлеб не уродился-покупаем на стороне и сдаем, а сейчас негде найти.

… Описать все,…не возможно, приведем несколько примеров: Исхаков Мухан, №33 аула Илекского р-на Актюбинского округа имел 1 лощадь и 1 корову, брат которого находясь в батраках засеял 30 саженей, на него наложили сперва 24 пуда, потом еще 40 пудов, всего 64 пуда, который 2 головы продал и сдал, но не весь…

… О весеннем посеве говорить нечего, такое дело происходить ни в одном нашем ауле, а во всем Актюбинском округе…».

1928 жылы ақпан айының аяқ жағында астық дайындау біршама төмендейді. Оның себебі ауа райының қолайсыздығынан (боран) деп көрсетіледі. Кулактар, ауқаттылар астықтарын сатуға шығармауды жалғастыра береді. Олар көктемге дейін ұстауды, сол кезде 3 сомнан сатуды ойластырады. «Пұтына 3 сомнан алмайынша, астық тапсырмаймыз», «Бұл жылы ештеңе себудің қажеті жоқ, бәрібір тартып алады» деген пікірлер айтады («Совершенно секретно»: Лубянка Сталину о положении в стране (1922-1934 гг.).т.6.1928 г. Москва, 2004). Осындай пікірлер Ақтөбе округіне қарайтын Ақбұлақ, Мартук, Темір, Қобда,т.б. аудандарына қарасты деревня,селоларындағы ауқаттылар тарапынан айтылады. Өз сөздерінде «қанаушылар», «тонаушылар», «біздің үстімізден күн көрушілер», «екінші басыбайлылық құқығын құрушылар», т.б. сияқты ойларын жеткізеді. Осындай пікірлер орташалардың, кей жағдайда кедейлер ауыздарынан естіліп жатты.

Егін шықпауға байланысты нан тапшылығы байқалды. Әсіресе, бұл жағдай кедей отбасыларына ауыр тиді. Нан, мысалы, Ақбұлақ поселкесінде адам басына жарты фунттан кәртішкемен берілген.  Мартук поселкесінде 100 адам (көбі әйелдер), Ақбұлақ поселкесінде 50 адам, Темір қаласында 40 адам (әйелдер) үкімет кеңселері алдына жиналып, нан берулерін талап етті. Көптеген адамдар: «Бұл Кеңес үкіметі жаманшылығы жағынан Николай кезінен де асып түсті, қазір 1921 жылға қарағанның өзінде нашар өмір сүрудеміз», — деп айқайлайды. Мұндай әрекеттер Қазақстанның басқа жерлерінде де орын алды. Үкімет халық наразылықтарын «кулактар арандатқан контреволюциялық бас көтерулер» деп көрсетеді («Совершенно секретно». Москва, 2004).

1929 жылдың қараша-желтоқсан айында Қазақстанда 7 бас көтеру болды, оның 1-еуі діни, 1-еуі кулактар арандатуынан, 5-еуі астық дайындауға байланысты.

Әрине, ауқаттылардың (кулактар) өз астығын мемлекеттік бағамен сатуға шығармауы, соған байланысты қарсылықтары, астық бермеуге қатысты үгіт-насихаттары, т.б. әрекеттері түсінікті де еді. Нарықтық қатынас заңдылығын күшпен бұзу билікпен арадағы қарым-қатынастың бұзылуына, қақтығыстарға әкеп соқтырды. Заңсыз жазаға тарту, қудалау, тұтқындау, соттау процестері Ақтөбе өңірінде де  үлкен қарқынмен жүргізілді:

  1. Астық дайындаудың 1927/1928 жылдың 1-жартыжылдығында 1928 жылдың 15 ақпаны қарсаңында астық дайындау науқаны бойынша 449 іс қозғалып, оның 392-сі қаралады. Соған байланысты 95 кулак,18 саудагер, 53 кулак спекулянт, 24 алыпсатар тұтқындалады (АО ММ.3қ.3 т.18 іс.316 п.).

МСБ (ГПУ) тарапынан 69 жан тұтқындалады. Олардың 55-і алыпсатар, спекулянт, саудагер болады. 51-і сотқа беріледі.

  1. Астық дайындаудың 1928/1929 жылдың 1-жартыжылдығында немесе 1928 жылдың 1 қазаны-1929 жылдың 1 сәуірі аралығында астық дайындау науқанына байланысты 20 мамырға дейін халық соты 61-бап бойынша 137 іс қарайды. Сотқа тартылғандардың әлеуметтік құрамы төмендегідей болған: 1) кулактар — 94 жан, ауқаттылар — 37 жан (4-і еркінен тыс жұмысқа тартылған), орташалар — 6 жан.

Окрсоттың қылмыстық бөліміне 58-10 бап негізінде астық дайындау және өз-өзіне салық салу бойынша 13 іс түседі. Оның 5-еуі нақты қаралады, 7-еуі қысқартылады,1-еуі қайта тергеуге жіберіледі, 14 жан түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылады (АО ММ.193 қ.1 т.,97 іс.114п.).

  1. Астық дайындаудың 1928/1929 жылдың 2-жартыжылдығында немесе 1928 жылдың 1 сәуірі-1929 жылдың 1 қазаны аралығында астық дайындау науқанына байланысты есепті жылы 699 іс қаралып, 780 жан сотталады. Олардың ішінде 374 кулак, 234 ауқатты, 172 орташа болды (АО ММ.193 қ.1 т.,97 іс.28п.).

Окрсоттың бақылау жұмысы негізінде астық дайындау науқанына қатысты 697 іс тексеріліп, оны 197-ні 71-іне жазаны көтеру, 126-сына жазаны төмендету, өзгерту  бағытында қаралады. Ал қалған 500-і түрлі нұсқауларға байланысты қайтарылды.

Окрсоттың ҚКК бойынша 324 іс қаралады. Оның 151-і бекітіледі, бабы өзгертіліп 50 істің жазасы төмендетіледі, жазасының жеңілдігіне байланысты 55 істің үкімі, орташалар мен кедейлердің 15 ісі, заңның дұрыс қолданбауына байланысты 30 іс, қылмыстық құрамының тым жеңілдігіне орай 6 іс, 4 адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылады.

Прокуратура тарапынан 1082 іс қаралады.

4.1929/1930 жылдың 1-жартыжылдығында окрсот бақылау есебінде 1219 іс тексереді. 24 іске қарсылық білдіреді, 1111 іске кемшіліктерін көрсете отырып, қаулы шығарады, 51 іс өзгеріссіз қайтарылады.

Есепті жылы халық соттары тарапынан 2397 іс қаралады. Аяқталған іс бойынша 3802 адам сотталып, 484 жан ақталады. 95 көрнекті процесс жүргізіліп, 242 жан түрмеге отырғызылып, 10 адам ақталады.

ҚКК 1.10.29-1.04.30 жыл аралығында 1486 іс түседі.

Халық соттарына 1 қазан 1929 жылы қалған 2804, жаңа 2527 іс тіркеледі. Оның 2797-сі қаралып, 2534-і кейінге қалдырылады.

Жалпы, тек қана 1929 жылдың сәуір-1930 жылдың қаңтар айларының аралығында дәл емес мәліметтер бойынша Ақтөбе округтік соты және РКФСР Жоғары Соты қазақ бөлімінің Қылмыстық Кассациялық Коллегиясы қараған істерден РКФСР ҚК 58-10 бабы негізінде жауапқа тартылғандар ішінен  ату жазасына кесілген, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғандар саны 85 адам болып табылады. Олардың 21-і кезінде ақталған, ал қалғандарын жан-жақты зерттеу, іс-әрекеттеріне талдау беру, бағалау керектігі түсінікті. Бір айта кетер жай, бұл мәліметтерге халық соттарынан өткен іс сандары кіргізілмеген.

Астық дайындау мәселесіне байланысты 1930 жылдың наурыз айында Ақтөбе округтік сот пленумында 704 іс қаралады.Қаралған істердің 418-і бір ғана 61-баптың 1,2,3- тармақтарына байланысты болды. Негізі кулак, байлардан тұратын 208 жан сотталады, түрлі мерзімге қоныс аударылады. Олардың ішінде 99-ы қазақ байлары болды. Негізсіз айыптауға тартылып кеткен 332 орташа мен 54 кедейлердің жазалары жеңілдетіледі немесе мүлдем босатылады.

Әрине, бұл көрсеткіштер ақырғы нәтижелер болып саналмайды. Әзірше табылған мәліметтердің өзі сотталған кулак, байлар, орташалар санының мыңнан асып отырғанын айғақтайды. Сондай-ақ осы астық дайындау науқанына байланысты 107-баппен жазаға тартылғандар мәселесі де зерттеліп жатыр. Ал астығын бермегендерді жасыру, салық төлеуден жалтару, т.б. сияқты баптармен (109, 111, 60, т.б.) сотталғандарды да естен шығаруға болмайды.Сондай-ақ ҰҚК,ІІД мұрағаттарындағы саралау жұмыстары және бар. Міне, осы мәселелердің шешімі табылуы тиіс екендігі айтпаса да түсінікті. Алда аса маңызды да жауапты жұмыстар күтіп тұрғаны айқын.

                                                    Ұзақбай Исмағұлов,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеттің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы. 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button