Мереке

Құрметті ақтөбеліктер және қала қонақтары!

Сіздерді күллі мұсылман жұртының қасиетті мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт — бірлік пен игіліктің, кешірім мен мейірбандықтың мерекесі. Әлемдік деңгейде орын алған қатерлі індетке байланысты биылғы жылы да бұл мерекені өзгеше форматта өткізгелі отырмыз. Бірінші кезекте азаматтардың денсаулығы болғандықтан біз мәжбүрлі түрде осындай шараларды өткізбекпіз. Әрине, бұл енгізілген шектеулер уақытша. Алдағы уақытта барлығы өз қалпына келеді деген үміттеміз.

Қазір Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының тарапынан арнайы test.qurban2021.muftyat.kz сайты ашылып, құрбан шалуға онлайн форматта өтініштер қабылдануда.

Өңіріміздегі күшейтілген шараларды қатаң сақтап, қойылған шектеулерге түсіністікпен қарап, індетті бірге жеңуге атсалысып жатқан барша мұсылман қауымына алғысымды білдіремін.

Қадірлі ағайын!

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке — Құрбан айт мүбәрак болсын!

Бұл күні қылған ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болып, шаңырақтарыңыз құт-берекеге, ырыс-ынтымаққа толсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button