Тұлға

… Артық туған Мөңке бидің тұқымы

«Алпысқа келдіңіздер…

Алпысқа келсек екен енді біздер…».

Бұл — ақиық ақын Мұқағалидың қырықтың о жақ, бұ жағында жазған жыры.

Белгілі журналист Бердібай Кемал да ақын айтқан алпыстың асуына қол созым қалғанда, жалған дүниемен қош айтысты.

Оның таланты көзі тірісінде-ақ бағаланды. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев «Уа, Бердібай, артық туған Мөңке бидің тұқымы» деп турасынан тартқан кезінде.

Бүгінгі сөз — қимас қаламдас туралы…  

 

Өзгеше өмірбаян

Биылғы баспасөз күні қарсаңында «Ақтөбе Медиа» компаниясы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Бердібай Кемал атындағы арнаулы сыйлық тағайындаған болатын. Бұл сыйлықты облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Ақерке Сатыбалды иеленді.

Қазақстан Журналистер одағының облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сыйлықты тапсырып тұрып, ілгері буын сапына өткен әріптестің рухына тағзым етті.

Мерекелік шараға қатысып, осындай жүрек тебірентер сәттің куәсі болған журналистің зайыбы Мейрамгүл Меңдіғаринова газет ұжымына өз алғысын білдірді. Өмірден өткеніне әлі де жыл тола қоймаған азаматының аяулы есімі ескеріліп жатқанына байланысты ішкі тоқынысын да жасыра алмады.

Иә, өмір заңы өз дегенін жасайды. Қазақ та «Біреуге ерте, біреуге кеш» деп жатады…

1962 жылы 7 сәуірде Шалқар ауданындағы Қайыр селосында дүниеге келген Бердібай  1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінде бастады. Аудандық басылымның оты-суына күйіп жүріп, редакторлық тізгінді ұстағанға дейінгі жолдан өтті. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік етті.

Одан кейін облыс орталығына қоныс аударып, облыстық «Ақтөбе» газетінде, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарды. Ақтөбе қалалық әкімдігінде жауапты қызметте болды.

Ең бастысы, ол қай жерде жүрсе де, қолынан қаламын тастаған жоқ. Қарымды журналист ретінде бағаланды, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты.

Спорттық шаралардың бел ортасынан табылатын. Ол құрамында ойнаған футболшылардың жалауы ылғи да жоғары көтеріліп тұратын. Жас кезінде жақсы боксшы болғанын, әсіресе университетте бірге оқыған жолдастары әлі күнге дейін жыр ғып айтады.

Осыдан үш жылдай уақыт бұрын  Ақтөбе қаласы бойынша 1500 метрге жүгіруден 45 жастан жоғары жастағылар арасында 3-орын алғаны бар.

Таза журналистігінен бөтен сатирадағы сын садағы үнемі қайраулы тұратын. «Келіспеген кесте» атты кітабы әдеби қауымның жоғары бағасына ие болды.

Басқа да қыр-сыры мол оның өзгеше өмірбаяны туралы алда да көбірек жазылар.

 

Бердібайдың кейіпкерлері

Осыдан он жылдай бұрын Америка Құрама Штаттарының азаматы, АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Нью-Хэмпшир штатында тұратын зейнеткер Николай Урусовпен сұхбат жасағаны есімізде. Ол Ақтөбеге осындағы Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті, психология докторы, профессор Темірхан Бердімұратовтың шақыруымен студенттерге дәріс беруге келген екен.

«Мен Ресейде князь болған Урусовтардың ұрпағымын. Біздің арғы тегіміз — Едіге. Мен өзімнің Едігенің ұрпағы екенімді білемін. Бірақ Едігеден князь Урусовтарға дейінгі ұрпақтар тармағын білмеймін. Сондықтан мұнда мен үшін қызықты деректер табылуда. Владимир Легавич «Қызылдар мен ақтар» деген кітап жазды. Сол кітапта Едіге туралы, оның ұрпақтары туралы айтылды. Мен алдағы уақытта Едіге мен Урусовтар арасын зерттеп, бір жүйеге келтірсем бе деген ойдамын», — деп ішкі сырын айтады Бердібайдың мұхит асып келген кейіпкері.

Бұрынырақта жазылған бір мақаласы «ХІХ ғасырда түсірілген сурет» деп аталған екен. Атақты Есет Көтібарұлының келіні, заманында ақындығымен, даналығымен, билігімен аты шыққан Таразы Қаленқызының өзгеше өмірбаяны айтылатын бұл жазбалар Бердібайдың ізденгіштігін көрсететін бір дәлел деуге болар.

…Ата-еке, құтты болсын тіккен Ордаң,

Әйелге бұйрық емес, келдім зордан.

Әйелдің әулиесі — ата-енесі,

Жаяулап зиярат еттім жарты жолдан, — деген сияқты тағылымы мол жыры артында қалған ақын апаның суретін кезінде патша өкіметінің адамдары түсірген екен. Сол фото қалай болғанда да сақталып қалыпты. Ал оның сақталу ретін, басқа да жайларды жұртшылық журналистің жазған мақаласы арқылы білді.

Оның тағы бір кейіпкері — Людмила Байқадамова.  Ол Алға қаласындағы С.Киров атындағы химия зауытының Мәдениет үйінде орыс халық театры қырық жыл бойы орыс тілінде қойылымдар қойып, аты дүркіреп тұрғанда: «Қашанға дейін орыстардың өнеріне қол соғып жүре бермекпіз? Өз театрымызды ашпаймыз ба?» деп халық арасына үндеу салып, алғашқы қазақ тіліндегі халықтық театрдың негізін қалаушы ретінде аты тарихта қалған адам.

Бір қызығы, сырт көрген адам оны бірден орыс деп ойлайды. Қиыр Шығыстағы Амур облысында дүниеге келген оның анасы — украин қызы.

Кейінірек Бердібайдың өзі былай деп жазады: «1987 жылдың қыс айы. Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінде тілші болып еңбек жолымды бастаған кезім. Редакцияға бір орыс апай келді. Бұрқылдап сөйлей келді: «Жап-жас жігітсіңдер! «Жалғыз ағаш орман болмайды», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген қазағымның мақалы бар емес пе? Менің жүрісім мынау, қазақтың балаларына жалынып. Неге өзара орысша сөйлесесіңдер! Неге қазақтың халық театрына келіп жазылмайсыңдар! Ау, қазақ тілі мен мәдениетін, өнерін біз өзіміз көтермегенде кім көтереді? Намыс бар ма өздеріңде?!

Бір кезде маған назар аударып: «Сен бе, Бердібай деген жаңадан келген журналист? Мәдениет үйіне келесің, ештеңені білмеймін», — деді. Жақсы деуден басқа менде шегінерге жол жоқ».

Шынын айтқанда, Бердібайдың көтеретін тақырыбы да, кейіпкерлері де сан түрлі болатын.

Дегенмен, бәрін айт та бірін айт, оның мәңгілік кейіпкері — ұлы бабасы Мөңке би еді. Дала кемеңгері атанған сол бір аяулы тұлғаға өмірден өткенінше қаламымен адал қызмет етті…

 

Ерте жазылған естеліктер

Өткен жылдың тамыз айының алғашқы аптасында Бердібай өмірден өтті. Елу сегіздің үстіне енді ғана іліккен еді. Қатерлі сырқаттың қармағына іліккенін білсе де, сыр бермеді, еңсесін түсірмеді. Бұл — оның өзінің бойына біткен қайтпас қайсарлығы, екінің бірінің бойында кездесе бермейтін ерен ерлігі болатын…

Енді естеліктер жазыла бастады ол туралы. Амалсыз көз жүгіртеміз. Өйткені Бердеш жанымызда жүрген сияқты. Азаматты ана дүниеге әлі қимаймыз.

Қайырғали Есенаманов деген жігіт ағасы жазыпты: «Бердібаймен бір ауылда өстік. Бір мектепте оқыдық. Бірге асыр салып ойнадық. Мектептегі кезінен қатарының алды болды.

Журналистика саласында маңдай терін төкті. Бірнеше кітаптың авторы әрі мықты, орақ тілді сатирик еді..» деп.

Мектептегі мұғалімі болған, бүгінде үлкен ғалым Жұма-Назар Асан шәкіртінің сол замандағы партия талабына сай өзі қатарлы түлектермен бірге жас шопандар бригадасына бармай, соның салдарынан бағасы «төмендегенін», сонда да алған бетінен қайтпаған қайсарлығын айтыпты.

Ақтөбе телеарнасының директоры Мирас Мұқаш: «Бұл кісі менің де бір әкем еді. Бес жыл бойы әкем Құлтөлеу екеуі Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бірге оқып, осы уақытқа дейін байланыстары үзілмеген дос болды. Ақтөбеге келгенімде ерекше қуанып, шын тілеулестігін білдірді» деп тебіреніпті.

Алматыда бес жыл бірге оқыған студенттік құрбысы Мақпал Орынбет «Жастық шақтың жақсы күндерін бөліскен курстас досымыз Бердібай келместің кемесіне мініпті. Мына індет оның ажалын тездеткен сыңайлы.

Бердібай ақкөңіл еді… досқа адал еді…» деп қимастық сезімін білдіреді.

Суретші Жәрдемғали Жасжанов: «Бердібай «жас кезімнен құран бағыштауды бір түс көргендей жаттап алдым» деп жүретін», — деп, оның тағы бір қырын ашады.

Биылғы сәуірде інісі, талантты актер Елтай бауырымыз: «Бүгін — Бердібай ағамның туған күні. Көптеген ағайын, дос-жаран еске алуда. Ықылас, ниет білдіріп жатқан сіздерге мың алғыс» деп тәубешілік жасайды.

…Мөңке әулиенің ұрпағы ғой, жүрегі алдынан күтіп тұрған алыс сапарды сезген сияқты. Дәл өмірден өтерінен бір айдай ілгеріде күнделігіне: «Үш жыл бұрын қаннен-қаперсіз балық аулап отыр едік (сол кездегі фотоны қоса беріпті). Биыл… Алла өзі жар болсын…» деп жазыпты.

* * *

Бердібай бір жазбасында: «Бүгін ұлым Мұхамбеттің туған күні! Алла еліміздің намысын қорғайтын биікке жеткізсін. Оған қабілетің де, еңбекқорлығың да жетеді. Біз саған сенеміз» деп жазыпты.

Сенімің ақталады, Бердеш! Сен тәрбиелеген ұлдың ұлт намысын қорғайтынына, сенің ізіңді өшірмей, лайықты жалғастыра беретініне біздің де күмәніміз жоқ.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button