Басты жаңалықтарӘкімдер сайлауы

Ауыл әкімдерін сайлау: кім түседі, халық не дейді?

Биыл облыста ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округте өтеді. Бұл округтерде жалпы саны 74 сайлау учаскесі жұмыс жасайтын болады. Сайлау 84 елді мекенде өткізіледі. Қазіргі таңда әкімдер сайланатын округтердің саны жағынан ең көбі — Әйтеке би мен Қобда аудандары.

Әкім болуға партиялардан ұсынылғандар көп

Биылғы сайлау кезінде Әйтеке би ауданында дауыс беру 15 сайлау учаскесінде жүргізілмек. Олар 7 ауылдық округте орналасқан. Сайлау учаскелерінде 81 комиссия мүшесі жұмыс жасайды. Аудан бойынша барлық сайлаушылар саны — 8483.

Бүгінде Әйтеке би аудандық сайлау комиссиясына 7 ауылдық округ бойынша 21 кандидат ұсынылған.

— Бүгінде Аралтоғай ауылдық округі әкіміне сайлану үшін үш кандидат ұсынылып отыр. Олардың қатарында Nur Otan, «Ақ жол» партиялары атынан сайлауға түсетін, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған кандидатымыз бар. Ал Әйке ауылдық округінің әкіміне сайлану үшін үміткерлер «Ауыл» және «Қазақстан Халық партиясының» атынан түсіп отыр. Сондай-ақ партиялар атынан және өзін-өзі ұсынған кандидаттар Жамбыл, Темірбек Жүргенов, Қайрақты, Тұмабұлақ, Үшқатты ауылдық округтерінде де бар. Жалпы, бұл кандидаттардың барлығын ауыл тұрғындары өздері таңдап, ішінде біреуін ғана сайлайды. Науқан соңында көп дауыс жинаған үміткерлердің есімдері хабарланатын болады, — дейді Әйтеке би аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Самат Таласбаев.

Ал Қобда ауданында 25 шілдеде  Жарсай, Сарыбұлақ, Талдысай, Терісаққан, И.Құрманов атындағы ауылдық округтердің әкімдері сайланады. Сайлауды 8 учаскелік сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Бүгінде ауданда 3 саяси партиядан 11 кандидат, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 4 үміткер тіркелген.

Кандидаттардың Заңнама талаптарына сәйкестігі анықталып, бүгінгі күні 15 кандидат тіркелді. Дауыс беру орындары орталық сайлау  комиссиясы нұсқаулығының талаптарына сәйкес жабдықталды.10 шілдеден бастап сайлаушылардың өз учаскелерінде сайлаушылар тізімдерімен танысуына мүмкіндік берілді. Қазіргі кезде сайлау процесіне қатысушыларды, комиссия мүшелерін оқыту бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда. Сайлау шаралары бойынша барлық хабарлар аудандық газетте, аудан әкімдігі сайтындағы парақшаларда жарияланды, — дейді Қобда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақшолпан Оразова.

Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша сайлауға түсетін 106 кандидаттың Заң талаптарына сәйкестігі анықталып, 7 кандидат заңнама талаптарына жауап бере алмағандықтан сайлаудан бас тартқан. Ауыл әкімдерін сайлауға саяси партиялардан жалпы саны 67 адам кандидаттыққа ұсынылған. Оның ішінде ең көбі — Nur Otan партиясынан (29 адам). Ал сайлауға өзін-өзі ұсынғандар саны — 48.

Жалпы облыс бойынша ұсынылған 115 үміткердің 97-сі ер адам болса, 18-і — әйел адам. Олардың орташа жасы — 40-та.

Сайлаушылар не дейді?

Мұхамбетқали ІЗБАСОВ, Қобда ауданының тұрғыны, зейнеткер: 

 Ауыл азаматтарына берілген зор мүмкіндік

— Биылғы жылы Қазақстан тарихында бірінші рет ауылдық округ әкімдері тікелей сайланады деп жатыр. Бұл — бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға, саяси жаңғырудың жаңа кезеңі. Мұны енгізген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына өз ризашылығымды білдіремін. Халық өздеріміз дауыс беріп, өз әкімдерімізді өзіміз таңдаймыз. Бұл сайлау —  ауылдан шыққан, туған жерінің дамуы мен көркеюіне өз үлесін қосамын деген ауыл азаматтарына беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Бекітілген талаптарға сәйкес болса, ауылдың белсенді жігіттері әкім бола алады.

Егер әкімді халық сайласа, алдағы уақытта олар тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бұл сол елді мекеннің барлық проблемасын шешуге, жаңа бастамаларды қолға алуға серпін болады деп ойлаймын. Барлық үміткерлерге сәттілік тілеймін!

Ермек Ниязов, Ойыл ауданының тұрғыны:

 Таңдау мүмкіндігін пайдаланайық!

— Биылдан бастап ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей таңдауына мүмкіндік берілді. Жаңа заңға сәйкес, енді елді мекендердің басшысын жергілікті халық жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Ал үміткерді саяси партия ұсынуы тиіс. Өзін-өзі ұсынуға да болады. Бұл бірінші ретте саяси партиялардың рөлін кеңейту мен дамытуға бағытталып отырғанын түсінеміз. Ауыл әкімдері үшін оны ұсынған саяси партия жауапты болады. Осылайша әкімнің жұмысынан бір адамның емес, бүкіл саяси партияның жауапкершілігін көреміз. Жеңіске жеткен азамат елді мекенді төрт жыл басқарады. Жасыратыны жоқ, осыған дейін ауыл әкімін аудан әкімі мәслихат депутаттарымен ақылдасып, тағайындап келді. Ал бұл сайлауда жұрт жасырын дауыс беру арқылы таңдау жасайды.

Бүгінгі күні біздің ауылды алдағы төрт жылда басқаруға ұмтылып отырған үш азаматтың тіркелгендігі туралы хабарды жергілікті баспасөз бетінен оқып отырмыз. Үгіт жұмыстары басталған уақытта олардың бағдарламаларымен танысып, таңдауымызды жасайтын боламыз. «Менің бір дауысым нені шешеді дейсің, біз барған күннің өзінде ештеңе өзгермейді» деген ойдан арылуымыз керек. Енді өз әкімімізді өзіміз таңдауға мүмкіндік туғанда, ауылдастарымды белсенді түрде сайлауға баруға шақырамын.

Ғалия ӨТЕПБЕРГЕНОВА, Мәртөк ауданы Саржансай орта мектебінің мұғалімі:

Ел үмітін ақтайтын үміткерді таңдайық!

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау қажет екенін жеткізген болатын. Ал ауыл әкімдерін сайлау туралы Заңда демократиялық басқару жергілікті институттарды нығайтатыны туралы айтылған.

Ел басқару оңай шаруа емес, оған білімді, дарынды, іскер адам керек. Ауыл әкімінің атқарар жұмысы мен қызметі тікелей өзіне байланысты. Әкім халықпен тығыз қарым- қатынаста болып, ауыл халқының әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін көтеру үшін үздіксіз еңбек етуі керек. Ауылдағы барлық мәселені бақылауда ұстап отыруы қажет.

Сондықтан алдағы сайлауда біз халықпен әрдайым бірге болатын, ел үмітін ақтайтын үміткерді таңдап, сайлауға тиіспіз.

Октябрь ИПАНОВ, Ырғыз ауданы «Сер-Мақ» шаруа қожалығының басшысы:

Ауылдың жағдайын жетік білетін әкім керек

— Биылғы саяси шараның, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқаны бізді қуантады. Сайлаудың көп болғаны дұрыс. Сонда таңдау да көп болады. Менің ойымша, тағайындалған әкімдерден гөрі сайланған әкімдердің көп нәрсеге көзқарасы басқаша болады. Халық өзі таңдағаннан кейін әкімдердің сайлауға дейінгі көпшілікке берген уәдесі мен арнайы бағдарламасын орындауға ықтималдылығы артады. Яғни ауыл әкімдері халықпен етене араласып, ауыл тұрғындарымен тікелей жұмыс істейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы өте дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізбек.

Ауылға, шын мәнінде, іскер, тірліктің көзін таба білетін, сол ауыл тұрғындарының жағдайын жетік білетін әкім керек. Осы ретте халық осы талаптарға сай келетін басшыны өздері таңдай алады. Мысалы, әрбір ауылдық округтің, тіпті әр елді мекеннің өз ерекшеліктері бар, әрқайсысының даму мүмкіндіктері түрлі деңгейде. Сол жерді жақсы білетін адамның болашақта тиісті нәтижеге жеткізетініне күмән жоқ.

Ауданда алғаш болып осындай жауапты сайлау өткізу өзімізге де сын. Барша тәуіптіктер ауызбіршілік танытып, округ әкімінің сайлауын абыроймен өткіземіз деген сенімдемін.

Несібелі Жампинова, Хромтау ауданының тұрғыны:

Маңызды қадам

— Ауылдық округ әкімдерін сайлау уақыты да жақындады. Өз басым сайлауға барып, таңдаған үміткеріме дауысымды беремін. Елімізде бұрын мұндай сайлау өткізілген жоқ. Енді ауыл әкімдерін халықтың өзі сайламақ. Әрине, елімізде мұндай саяси науқанды өткізу шарасы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан мұндай реформа халықтың жергілікті басқару жүйесіне қатысты қалыптасқан көзқарасын түбегейлі өзгертеді деген ойдамын.

Нұрсұлтан ҚУАН, Темір ауданының тұрғыны, белсенді жас:

Жастарды дауыс беруге шақырамын!

— Биылғы сайлауда ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайтын болды. Әрине, сайлауда жеңіп шыққан әкім халықтың сенімін ақтау үшін барынша жұмыс істейтін болады. Бұрын ауыл әкімдерін сайлауға аудандық мәслихат депутаттары дауыс беретін еді. Енді әкімдер тұрғындардың қолдауына мәжбүр болса, оның халық алдында жауапкершілігі артады деп ойлаймын.

Осы елдің ішінде туып-өскен, халықтың жағдайын түсінетін, ең бастысы, халыққа не керек екенін білетін іскер азаматтар әкім болса, ауыл-аймақтар дамиды. Әкім ауылдың жолын, ауызсуын, жалпы жағдайын жақсарту жолында қызмет етуі керек.

Мен бұл сайлауды құптай отырып, барша ауыл жастарын дауыс беруге шақырамын.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button