Басты жаңалықтарДенсаулық

Биыл облыста тұрғындардың 52 пайызы екпе алуға тиіс

Әзірге 30 пайызы алып үлгерген

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев осылай дейді. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста 270 867 адам вакцина салдырған. Оның ішінде 173 965 адам екпенің бірінші компонентін, 96 902 тұрғын екінші компонентін алған. Ал жалпы жыл басынан бері өңірімізге 344 725 доза вакцина жеткізілген. Қазір тұрғындар белсенді түрде екпе алып, «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал!» акциясына қатысуда.

12 тұрғын сыйлыққа ие болды

 Қазір өңірде халықты вакцина алуға ынталандыру мақсатында «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал!» акциясы ұйымдастырылып жатыр. Алғашқы ұтыс ойыны кешегі жексенбіде «Аqto’be» телеарнасында тікелей эфирде өткізілді.

Акцияның бірінші кезеңінде 3 смартфон, 3 планшет, 3 спорттық велосипед, 3 робот шаңсорғыш ойнатылып, нәтижесінде 12 адам сыйлыққа ие болды.

Кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев акцияға қатысып, жеңімпаз атанған тұрғындарға сыйлықтарын табыс етті. Сыйлыққа ие болғандар қатарында Е.Рысмағамбетов, А.Елеусізов, А.Есімов, Е.Аймағамбетов, А.Жетесова, И. Жаңабаев, Ш.Таханова, М.Качурина, А.Раев, А.Қалниязов, А.Өсімбекова, Л.Борисеноктер бар. Олардың дені — аудандардан келген тұрғындар.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл 25 маусым-25 қыркүйек аралығында өтетін акцияда тұрғындар үшін барлығы 96 бағалы сыйлық ойнатылмақ. Оның ең бастысы — «Chevrolet» маркалы екі автокөлік. Бұл сыйлықтарға ие болу үшін облыс тұрғындары екпе алып, соның нәтижесінде бірегей код арқылы акцияға қатысуы керек.

  • Облыста 25 маусымға дейін COVID-19-ға қарсы екпенің бірінші компонентін алғандар автоматты түрде акцияға қатысушы болып саналады. Екпе алғаннан кейін оларға бірегей код беріледі. Ал жеңімпаздар жергілікті «Аqto’be» телеарнасында өтетін тікелей эфир кезінде анықталады, — дейді ол.

Алғашқы тікелей эфир кезінде сыйлыққа ие болғандардың бірі — Ақтөбе қаласы Заречный-3 елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Шамшырақ Таханова. Ол Заречный-3 ауылындағы емханаға барып, 3 шілде күні «Hayat-Vax» вакцинасының бірінші компонентін салдырған. Ал жексенбі күні оған басқарма мамандары хабарласып, жеңімпаз болғанын айтқан.

— Мен көп жыл теміржол саласында еңбек еттім. Қазір зейнеткермін. Өзімнің және отбасымның қауіпсіздігі үшін үйімнің жанындағы емханаға барып екпе алғанмын. Мұндай акцияға қатысамын деп ойлаған жоқпын. Кеше басқарманың қызметкерлері хабарласып, сыйлығымды алып кетуді өтінді. Маған бұйырғаны спорттық велосипед болды. Немерелерім қуанып жатыр, — дейді ол.

Сондай-ақ акция аясында жеңімпаз атанғандардың қатарында Шалқар ауданы Бозой ауылының тұрғыны Ернар Аймағамбетов бар. Ол «Арал Газ» ЖШС-ында жұмыс істейді. Ол отбасы мүшелерімен бірге шілде айының басында «QazVac» вакцинасын алыпты.

Ернар өзі жұмыста болғандықтан сыйлығын алуға баласы Есен мен жеңгесі Сәнімжанды жіберіпті. Рүстем Исаев бұл отбасыға планшет сыйға тартты.

31 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

Салтанатты шарадан кейін біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевпен аз-кем тілдескен едік. Ол облыстағы қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді.

— Соңғы тәулікте облыста 36 адам індет жұқтырып, тіркеуге алынды. Сонымен жалпы облыс бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 12 813-ке жетіп отыр. Бүгінге дейін оның 92 пайызы, яғни 11 769 науқас жазылып, ем алып шықты. Қазір 233 адам инфекциялық ауруханаларда емделуде. Оның ішінде 31 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ облыста 40 балаға COVID-19 диагнозы қойылды, 4 бала стационарда ем алуда. Ал індет жұқтырған 14 жүкті әйел медициналық бақылауда, — деді ол.

Оның айтуынша, биыл облыста жоспарға сәйкес 460 мың тұрғын екпе алуға тиіс. Бұл — облыс тұрғындарының 52 пайызы. Бүгінге дейін жалпы тұрғындардың 30 пайызы екпе салдырған. Енді қыркүйек айына дейін қалған бөлігі вакцина алуы керек.

— Қазір облыс бойынша бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша биыл коронавируспен ауыратындардың саны тамыз айында күрт артуы мүмкін. Сондықтан осы айдың аяғына дейін созылмалы ауруы бар азаматтардан, жүкті және бала емізетін әйелдерден, сондай-ақ 18 жасқа толмағандардан басқа тұрғындардың барлығы екпе алуы керек, — дейді Р.Исаев.

Басқарма басшысы қазір өңірде КВИ-мен қатар пневмониямен ауырып жатқандар да бар екенін айтты. Мәселен, соңғы тәулікте 10-ға жуық адам пневмониямен ауырып, ауруханаға жатқызылған.

Сондай-ақ жыл басынан бері облыста вакцина алғандардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар да тіркеліпті. Олардың саны бүгінде 31 адамға жеткен. Бұған қатысты сауалдарға жауап берген басқарма басшысы былай деді:

  • Екпенің бірінші компонентін алғаннан кейін адамның ағзасында вирусқа қарсы бірден антидене пайда болмайды. Алғашқы кезеңде тек иммунитет 30 пайызға ғана күшейеді. Ал қалған 60 пайызы екінші вакцина алғаннан кейін 45 күн өткен соң пайда болады. Тұрғындар мұны түсінуі керек. Ал жалпы екпе алғандар арасында індет жұқтыру қаупі 10 пайызды құрайды. Егер екпе алғандар ауырса, ол жеңіл түрде өтеді. Мәселен, ауырсыну, мұрыннан су ағу сияқты симптомдар болады. Жоғарыда аталған науқастар бірінші екпе алғаннан кейін коронавирус жұқтырып алып жатыр. Ол үшін екпе алған кез келген адам бетперде киіп, барынша сақтанып жүруі керек. Қазір «дельта» штамының таралу қаупі жоғары. Ол адам ағзасын, оның ішінде өкпені 5-7 күн ішінде зақымдауы мүмкін. Сондықтан қай вакцинаны алсаңыз да, антидене пайда болып, иммунитет вирусқа қарсы тұрмайынша, сақтанып, қорғанып жүрген абзал.

 Екпе алғандар не дейді?

Алмас Сарқұлов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Мен 12 шілде күні Ақтөбе қаласындағы №3 емханаға барып, коронавирус инфекциясына қарсы «КоронаВак» вакцинасының екінші компонентін салдырдым. Бұған дейін 28 маусымда дәл осы екпенің бірінші компонентін алған болатынмын. Екпе — індеттен сақтанудың бірден-бір жолы. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Менде ешқандай ауырсыну, қызу, әлсіздік болмады. Вакцина салдырған күні парацетомол және аспирин ішіп алып, ұйықтадым. Бәрі жеңіл өтті.

Жалпы, вакцина алуды өзім дұрыс көремін. Бұған дейін де тұмауға қарсы екпе алып келдім. Денсаулығым жақсы. Ешқандай асқынулар болған емес. Әр адамның денсаулығы өз қолында. Салауатты өмір сүріп, сақтанып жүрген адам ешқашан ауырмайды деп ойлаймын.

 Аманғос Қисықов, Ойыл ауданының тұрғыны:

— Мен ауданда 40 жылдан астам дәрігер болып жұмыс жасадым. Негізгі мамандығым — дәрігер-фтизиатр. Көп жыл Жетікөл ауылында, одан кейін Сарыбие елді мекенінде учаскелік дәрігер болып еңбек еттім. Қазір сексеннің сеңгіріне таяп қалдым.

Мына әлемді жайлаған пандемия халықты біраз әбігерге түсірді. Өткен жылы ауданымызда көп адам осы індеттен көз жұмып, үлкен де, жас та ауырды. Сондықтан биыл ойлана келе, коронавирусқа қарсы вакцина салдырдым.

Қазір қоғамда екпеге байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен өз басым екпе алған адам бұл ауруды жеңіп шығады деп ойлаймын.

Өткенге көз жіберсек, біздің бала кезімізде балалар қызылшамен ауырып, көбі сол індеттен көз жұмды. Біздің отбасымызда да қайғылы жағдайлар болды. Қазіргі медицина дамыған заманда індеттің алдын алу үшін екпе алу дұрыс деп ойлаймын. Бұл да қорғанудың бір жолы. Сондықтан қазір қай жерде жүрсем де, айналамдағыларға вакцина салдыру керектігін айтып жүремін. 

Сағымбек Ұлықпанов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері:

— Екпе алу аурудан сақтанудың жалғыз жолы екені анық. Сондықтан өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы №5 қалалық емханаға барып, өзімнің және отбасымның  қауіпсіздігі үшін «КоронаВак» вакцинасын салдырдым.

Енді 24 шілдеде екінші компонентін аламын. Жалпы, екпеден кейін ешқандай ауырсыну, қызу, жанама әсер болған жоқ. Мен екпе алу қалыпты жағдай деп түсінемін.

Алмагүл Тайшыбай, №2 Қарауылкелді орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі:
— Мен оқушылармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын болғандықтан, бірден екпе алу туралы шешім қабылдадым. Әлемді дүр сілкіндірген бұл індетпен күресуге ғалымдар да бар күшін жұмсауда. Демек, екпе бекер жасалған жоқ. Ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қалыпты өмірге тезірек оралсақ деймін. Жақындарымызды қорғау үшін өзіміз қорғануымыз керек. Сондықтан екпе алу — дұрыс шешім!

Марғұлан Келбатыров, Мәртөк ауылының тұрғыны:

— 21 маусымда «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алдым. Екпе алған күні-ақ жұмысқа шығып кеттім. Ешқандай ауырсыну, қызу болмады, дәрі ішпедім. Енді осы айда екпенің екінші компонентін алуым керек.

Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдайды. Сондықтан екпе алу немесе алмау өз еркінде деп ойлаймын. Біздің ендігі тілегіміз — әлемді жайлаған індет жойылып, елімізде тек амандық пен бейбітшілік болсын!

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button