Спорт

Үздіктер анықталды

Биыл Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына — 29 жыл. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, өңірімізден шыққан атақты барлаушы Федор Озмительдің туғанына 101 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті волейболдан турнир ұйымдастырды.

Дәстүрлі спорттық шарада барлығы 6 команда өзара бақ сынасты. Олардың қатарында аталған департамент өкілдері, полицейлер, құтқарушылар мен әскери қызметкерлер де бар.

— Атақты барлаушы Федор Озмитель Мәртөк ауданының тумасы. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары «Грозный» отрядының құрамында болған. Партизан жасақтарын басқарған. Мәртөк ауданында майдангердің құрметіне стела ашылды. Біздің департаменттегі музей ішінде де арнайы стенд жасақталды. Майданда ерлікпен қаза тапқан батырды еске алу шарасы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі және сыртқы жағдайды бақылайтын азаматтар бүгін волейболдан сынға түсті, — дейді облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Бикашев.

Облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкері Нұрсұлтан Қыдырбек жұмысының күрделілігіне қарамастан, спорттан қол үзген емес. Апта сайын спорт залға баратынын айтады.

— Қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің физикалық қабілетін шыңдауға арналған мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгінгі турнир жоғары деңгейде өтті. Адам баласы спортты жанына серік етуі керек. Себебі спорт денсаулық кепілі екенін ұмытпайық, — дейді ол.
Шара соңында жеңіс тұғырынан көрінген үздік командалар марапатталды. Жүлдегерлерге арнайы кубоктар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button