Жаңалықтар

Көне құлпытастар зерттеліп жатыр

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен 2021-2023 жылдары облыс аумағындағы араб графикасымен жазылған құлпытастар эпитафиясына зерттеу жүргізіледі.

Жоба облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен қолға алынды. Ал ғылыми кеңесшісі әрі жетекшісі — белгілі тарихшы-ғалым Серік Әжіғали.

Биыл жобаның бірінші кезеңі басталды. Құрамында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Арман Ержанов, этнография және археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қонысбай Рахбаев және облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының қызметкерлері бар экспедиция далалық зерттеу жұмыстарына кірісті.

Бүгінге дейін Мәртөк ауданындағы қазақтың көне қорымдары зерттелді. Аудан аумағынан өтетін Елек өзенінің екі жағалауы, Тәңірберген, Бұтақ өзендерінің бойы қаралып, аз уақыт ішінде 34 ескі тарихи қорым зерттелді. Жалпы, Мәртөк ауданының аумағынан 194 құлпытас тіркеліп, жазулары бүгінгі қолданыстағы әліпбиге аударылды. Олардың барлығы да — қазақтың тас қашау өнерінің бірегей үлгілері және өз заманының танымал тұлғаларына қойылған құлпытастар. Зерттеу барысында тарихи тұлғалардың есімдері де анықталды. Мәселен, Шекті руының Жекей тайпасының Жұбатай бөлімінен Жатай би Боранбайұлының, Тама руынынан Дауылбай мырзаның, Тама руы Суалай тайпасынан хазірет Сарқұл Бозанбайұлының, Табын руының Жылқышы тайпасы Малқара бөлімінен Көшербай баласы молда Жолбатырдың, оның ұлы молда Өмірқұлдың, Табын руының Майасар тайпасы Аусан бөлімінен Мырқынбай қажы Тұрғанбайұлының, сол секілді, т.б. тұлғалардың құлпытастары табылды. Ең ескі құлпытас 1844 жылға тиесілі. Ол Ақтөбе маңындағы солтүстік айналма жолдың үстіндегі қорымнан табылды.

 Қонысбай РАХБАЕВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button