Спорт

Диана да Олимпиадаға барады!

23 шілдеде басталатын Токиодағы жазғы Олимпиадаға баратын ақтөбелік спортшылардың саны алтау болды. Жүзу спортынан ұлттық құраманың мүшесі Диана Назароваға да төрт жылда бір келетін ең үлкен әлемдік спорттық додаға қатысудың сәті түсіп отыр.

Диана Ақтөбедегі су спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің «Достық» спорт мектебінде жаттығады. Ол 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға қатысып, шалқалап жүзу әдісімен 50 метрлік қашықтықта финалға шыққан болатын. Сондай-ақ Диана 50, 100 метр қашықтықтар бойынша Азия чемпионатында да күміс және қола жүлделерге ие болған. Олимпиадада ол шалқалап жүзу әдісімен 100 метр қашықтықта өнер көрсететін болады. Біз Дианаға сәттілік тілейміз.

Олимпиадаға Ақтөбе өңірінен аттанатын басқа спортшыларға келсек: олар — Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрқанат Әжіқанов (каратэ), Юсуп Батырмырзаев пен Нұрислам Санаев (екеуі де еркін күрес) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу). Жалпы, еліміз бойынша бүгінге дейін 96 спортшы Олимпиада жолдамасына ие болды. Олар спорттың 27 түрі бойынша өнер көрсетеді.Қазақстандық спортшылардың алғашқы тобы Токиоға 16 шілдеде аттанады деп күтіліп отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button