Спорт

Самородовтың соққысы

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 2:1

2-4 шілде күндері 19-турдың кездесулері өтті. Бір ерекшелік, турнир кестесіндегі алдыңғы үштіктің қатысуымен өткен кездесулерде жалпы саны 18 гол соғылды.

Бұдан бұрын қатарынан екі турда жеңілген «Астана» Нұр-Сұлтан қаласында «Шахтерді» ұтып, көңілін бірледі. Дегенмен 4 гол соққан команданың өз қақпасына 3 гол енгізіп алуы көтеріңкі леппен айтуға келмейтін де секілді.

Бірінші айналымда «Қайрат» сырт алаңда «Атыраудан» жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы алматылықтар сол жеңілістің есесін қайырып, мұнайшылар қақпасына жауапсыз бес гол соқты. «Қайрат» енді Еурокубок ойындарында да осындай қарқын көрсетсе ғой.

Талдықорғанда өткен «Жетісу» мен «Қызылжар СК» кездесуіне келген жанкүйерлер ешбір голға куә бола алмады.

«Қайсар» Қызылордада өткен кездесуде «Ордабасы» командасына ұпай ұстатқан жоқ.

Түркістанда «Тұранмен» өткен кездесуде «Тобылдың» жеңіске ие болуына бір автогол, бір пенальти көмектесті.

Он тур бойы жеңіске ие бола алмай жүрген «Тараз» өз алаңында «Каспийді» ұтып, бір мерейленіп қалды.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда  «Ақжайықты» қабылдады.

Турнир кестесінің кеуде тұсында келе жатқан оралдық футболшылармен тайталасу оңай болмайтыны анық еді. Солай болды да.

Бірінші таймның соңына таман, 40-минутта оралдық Евгений Козлов біздің қорғаушыларымыз кері қайтарған допқа ие бола кетіп, еш ойланбастан сол аяғымен қақпаға қарата тура соққы жасады, ешкім кедергі келтіре алмай қалды — 0:1.

Бірінші таймда біздің қақпамызға қарата дәл бағытталған 4 соққының біреуі осылайша голға айналды. Ал біздің футболшылар ойынның бұл бөлігінде қарсыластар қақпасына еш соққыны дәл бағыттай алмай діңкелеген болатын.

Бірақ екінші таймда қонақтар тіпті де еркінси алмады. Бас бапкерден, сірә, нақты нұсқаулар алып шықса керек, біздің жігіттер «Ақжайықтың» қақпасына жиі шүйілумен болды.

Сондай сәттердің бірінде, 58-минутта жас шабуылшымыз Максим Самородов гол соқты. Кезекті қарбаласта Эрвейн Мукам допты қарсыластардың айып алаңына әуелете тастады да, оны Артурас Жулпа баспен қабылдап, ортаға қарай ысырды, осы кезде суырылып шыға келген Максим бірден соққы жасап, жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Алаң иелерін, әрине, тең ойын қанағаттандыруы мүмкін емес-ті. Сол себепті шабуылдар саябырсыған жоқ. Екінші голды тағы да жас футболшымыз Максим Самородов соқты. Қалай аңғарғаны белгісіз, алаңның орта шенінде оң қанатта келе жатқан Максим Федин допты қақпаның сол қанатында жүрген Самородовқа әуелете тастады. Допты қағып алған Максим қарсыластардың бір емес, бірнеше қорғаушысын әлдебір шебер қимылдармен көктей өтіп, қақпаға қарата соққы жасады, қақпашы Сергей Литовченко допты ұстап алмақ болып әрекеттенгенімен, қолынан сусытып алды да, доп қақпаға енді де кетті — 2:1.

Бұдан соң оралдықтар есе қайыруға барынша тырысып бақты. Бірақ ақтөбеліктердің қорғанысы енді қайтып сыр бермеді.

Ойын осылайша «Ақтөбенің» жеңісімен аяқталды.

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 2:1

Гол авторлары: Евгений Козлов, 40-минут (0:1); Максим Самородов, 58-минут (1:1); Максим Самородов, 66-минут (2:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Рифат Нурмугамет, 88-минут; Сергей Ревякин, 90+4 минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Ревякин (қақпашы), Дінмұхамед Кашкен (Олег Чернышов, 46-минут), Артурас Жулпа (Игорь Губанов, 74-минут), Михал Йерабек, Тонго Думбия (капитан), Юрий Перцух,​ Әділхан Таңжарықов, Максим Федин, Эрвейн Мукам (Боян Дубайич, 85-минут), Максим Самородов (Рифат Нурмугамет, 86-минут), Игорь Сергеев (Дидар Жалмұқан, 51-минут).

Бас бапкер — Вахид Масудов.

2 шілде 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 4200 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 24 сәуірде Орал қаласында «Ақжайықтан» 0:1 есебімен ұтылғанбыз.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 2;

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 19 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 5 рет тең түсті, 8 рет ұтылды.  Ұпай саны — 23. Доп айырмашылығы — 26:30.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тұран»-«Тобыл» — 2:4

Гол авторлары: Темірлан Әміров, 16-минут (1:0);  Олжас Керімжанов, автогол, 33-минут (1:1); Азат Нұрғалиев, пенальти, 56-минут (1:2); Сергей Малый, автогол, 76-минут (2:2); Сергей Малый, 84-минут (2:3); Элгуджа Лобжанидзе, 87-минут (2:4).

3 шілде 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы. 1100 адам.

«Жетісу»-«Қызылжар СК» — 0:0

3 шілде 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. 1500 адам.

«Қайрат»-«Атырау» — 5:0

Гол авторлары: Артур Шушеначев, 29-минут (1:0); Хосе Канте, 57-минут (2:0); Артур Шушеначев, 59-минут (3:0); Гүлжігіт Алықұлов, 69-минут (4:0); Камо Оганесян, 90+2 минут (5:0).

2 шілде 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

 «Астана»-«Шахтер» — 4:3

Гол авторлары: Макс Эбонг, 6-минут (1:0); Валерий Чуперка, 26-минут (2:0); Иван Свиридов, 41-минут (2:1); Абат Айымбетов, 55-минут (3:1); Геворг Наджарян, 63-минут (3:2); Тигран Барсегян, 77-минут (4:2); Ескендір Қыбырай, 78-минут (4:3).

2 шілде 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. 1800 адам.

«Қайсар»-«Ордабасы» — 1:0

Гол авторы: Мақсат Байжанов, 42-минут (1:0).

3 шілде 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Тараз»-«Каспий» — 1:0

Гол авторы: Педро Эуженио, 57-минут.

4 шілде 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 3000 адам.

*   *   *

19-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Тобыл» (Қостанай) — 42 ұпай;
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 41 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 37 ұпай;
  4. «Ақжайық» (Орал) — 28 ұпай;
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 27 ұпай;
  6. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 26 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 25 ұпай;
  8. «Каспий» (Ақтау) — 24 ұпай;
  9. «Тараз» (Тараз) — 23 ұпай;

10.«Ақтөбе» (Ақтөбе) — 23 ұпай;

  1. «Шахтер» (Қарағанды) — 19 ұпай;
  2. «Тұран» (Түркістан) — 18 ұпай;
  3. «Қайсар» (Қызылорда) — 15 ұпай;
  4. «Жетісу» (Талдықорған) — 11 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 18 кездесуден өткізді.

*   *   *

20-тур кездесулері енді екі айдан астам үзілістен соң 11 қыркүйекте жалғасады.

«Тобыл» — «Каспий»

«Атырау» — «Тұран»

«Ордабасы» — «Қайрат»

«Қызылжар» — «Қайсар»

«Ақжайық» — «Астана»

«Шахтер» — «Жетісу»

«АҚТӨБЕ» — «ТАРАЗ»

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button