Спорт

«Ақбидай-2021»: ақсайлықтар жеңімпаз атанды

Темір ауданында дәстүрлі «Ақбидай-2021» ауыл жастары спартакиадасы өтті. Жыл сайын өтетін додаға осы жолы 10 ауылдық округтiң спортшылары қатысты.

Спорттың 9 түрi, яғни қазақ күресi, тоғызқұмалақ, шахмат, шағын футбол, волейбол, гiр көтеру, қол күресi, арқан тартыс және жеңiл атлетика бойынша ұйымдастырылған жарысты үстел теннисiнен облыс чемпионы Ералы Барсаев ашып, Мемлекеттік туды жоғары көтерді. Артынша Гимн шырқалған соң қатысушыларға сәттілік тілеген аудан әкімі Саламат Аманбаев аталған шараның маңыздылығына тоқталды. Ал спорт ардагерi Қартбай Шылмурзин барлығына мықты күш-қайрат тіледі. Кейіннен ашық аспан астында ұйымдастырылған сайыста темірліктер өзара сынға түсті.

— Мұндағы мақсат — ауыл жастарын спортқа баулу, дені сау ұрпақ қалыптастыру. Сондай-ақ жастардың арасындағы ауызбіршілікті, достықты өзара нығайтуды да көздейміз. Барлық санитарлық талаптар толығымен сақталды, — дейді ұйымдастырушылар.

Барлығы 250-ге жуық спортшы бақ пен бабын сынаған спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Ақсай ауылдық округiнiң командасы 68 ұпай жинап, I орынды жеңiп алды. Ал одан кейінгі жүлделі орындарды Шұбарқұдық пен Тасқопа ауылдық округтері өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан басшысының дипломы, медалі мен кубоктары табысталды.Сонымен қатар шараны ұйымдастыруға ерекше атсалысқан Кеңесту ауылдық округi әкiмдiгi, аудандық спорт мектебi, Қопа орта мектебi және аудандық Мәдениет үйi мекемелерiне Алғыс хаттар берілді.
Ауыл жастарының спартакиадасы жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button