Спорт

Ұлттық құраманың ту ұстаушылары анықталды

Ұлттық Олимпиадалық комитет Токиода еліміздің туын ұстап шығатын спортшылардың аты-жөндерін атады. Биылғы жазғы Олимпиадада ұлттық құраманың ту ұстаушылары Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова болмақ.

Екеуі де ұлттық құрамадағы ел туын желбіретіп шығуға ең лайық спортшылар. Ольга Рыпакова Олимпиадаға осымен төртінші рет қатысқалы отыр. Ол алдыңғы үш Олимпиаданың үшеуінен де жүлдемен оралды: 2008 жылы Пекинде — күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола жүлде алды. Ольга Рыпакова — үш бірдей Олимпиадада жүлдегер атанған тұңғыш қазақ спортшысы.

Қамшыбек Қоңқабаев — ұлттық бокс құрамасының капитаны. Ол ең жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. 2017 және 2019 жылдардағы, яғни соңғы екі әлем чемпионатында Қамшыбек күміс жүлдеге ие болды. Айта кетелік, ұлттық бокс құрамасы — 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бергі барлық Олимпиадаларда ел қоржынына жүлде салып келе жатқан құрама. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның 7 боксшысы Олимпиада чемпионы атанды. Басқа спорт түрлерінен еліміздің бірде-бір құрамасы мұндай жетістікке жеткен жоқ.

Токио Олимпиадасы 2020 жылы өту керек болатын. Бірақ пандемияға байланысты Олимпиаданың уақыты бір жылға шегерілді. Биыл жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты 23 шілдеге жоспарланған.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button