Мереке

Өз ісінің шебері

Қолөнермен айналысу үшін ең әуелі ынта-жігер мен ептілік қажет. Бабадан қалған осы текті өнерді бүгінге дейін жаңғыртып келе жатқан шебер жандардың бірі — Мәлік Әбіл.

Шалқар қаласында тұратын қолөнер шебері ұзақ жылдар аудандық Оқушылар сарайында қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлік демалысқа шықты. Оның қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен макеттер, сүйектен жасалған мүсіндер ерекше көз тартады. Оның ішінде Елорда күніне арналған туындылары, астанадағы биік ғимараттардың макеттері, Тәуелсіздігіміздің символы ретінде жасалған мүсіндер назарға ерекше ілінеді.

Бұл іспен айналысқаныма біраз жыл болды. Алдымен Ақтөбе қаласындағы құрылыс техникумын техник-құрылысшы, кейін Атырау педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандықтары бойынша бітірдім. Еңбек жолымды құрылыс саласында бастап, бұдан кейін жиырма жылдай уақыт мектепте оқушыларға технология пəнінен сабақ бердім. Ауданнан шығармашылықпен айналысатын жастарға арналған Оқушылар сарайының ашылғанына да біраз уақыт болды. Мұнда оқушыларды өнерге баулитын əртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Бұл жерден оқушыларға «Ісмер» қолөнер үйірмесін ашып, арнайы шеберхананы жабдықтадым. Əр үйірме өзіндік ерекшелікке ие. Соның ішінде ұлттық салт-дəстүрімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауды көздейтін, əдеп-ғұрпымызды дәріптеп, қол еңбегін машықтандыратын қолөнер үйірмесінің орны дара деп айтуға болады. Қолөнер үйірмесінің оқушылар үшін тәрбиелік маңызы өте зор, — дейді Мәлік Сәдуұлы.

Бүгінде қолөнершінің жұмыстары аудандық Оқушылар сарайының музейінде сақтаулы тұр. Бірнеше рет облыс орталығында ұйымдастырылған көрмелерге туындылары ұсынылды.

— Кіші балам Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді. Елордаға жиі барып тұрамыз. Бас қаламыздың бүгінгі келбетіне таңданбау мүмкін емес. Астанада бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлер жаңаша сәнмен, ерекше көрікпен салынған.

Қаланы қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміздің рөлі өте зор. Шаһардың тез арада тамсанарлықтай бой көтеруі — Елбасының жанашырлығының әрі тікелей бақылауының арқасында. Елордамызды ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі — жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытамыз. Бас қаламыз жасай берсін, жаңара берсін! — деп тілегін жолдады.

Бүгінде Мәлік Сәдуұлының шәкірттері еліміздің құрылыс, сәулет, білім және басқа да салаларында еңбек етіп жатыр. Оның «Қолөнер — өміршең мол өнер» атты əдістемелік жинағы облыс көлеміне таратылды. Жаңалыққа жаны құмар, əрдайым ізденіс үстінде жүретін ұстаз 2010 жылы «Үздік қосымша білім беру педагогі» ретінде танылды. Облыс əкімінің арнайы грантын иеленіп, Ел Тəуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарық көрген «100 танымал есім» кітабына есімі енгізілді. 2017 жылы  Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде жолдасы Фарида екеуі — төрт баланы дүниеге əкеліп, немерелер сүйіп отырған жандар. Қолөнерші атадан қалған өнердің өміршеңдігін жоғалтпай, келер ұрпақ санасында мәңгі жаңғыруын шын тілейтін жандардың қатарында.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button