ЖастарМереке

Елбасымен жүздескен жастар

Нұр-Сұлтан қаласы — Елбасының қайталанбас туындысы. Оның ұлт болашағы үшін жасаған сәтті қадамдарының бірі. Биыл өзінің жиырма үш жылдығын тойлайтын астанамыздың абыройы асқақ, беделі биік, бүкіл әлем қызыға, көз тіге қарайды. Бүгінде Елордамыз болашағынан үміт күтер жастардың бас қосқан шаһарына айналды. Біз мерейлі мереке қарсаңында еліміздің бас қаласында Елбасымен жүздескен ақтөбелік жастармен сөйлесіп, олардың жылы естеліктері мен пікірлерін білген едік.

Сонымен…

Шаршы топта сөз бастау қиын екен

Асылжан БҮРКІТАЛИН,

«Jas Otan» төрағасының орынбасары.

Кезінде Бұқар жырау: – Қол бастау қиын емес, көк найзалы ерің болса. Жол бастау қиын емес, соныңнан ерген елің болса. Бәрінен де сөз бастау қиын, — деген екен. Бұл сөздің түп мағынасын 2019 жылы ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде сезінгендей болдым. Бұл күн мәңгі есімде қалды. Өйткені дәл осы күні мен республика жастарының атынан Елбасы алдында сөз сөйлеген болатынмын.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ жастар мәселесі мемлекеттің де, мемлекет басында отырған азаматтардың да  басты назарында болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды, әлі де асырылып жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда жастар саясатының іргетасына айналып, мыңдаған белсенді жастың басын бір бағытта тоғыстырған «Jas Otan» жастар қанаты да Елбасының тікелей бастамасымен партия жанынан құрылған болатын.

Мен 5 жылдай Ақтөбе облысында «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы қызметін атқардым. Ал биылғы қаңтар айынан бастап «Jas Otan» төрағасының орынбасары қызметіндемін. Елбасымыз айтқандай, қазіргі заман бізден жігерлі әрі бастамашыл болуды талап етеді. Ал өркениет көшінен қалмау үшін жастарға қолдау керек. Ол қолдау бар.

6 шілде күні аталып өтілетін Елорда күні — мен үшін де, Жас отандық жастар үшін де мерейлі мереке. Елорданың еңселі қала болуы жолындағы, бас қаламызды әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Оны жарқын болашаққа қанат қаққан өзім секілді жастар жақсы біледі.

Әнімнің сөзін ұмытып қалдым

Нұртас ОМАРОВ,

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның

классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш рет еліміздің бас шаһарында білім алып жүрген кезімде көрдім. Студент кезімде қосымша  Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласының мемлекеттік академиялық филармониясында қызмет жасаған болатынмын. Түрлі мерекелік шараларда топ болып өнер көрсетіп жүрдік. Ал жақынырақ көріп, жеке өзінің алдында өнер көрсетуім Ақтөбе қаласына келген соң болды. Елбасы ел басқарып тұрған уақытында іссапармен құтты мекенге жиі келетін. 2017 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы кезекті іссапарымен Ақтөбеге келетін болып дайындық басталды. Алғашында мен ол шараға қатыспайтын болып, емін-еркін жүргенмін. Шараға бір күн қалғанда Орал Байсеңгірдің әні мен сөзіне жазылған «Ақтөбенің ақ тілегі» атты жаңа әнді орындайтын болдым. Жаңа шығарма әрі түк дайындық жоқ. Оның үстіне Елбасының алдында өнер көрсету керек. Мұның барлығы мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Менде қобалжу басталды. Кезек өзіме келген кезде жаттаған әнімнің сөздерін ұмытып қалдым. Барлығын сезген болуы керек Елбасының өзі мені қолдап,  маған «қобалжыма» деп қолдау білдірді. Бұл менің еліміздің Тұңғыш Президентін алғаш рет жақыннан көріп, жеке өнер көрсетуім еді. Ал одан кейінгі  2018 жылғы Ақтөбеге сапарында мықты дайындалып, барлығын ойдағыдай өткіздік.

2013-2017 жылдар аралығында еліміздің астанасында тұрып, білім алдым. Аталған жылдар мен үшін қызығы мен қиындығы мол жолдар болды. Өйткені грантқа өте алмай, ақылы бөлімде оқыдым. Оқу ақысын төлеу үшін қосымша жұмыс жасадым. Менің бір түйгенім, Нұр-Сұлтан қаласында тұрғысы келетін адам өзге қала тұрғындарына қарағанда, бірнеше есе артық қимылдап, бірнеше есе артық жұмыс жасауы керек. Өйткені бұл қалада өмір сүру қарқыны өте жылдам. Бір күн ұйқыдан кеш тұрсаң, сол күнгі табысыңнан қалып кеткендей боласың. Қаланың тыныс-тіршілігі тым ерте басталады. Мен ең алғаш рет бұл қалаға 2009 жылы ән байқауына қатысуға келген болатынмын. Онда тек «Бәйтеректі» көріп кеткенмін. Ол кездегі шаһармен қазіргі қала бейнесін салыстыру мүмкін емес. Елорда — Елбасының бастамасымен дүниеге келген қала. Сондықтан мен Елорда мен Елбасы егіз ұғым дер едім. Бүгінде бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отырған бас қаламыздың әлі де біз елестете де алмайтындай дәрежеде үлкейіп, гүлденетініне сенімдімін. Нұр-Сұлтан — болашақтың, жастардың қаласы. Әрбір адам сонда тұрып, сонда еңбек еткісі келеді. Ал ондай бақыт маған бұйырды.

Қазір Ақтөбе қаласында тұрып жатырмын. Бірақ астананы жақсы көретін, жақсы естеліктерімен ғана еске алатын қазақ баласының бірімін.

Туған күніңмен, Елордам!

Шабыт сыйлаған кездесу

Арман ҚАБЫЛОВ,

Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

2011 жылы Исламғали Құрманов атындағы ауылдық округ аппаратына жас маман болып келдім. Бір жылдан соң Нұр-Сұлтан қаласында «Jas Otan»-ның екінші съезі өтетін болып, аудандағы белсенді жастардың бірі ретінде аталған шараға делегат болып сайландым. Алғашында аудан бойынша 6 адам баратын болды. Кейін ол тізім 4 адамға қысқарды. Бұл менің еңбек жолымдағы Елбасымен де Елордамен де алғаш кездесуім болатын.

Жұмысқа күні кеше келіп, бүгін Президентпен кездесуге жолдама алған жастың ішкі жай-күйін өзіңіз сезе беріңіз. Үш ұйықтасаң да түсіңе  кірмейтін жағдай ғой. Съезде Елбасы алдында сөйлейтін спикерлер қатарында болмасам да, Нұрсұлтан Әбішұлының әңгімесін тыңдап, бетпе-бет кездесу мен үшін үлкен жетістік болды. Ол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Одан бері де 10 жылға жуық уақыт өтіпті. Бірақ мен сол сәтті есіме алған сайын, өзімді іштей жігерлендіріп, жұмысқа да ерекше қарқынмен кірісемін. Сол деңгейді түсіріп алмау мақсатында еңбек етіп келемін.

Сол барғанымда  астананы да алғаш рет көргенмін. Күн емес сағат сайын гүлденіп, көркейіп келе жатқан бас қаламыздың бүгінде атауы да өзгерді. Әлемдік аренада өзіндік орны бар мемлекет құрудағы көпжылдық еңбегі үшін Елордаға еліміздің Тұңғыш Президентінің есімін беру — дұрыс шешім дер едім. Бас шаһарымыздың бүгінгідей дәрежеге жетуі, ең алдымен, Елбасының арқасы.

Жаңа жасын тойлағалы отырған астанамыздың әлі де көркейе беретініне еш күмәнім жоқ. Өз болашағымды да, балаларымның болашағын да сол қалада елестетемін. Бұл тек менің ғана емес,  жүрегі елім деп соққан, Тәуелсіз Қазақстанның кез келген ұрпағының арман-тілегі болар.

Өмірімдегі ең жарқын сәт

Айна КЕНЕСАРИНА,

«Қазхром трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 цехының жұмысшысы.

Менің Елбасымен кездесуім 2016 жылдың көктемінде болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақордада әдемі кездесу ұйымдастырған болатын. «Көктем шуағы» деп аталатын мерекелік кездесу менің өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі болып қалды. Тікелей Президенттің қатысуымен өткен кешке қатысу кім-кімге болса да ерекше әсер етері анық.

Кездесудің алдында екі-үш күн бойы толқып жүрдім. Ал кездесу кешінде Елбасыны көргеннен кейін барлық қорқынышым ұмытылып, өзімді еркін ұстадым. Бірақ қатты қобалжыдым.  Жиналғандардың барлығы өздерін таныстырып шықты. Кезек маған келгенде Мемлекет Басшысының алдында 27 жігіттің арасында темір жонушы болып жұмыс істейтін жалғыз қыз екенімді, зауытта бес жылда 900-ге жуық жұмыс орны ашылғанын айттым. Кездесуге еліміздегі түрлі салада еңбек ететін қыз-келіншектер келді. Нұрсұлтан Әбішұлы барлығымызбен емен-жарқын сөйлесіп, бізге әдемі тілегін жеткізді. Елордадан өте тамаша әсермен оралдым. Келген соң мен туралы жергілікті БАҚ өкілдері түрлі тақырыпта мақала жазды. Тіпті сол кезде көшеде танып қалып жатқандар да болды (күліп). Одан бері 5 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ барлығы мен үшін күні кеше болған тәрізді. Президентпен кездесуден соң жарты жылдан кейін басқа цехқа ауыстым.  Қазір Мұхаммад есімді ұлым бар, декреттік демалыстамын.

Нұр-Сұлтан қаласында өте сирек боламын. Бірақ жүрегіммен жақсы көретін қалаларымның бірі. Туған күнің құтты болсын, Нұр-Сұлтан!

Күнтізбемдегі ең маңызды күн

Жанна АЛТЫНБАЕВА,

жас кәсіпкер.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен ең алғаш рет 2019 жылдың 27 қарашасы күні кездестім. Елбасымен кездескен күн менің өмірімнің күнтізбесіндегі ең маңызды күн. Ол күнді, сол сәтті  ешқашан ұмытпаймын.  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен кездесуде мен сөз сөйлеп, өзімнің кәсібім туралы айттым. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлына оған деген құрметім ерекше екенін жеткіздім. Әрине, толқығаным рас, күнде Президент алдында сөз сөйлемейміз ғой (күліп). Бірақ ойымды барынша жинақтап, әдемі сөйлеуге тырыстым. Елбасы кездесуден соң барлығымыздың қолымызды алып, кезек маған келгенде «Жарайсың!» деп өзінің ризашылығын білдірді. Сол кездесуден кейін мен өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ екенін ұқтым. Шалқар шабыт сыйлаған шараның бірі болды.

Мен 19 жасымнан бастап кәсіпкерлік саласында жүрмін. Алғашында әйелдер киімін сатып бастағанмын. Қазір бизнесімнің ауқымын кеңейттім. Ал  2016 жылы алған білімім мен тәжірибемді ұштастырып  туристерге арнап «Nice hostel»  халықаралық стандарттарға сай келетін  қонақүйін аштым. Біздің елде өз кәсібін бастаймын деген адамға қолдау да, жағдай да бар. Тіпті шетелден тәжірибе жинап келу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұның барлығы, Елбасының  сарабдал саясатының арқасы деп білемін.

Бүгінде әлем астаналарымен иық тірестіре алатындай дәрежеге жеткен Нұр-Сұлтан қаласы да Елбасының жасаған еңбегінің бір көрінісі. Көпшіліктің сүйікті қаласына айналған астанаға бара бергің келеді. Әр барған сайын тек жаңарған тұсын көресің.

Барлық ән-дастанымыз арналатын сүйікті қаламыздың тек жарқырап, жайнай беруін тілеймін!

 

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button