Мереке

Жүрегі «Ақтөбе» деп соғатын астаналықтар

Еліміздің астанасы — Нұр-Сұлтан қаласы күннен-күнге дамып келеді. Бұл туралы тек 6 шілде күнгі мерекеде емес, жыл бойы айтып-жазып жүргендер көп. Осы орайда біз қазіргі таңда елорданың тұрғындарына айналған ақтөбеліктерді сөзге тартып, бас қаланың шын мәніндегі келбеті туралы білген едік.

Суретшінің көзімен…

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Әділғали Баяндин 2012 жылы бас қалаға қоныс аударған. Ақтөбеде туып-өскен өнер иесі мұндағы басты себеп — шығармашылығын шыңдау болғанын айтады. Өткен 9 жылда талай байқауларға қатысып, шетелдегі көрмелерге атсалысқан ол:

— Қазіргі таңда Қазақстан Суретшілер одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалында жұмыс істеймін. Яғни бала кезімнен сүйікті ісім бүгінде негізгі қызметіме айналды. Өзімнің шеберханам бар. Осында көшкелі түрлі халықаралық, республикалық байқауларда бағым мен бабымды сынап, жеңімпаз атандым. Бұл қала шығармашылық тұрғыда шыңдалуыма оң әсер етті. Жер-жерде ұйымдастырылған ұжымдық жолдамаларға қатыстым. Мысалы, Ұлыбританияға дейін бардық. Жалпы, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған адамдар көп қой. Пікір алысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол. Сонысымен ерекше, — дейді.

Біз хабарласқанда елорда күніне арналған көрмеге қызу дайындалып жатқанын айтқан кейіпкеріміз қала көріністерінен тұратын картиналарының көптігін қосты. Соның ішінде «Бәйтерек» монументі бейнеленген жұмыстары біршама екен. Біразын шетелдіктер алдын ала аттай қалап, сатып алатын көрінеді. Сондай-ақ астананың сол жағалауын, ескерткіштердің суретін салғанды жаны сүйетінін білдік.

— Әрине, Ақтөбемен байланысты үзгем жоқ. Туған жерім әрдайым жүрегімнің түкпірінде ғой. Байқау, симпозиумдардың өтетіні туралы хабар түссе, бірден осындағы өнердегі іні-қарындастарыма хабарлауға асығамын. Жерлестеріме жанашырлығым алабөтен. Солар биіктен көрінсе деп тілеп тұрамын. Аға деген атым бар емес пе?! Қолдан келгенше үлкендігімді көрсетіп, қамқорлығымды аямауға тырысамын, — дейді Әділғали Баяндин.

Мерекені Ақтөбеде қарсы алатын қыз

— Бір қызығы, елордада 4 жыл тұрсам да, 6 шілдеде ылғи Ақтөбеде болады екенмін. Себебі мерекеде берілетін демалыс — ата-анамның қасында болуға мүмкіндік. Бірақ биыл елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты алғаш рет атаулы күнді астанада қарсы алатын шығармын, — деп әңгіме тиегін ағытқан Әсем Айжарықова Нұр-Сұлтанға білім қуып барған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің шетел филологиясы мамандығын тәмамдаған бойжеткен оқуын бас қалада жалғастыруды жөн көріпті. Ол — Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінің мәдениеттану мамандығы бойынша магистратурасының түлегі. Соңғы аталған жоғары оқу орнын бітіргесін сол жерде кітапханашы болып қызметке қабылданған.

— 2017 жылы қолыма дипломды алған бойда оқуымды үзбейін деп Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасына құжаттарымды тапсырдым. Жолым болып грантқа түсіп кеттім. Сол уақыттан бері аталған қаланың тұрғынымын. Осында жұмыс істегім келді. Дегенмен реті келсе 1-2 ай сайын Ақтөбеге сапарлатып тұрамын. Әке-шешемді сағынамын әрі үйдің жалғыз қызымын, — деп күлді Әсем.

Оның айтуынша, ел астанасы ауа райымен ерекше. Сосын сәулеті айрықша. Жыл санап зәулім ғимараттары көбейіп келеді. Тазалыққа да баса мән беріледі. Әр көрінісінен эстетикалық ләззат алатынын баян еткен әңгімелесушіміз бұл мекенді жастардың және болашақтың қаласы деп санайды.

— «Елорданың әдемі жерлері көп. Дегенмен мен үшін ерекше әдемісі — Есіл өзенінің жағалауы. Судың бойында орналасқан ғимараттар шетелдегідей өзгеше сәулет өнері үлгісімен салынған. «ЭКСПО» орталығы да алыстан көз тартады. Жалпы, астанада қыдырып баратын жерлер көп, — дейді ол.

Бос уақытта сурет салып, ән айтқанды, сондай-ақ ас әзірлегенді жақсы көретін Әсемнің астанамен байланысты арманы көп… Біз соның орындалуын тіледік.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Нұр-Сұлтан — Азияның ең солтүстігінде орналасқан қала. Қазіргі уақытта елорданың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, ал тұрғындар саны — 1 миллионнан көп.

«Елордаға 19 мың теңгемен келдім»

Ақтөбенің тағы бір перзенті — Арман Телев Нұр-Сұлтанды үлкен мүмкіндіктер қаласы дейді. Ел астанасында кәсіп бастап, оны табысты жүргізіп отырған азаматтың сөзінің жаны бар…

— Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын өз-өзімнен Ақтөбеге «сыймай», орталыққа қарай бір күш тартты да тұрды. Содан әскерден оралған соң бірден астанаға жол жүрдім. Қалтамда 19 мың теңгем бар, ешкімім жоқ. Тек осы қалада қоныстануға деген құлшынысым күшті. Жолым болып, 4-5 күнде компаниялардың біріне мамандығым бойынша электромонтер ретінде жұмысқа орналастым. Алғашқы жалақым — 60 мың теңгені алғанда, қалай қуанғанымды көрсеңіз. Сол бойда бірден қалың етік алдым (күліп).

Көп ұзамай қызметімде еңбегім ескерусіз қалмай, біртіндеп жоғарылай бастадым. Цехтің шебері болдым. Ал 2013 жылы өзімнің компаниямды ашып, жеке бизнеспен айналысуға бел будым. Қазіргі таңда үш серіктестіктің иесімін. Барлық ғимараттарға электр энергиясын тартуға маманданғанбыз. Сондай-ақ «Электр энергетиктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасымын, — дейді 35 жастағы Арман.

Сарыарқа төрінде семейлік қызбен танысып, отау құрған азамат — 5 баланың әкесі. Осылайша жеке өмір мен қызметте Айы оңынан туған кейіпкеріміз орталық қала оған қай жағынан да жаққанын тілге тиек етті.

«Елорданың барлық жері ұнайды. Тәртіп бар. Шаһар жылма-жыл көркейіп келеді. Соның ішінде өзім ток тартқан, яғни жарық жүргізген жерлер ерекше ыстық», — дейді кәсіпкер.

Ақтөбелік жерлестерінің бірқатарымен араласып, жиі кездесіп тұратынын айтқан Арманның достары көп екен. Соның ішінде өзінің кіндік қаны тамған жер — Мәртөк ауданынан шыққан жастар легі бас қалада баршылық. Олармен жұма сайын қауышып тұру дәстүрге айналыпты.

— Дей тұрғанмен, елге келуді ұмытпаймыз. Жылына кем дегенде 2-3 рет ауылыма келіп кетемін. Барлық жерлестеріме газет арқылы сәлем жолдаймын, — деп сөзін түйіндеді А.Телев.

Шығармашылығын дамытқан шаһар

Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің бас бишісі Әсел Әлібекова жаңа ғасыр басында, яғни 2000 жылы астанаға көшіп барған. Сол жақтағы «Шұғыла» би мектебінде оқыған жерлесіміз бүгінге дейінгі жетістіктерінің барлығы анасының арқасында екенін атап өтті.

— Қазіргі таңда өзіме ұнайтын жерде жұмыс істеймін. Отбасым бар, екі қыздың анасымын.

«Елорда жастары» байқауында жеңіске жетіп, шығармашылығымды одан әрі дамытып жатырмын. Бұл істе, сөзсіз, тұрғылықты жердің рөлі зор. Астананың тұрғыны болғаныма қуанамын.

Туған жердің орны бәрібір бөлек. Ақтөбе дегенде жүрегім әрқашан басқаша лүпілдейді, — дейді Әсел.

Сөз соңында елордаға игі тілегін арнаған ол ақтөбеліктерге жалынды сәлемін жолдады.

Әдемі қалаға қайта оралған әріптес  

Әріптесіміз Гүлбағда Көбееваның Нұр-Сұлтан қаласына жұмысын ауыстырғалы көп бола қойған жоқ. Аз уақыттың ішінде сондағы ортаға сіңісіп кеткен жерлесіміз қай кезде де өсіп-өнген өңірді ұмытпайды. Журналист достарына да хабарласып, дәйім жағдайын біліп тұрады.

— Сарыарқа төсіндегі қалаға көшкелі екі жылға жуықтап қалды. Бұл — бас шаһарға екінші рет қоныс аударуым. Алғашында, 2012 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеу үшін көрікті мекенге келдім. Үш жылдай республикалық телеарнада қызмет етіп, кейін туған жерім — Ақтөбеге қайта оралып, облыстық телеарнада 5 жыл жұмыс істедім. Тұрмыс құрып, балалы-шағалы болдым.

Екінші рет елордаға келуіме тағы сол жұмысым себеп болды. Қазіргі уақытта республикалық «КТК» телеарнасының Нұр-Сұлтан қаласындағы меншікті тілшісімін.

Маған жүріп өткен жолымдағы барлық жұмысым ұнайды. Екі жақты салыстыру жайын айтсам, мәселен, «Aqtóbe» телеарнасында жүргенде, өңірлік медианың қыр-сырына үңіліп, 12 ауданды араласам, республикалық арнада жұрттың әр мәселесін ашық, бүкпесіз-боямасыз көрсете аласың. Әкім, шенеуніктердің ширақ қимылдауына да телеарна «өнімі» әсер етеді, — дейді Гүлбағда.

Ылғи ізденіс үстінде жүретінін айтқан ол сөзін былай деп сабақтады: «Абай айтқандай, «оқысам, білсем, тоқысам» дейтін қызбын. Өйткені адам бір орында тапжылмай отырса немесе күнделікті бір істі қайталай берсе, тоқырауға ұшырайды. Қазір заман басқа. Әрқашан ізденбесең, болашағыңды жарқын етіп елестету қиындай түседі. Елордаға көшіп келген ақтөбеліктер де осы қағиданы берік ұстанған».

Бас қалада жерлестерімен жиі жүздесетін журналист мұндағы ауызбіршіліктің мықты екенін айтты. Олар үшін шүйіркелесіп әңгіме айтып, бір-біріне бағыт беру һәм жол сілтеу — қалыпты құбылыс.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button