Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ұлы даланың рухы сіңген…

Қазақтың жанына, рухына әбден сіңіп кеткен, қазақпен егіз ұғымдар бар: ерлік, Дала, домбыра, жылқы…

Домбыра — өте көне аспап. Бұл — жайдан-жай айтылмаған, археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер арқылы жасалған тұжырым.

Мысалы, көне Хорезм жерінен, Қазақстанның оңтүстігінен қос ішекті аспапта ойнап тұрған адамның күйдірілген саздан жасалған бейнелері табылған. Осы бейнелерге қарап, зерттеушілер домбыраның түп атасы бұдан 4-5 мың жыл бұрын да бар болған деген тұжырым ұсынады.

«Домбыра» сөзі қайдан шыққан?

«Домбыра» сөзінің қайдан шыққанына жорамал айту өте қиын. Мұның өзі оның өте ерте заманнан келе жатқанымен байланыстырылады. Әбіш Кекілбаев: «Қобыз» сөзі ежелгі «абыз» деген, сыбызғы — «сыбыс», қазақтың «домбыра», арабтың «тамбур»,  бенгалдың «тапыр», гректің «тамир» сөздері әуелде үн шығаратын белгілі бір нәрсені білдіретін ең бір түпкі ұғымнан тараса керек-ті», — деп жазыпты. Міне, осындағы «ең бір түпкі ұғымнан» дегенге көңіл аударыңыз. Мысалы, алтай тілдерінің батыс тармағына жататын түркі және моңғол тілдері қазіргі жыл санауымызға дейінгі 4-мыңжылдықтың орта тұсына дейін бір тіл болып келген деп болжанады. Зерттеушілердің айтуынша, моңғол халықтарында «домбор» аталатын музыкалық аспап бар. Ал түркілердің ішінде аты да, заты да қазақтың домбырасына толық дерлік сәйкес келетін аспабы бар халықтар — ноғай мен башқұрт. Түркі халықтарының бір тобы домбыраға ұқсас шертпелі аспабын — «қомуз», енді біреулері «дутар» деп атайды.

Белгілі домбырашы, өнертанушы Мұрат Әбуғазы да «домбыра» атауының шығуына қатысты: «Домбыра атауының этимо­логиясына байланысты әртүрлі жорамалдар айтылады. Бірақ осы уақытқа дейін музыка зерттеушілері әлі бір тоқтамға келе қойған жоқ. Домбыра атауы «дом+бұра» деген қосарланған сөзден тұратындығы байқалады. Қазақта әлі күнге дейін «ем-дом» деп қосарлана айтылатын сөз тіркесі бар. «Дом» сөзі қазіргі қолданыста ұлғаю, ісіну деген мағынаны білдіреді. Адамның қолы суықтан тоңып немесе ісініп кеткенде «домбығып кетіпті» деп жатады. Сонымен қатар Орталық Қазақстанда Домбауыл деген тарихи тұлғаға тұрғызылған көне мазар сақталған», — дейді.

Бізге белгілісі — бергі тарихтағы қазақтың ақсүйегінің де, би-батырының да, қалың бұқарасының да домбыраға, жыршылық, күйшілік өнерге етене жақын болғаны. Мысалы, Абылай ханның бүгінгі зерттеушілер тауып, тізімге алған 18 күйі бар. Ал зерттеушілерге жетпеген, жоғалып кеткен күйлерінің саны белгісіз. Әйгілі күйші Дәулеткерей — Әбілқайыр ханның ұрпағы. Таратар болсақ: Әбілқайыр хан — Нұралы хан — Шығай хан — Дәулеткерей (1820-1887 жж.).

1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушыларының бірі, ақын Махамбет Өтемісұлының оннан астам күйі бізге жетіп, бірқатар орындаушылардың репертуарында жүр.

Абылай ханның бүгінгі ұрпаққа әрі өсиеті, әрі уайымы ретінде жеткен сөзі бар:

«Білекке сенген заманда,

Ешкімге есе бермедік.

Білімге сенер заманда,

Қапы қалып жүрмелік».

ХХ ғасырдың ішінде халқымыздың білексіз де, білімсіз де қалған уақыты болды. Білектің жайы түсінікті, ал өз уақытына лайық білім алып, сол білімін қазақты замананың ұлы көшіне ілестіру үшін жұмсамақ болған ұлттың аяулы перзенттерін 37-нің зұлматы тып-типыл етіп, жоқ қылды. Даласының билігі өзінен мүлде кеткен, жол көрсетер, көзі ашық азаматтары атылып, айдалып жоқ болған, малы, жаны қырылып, әбден еңсесі түскен қасіретті жылдардан соң, қазақтың рухын қайта оятқан, қайта тірілткен күш осы домбыра еді. Кешегі қариялардың ұрпақ санасына «қасиетті қара домбыра» деген ұғымды сіңіруі тегіннен-тегін болмаса керек.

Қазіргі жаһандану заманында да ұлт болып сақталып қалу үшін, заманауи білімге қоса, ұлттық руханиятың да сонымен теңдес, екінші қанатың сынды болуға тиіс. Ал біздің руханиятымыздың өзегі, діңгегі — домбыра, сол домбыраның шанағынан күмбірлей төгілетін қазақтың 5 мың күйі; ән мен жыры, жыраулар поэзиясы…

2018 жылы Елбасы Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісінің Ұлттық домбыра күні болып белгіленуінің сыры осында.

Қазанғаптың домбырасы қайда сақтаулы?

Биылғы Ұлттық домбыра күні қарсаңында біз оқырмандарымызға облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы домбыралар жөнінде деректер беруді жөн көрдік.

Аталмыш музейдің қорларды ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі Жаңылған Данабаеваның айтуынша, музейде сақтаулы домбыраларды үш топқа бөлуге болады: біріншісі — қазақтың домбыра дәстүрінің көрнекті өкілдері, яғни күйшілер мен орындаушылардың домбыралары, екіншісі — домбыра жасаушы шеберлерден қалған жәдігерлер және үшіншісі — Ақтөбе өңірінен шыққан белгілі тұлғалар ұстаған домбыралар.

— Мысалы, біздің музейімізде өткен ғасырдың сонау 40-жылдарынан бастап, ұзақ уақыт бойы Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің мүшесі болған, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Айса Шәріповтің, Қазанғап мұрасын жалғастырушы Балтұрсын Сарыбаеваның, бүгінгі ұрпаққа есімі жақсы таныс күйшілер Бақыт Басығараев пен Момын Байғаниннің домбыралары бар, — дейді Жаңылған Данабаева.

Есімдері аталған күйші-домбырашылардың әрқайсысының шығармашылық жолы — бүгінгі буынға үлкен өнеге. Ойылда туып-өскен Айса Шәріпов 13-14-тегі  жасөспірім шағында белгілі мамандардың сынынан сүрінбей өтіп, халық арасында «практикалық консерватория» аталған, республикадағы ең белгілі өнер ұжымдарының бірі — Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне қабылданды. Оның орындауында жазылған күйлер «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» (2010 жыл) музыкалық антологиясы, «Аманат. Қазақ күйлері антологиясы» (2021 жыл) сынды жобаларға енгізілді. Айсаның жеке репертуарында халық күйлері, Қазанғап, Боғда, Тәттімбет, Сүгір, т.б. күйшілердің туындылары болды. Оның 19 пернелі домбырасы музейге 2013 жылы тапсырылған. Тапсырушы — жиеншары Ақмарал Естілеуова екен.

Балтұрсын Сарыбаева — белгілі күйші Дина Нұрпейісова сынды, сахнаға аппақ кимешекпен шығып, күй төгілткен аяулы аналарымыздың бірі. Ол алдымен Ырғыз халық театрында, одан соң Ақтөбе филармониясында еңбек еткен. Балтұрсын Сарыбаева 1906 жылы Ырғыз ауданының Ақши ауылында туып, 1967 жылы дүниеден өтті. Өмірінің соңғы жылдарында облыс орталығында тұрған. Музейде оның домбырасымен қатар, сахналық әшекейі де сақтаулы.

Күйші Бақыт Басығараев — Қазанғаптың немере шәкірті, таратып айтсақ: Қазанғап — оның тікелей шәкірті Қадірәлі Ержанов — Қадірәлінің шәкірті Бақыт Басығараев. Ол 13 жасынан бастап домбыра тартқан, кейіннен ұзақ жылдар газ саласында еңбек ете жүріп те, домбырасын қолынан тастамады. Ал 1987-2001 жылдар аралығында Қазанғап мұрасын насихаттаумен біржола айналысты. Бүгінде Бақыт Басығараевтың жолын ұлы Еділ мен немересі Бексұлтан жалғап келеді. Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, күйші Еділ Басығараевтың шәкірті — Ардақ Елеусіз 2017 жылы халықаралық «Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасында «Күй» аталымы бойынша жеңімпаз болды. Ал Бексұлтан Бақыт 2018 жылы Ақтөбеде өткен республикалық «Ақжелең» күйшілер байқауында бас жүлдеге ие болды. Қазақтың күй өнеріндегі ең ірі жеті мектептің бірі саналатын Қазанғап мектебінің бір тармағы осылайша жалғасып жатыр.

Бақыт Басығараевтың өзі шығарған күйлері де бар: «Аманқосым, аман бол», т.б. Көзінің тірісінде ол облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, қазақтың күйін, соның ішінде Қазанғап мұрасын насихаттау жолында көп еңбек етті. Бақыт Басығараевтың домбырасы музейге 2006 жылы тапсырылыпты.

Музей қорында Момын Байғанинге Ұлттық домбыра күні ең алғаш атап өтілген 2018 жылдың 1 шілдесінде сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сыйлаған домбырасы да тұр. Жасы 80-нен асып дүниеден озған Момын ағаның өмірінің соңына дейін, тіпті көзі көрмей қалған кезінде де қолынан домбырасын тастамай өткенін білеміз. Бұл — оның ғұмырының соңғы жарты жылында серік еткен домбырасы.

Момын Байғанин үш жасынан бастап қолына домбыра алған, домбыра тартуды алғаш әкесі Нұрпейіс пен ағасы Ғалымнан үйренген. Ол өзінің әңгімесінде әрдайым: «Жұрт әкемнің жыр-дастандарын, өлеңдері мен айтыстарын ғана біледі. Ал күйшілік өнері мүлде айтылмай қалды. Әкем керемет күйші болған. Оның ең сүйіп орындайтын күйі — халық күйі «Қарасай-Қази» екен», — дейтін. Нұрпейіс Байғаниннің зерттеушілер назарынан тыс қалған күйшілік өнерін кенже ұлы Момын жалғады. Ол Ақтөбедегі төрт оқу орнында — мәдени-ағарту, педагогикалық және музыкалық училищелер мен педагогикалық институтта музыкадан сабақ беріп, шәкірттер тәрбиеледі. Он жасынан бастап сахнаға шыққан Момын Нұрпейісұлының репертуарында Құрманғазы, Қазанғап, Абыл, Жантөре, Абылдың шәкірті — Қауен, т.б. көптеген күйшілердің шығармалары болды. «Әнді сүйсең, менше сүй» деп ұлы ақын айтқандай, Момын ағаның күйді, өнерді сүюі айрықша еді. Сол ғажап жанның соңғы ұстаған домбырасын жары Манар апай мен қызы Гүлмира музей қорына әкеліп тапсырыпты. Біз үшін бұл — баға жетпес құнды жәдігер.

Музей экспозициясында тұрған тағы бір домбыра ерекше назарымызды аударды. Бұл — Қазанғап домбырасының көшірмесі. Иә, «күйдің пірі» атанған Қазанғаптың (1854-1921 жж.) өзі ұстаған домбырасы бүгінгі ұрпаққа жеткен. Ол алдымен шәкірті Қадірәлі Ержановтың үйінде сақталған. 1978 жылы белгілі ғалымдар — Бек Сүлейменов пен Мардан Байділдаев жетекшілік еткен ғылыми экспедиция күйшінің туған жерінде болып, оның домбырасын Алматыға ала келген. Келген соң оны Қазанғап мектебін жалғастырушы майталман домбырашы, бүкіл саналы ғұмырын күйші мұрасын насихаттауға, зерттеуге арнаған Сәдуақас Балмағамбетовке табыстаған. Қасиетті домбыра Сәдуақас Балмағамбетовтің шаңырағында 40 жылға жуық уақыт сақталып, 2016 жылы Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне тапсырылған. Айта кетелік, бұл музейде 200-ге тарта домбыра сақтаулы. Олардың арасында, Қазанғап домбырасынан бөлек, Абайдың үш ішекті домбырасы, Динаның, Жамбылдың, Ақан сері мен Біржан салдың, Ахмет Жұбановтың домбыралары бар.

Ал біздің облыстық тарихи-өлкетану музейіміз Қазанғаптың домбырасын белгілі шеберлер әулетінен шыққан Бақытжан Ділмановқа арнайы тапсырыс беріп, 2019 жылы жасатқан екен.

Балаларға домбыра сыйлаған шебер

Ұсталарға жырдан ескерткіш «соққан» Сағи ақын (Сағи Жиенбаев) көрік үй туралы:

«Лапылдап ұшқан жалынның

Жарығы түнді тіледі.

Сол бір үй біздің ауылдың,

Секілді соққан жүрегі», — дейді. Расында, зауыт-фабрикасы жоқ, сыртқы саудасы дамымаған тұста, қазақ даласында ұсталардың көрік үйіндегі тынымсыз еңбек — әр ауылдың тыныс-тірлігінің бастауы, қозғаушы күші болды. Күнделікті тұрмысқа ең қажетті бұйымдардан бөлек, ел қорғайтын батырдың бес қаруы, қыз-келіншектердің сәндік әшекейлері мен алқалы топта өнер көрсететін әнші-күйшінің аспабы да сол шеберлердің қолынан шығатын.

Сондай шеберлердің бірі — Қарамұқан Басшин (1901-1982 жж.) Байғанин ауданының «Амангелді» ұжымшарында ғұмыр кешкен. Бір өңірге әйгілі ағаш шебері, зергер болған, етік тігумен де айналысқан. Ұжымшардың ұстасы, сиыр фермасының меңгерушісі болып еңбек етіпті. Араб, латын әріптерімен хат та таныған. Бір қызығы, музейде сақталған деректер бойынша, табиғат өзгерістерін, ауа райын зерттеумен де айналысқан екен. Дәптер бетіне қолмен жазылған деректе оның ұзақ жылдар бойы ауа райын бақылап, календарь жүргізгені айтылыпты. Өкінішке қарай, бұл айтылған күнтізбесі, табиғатты бақылаудан түйген ой-тұжырымдары бізге жетпеген.

Музей қорында Қарамұқан Басшиннің қолынан шыққан екі бала домбыра сақтаулы. Оның бірі — қалақ, екіншісі жұмыр шанақты. Соңғысы этнография залының экспозициясына қойылған. Осы экспозицияда шебердің көрігі, оның қолынан шыққан сүйектелген ер-тұрман бар. Жалпы, Байғанин өңірі тұрғындарында оның қолынан шыққан домбыралар көп болған. Ал музейдегі жұмыр шанақты домбыра 1984 жылы Шырынбай Қарамұқановтан сатып алынған. Қорда сақтаулы екінші домбыра 1975 жылы жасалған. Ол музей қорына 1988 жылы түсіпті.

Этнография залының экспозициясында, сондай-ақ сүйектелген көне домбыра тұр. Оның шеберінің аты сақталмаған. Тек «К.Жилибаев» деп көрсетіліпті. Ерекше шеберлікпен жасалған бұл құнды жәдігерді музейге 1968 жылдың 12 мамырында Ойыл ауданының тұрғыны Несібелі Жилибаева (жазылуы бойынша көрсеткенді жөн көрдік) тапсырыпты.

Музей қорында сақталған домбыралардың бірі — артқы бөлігінде арабша жазуы бар, әдемілеп жасалған қалақ пішінді домбыра. Оның Үсен деген шебердің қолынан шыққаны жазылыпты. Тапсырған — Б. Нұрымбаева. Дерегінде: «1991 жылы ұрпақтары тапсырған» — деп көрсетілген.

Жаңылған Данабаеваның айтуынша, қорда бұлардан басқа да бірқатар шебердің қолынан шыққан домбыралар бар. Мысалы, белгілі қолөнер шеберлері Ерқосай Әбілов пен Құтым Қасеновтің жасаған домбыралары, т.б. Құтым Қасенов — 2001 жылы Алматыда өткен «Үкілі домбыра» байқауының күміс жүлдегері. (Домбыра жасаушы шеберлердің «Үкілі домбыра» байқауы алғаш рет 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайына орай ұйымдастырылып, кейін жалғасын тапқан еді.)

Генерал Кереевтің сағынышы

Бұрын қазақта домбыра ұстамайтын шаңырақ болмаған.

— Музей қорында тек сазгерлер, орындаушылар немесе шеберлер ғана емес, әр салада еңбек еткен белгілі тұлғалардың домбыралары да бар. Өзін қазақ санайтын әр адам домбыра ұстаған ғой. Қайда жүрсе де, домбыраны өзімен бірге ала жүрген, бұл киелі аспапты ерекше қадірлеген жандардың бірі — генерал Жансен Кереев екен. Ол Абайдың әндерін сүйіп орындаған, — дейді Жаңылған Данабаева.

Жансен Кереев — қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант. Ал қазақтан шыққан тағы бір үлкен әскери қайраткер, ол да Ақтөбе топырағының перзенті, полковник Ким Серікбаевтың естелігінде туған жер, Ақтөбе туралы сөз қозғала қалса, Жансен Кереевтің қолына домбырасын алып, «Ақ Жайық» әнін шырқайтыны айтылған.

Өкінішке қарай, генерал Кереев 53 жыл ғана ғұмыр кешті. Оның 33 жылын шет жерде өткізді. Бүгінде облыстық музейдің төрінде тұрған домбырасы бізге оның еліне, жеріне деген махаббаты мен сағынышының куәсіндей көрінеді.

1983 жылы Мәскеуде жұмбақ науқастан көз жұмған Жансен Кереевтің асыл сүйегі де шетте қалып қоя жаздады. Бұл іске сол кездегі республика басшысы Дінмұхамбет Қонаев араласып, генералдың мүрдесінің Қазақстанға берілуін табандылықпен талап еткен. Жансен Кереев Алматыдағы Кеңсай қорымына жерленген. Ал Ақтөбеде де оның ескерткіші тек тәуелсіздік кезеңінде, атап айтқанда, 2000 жылы орнатылды.

Музейдің қорында белгілі жазушы, сатирик әрі ұстаз Үмбетбай Уайдиннің домбырасы да бар. Он екі пернелі домбыраның шанағының орта тұсында — «60 жыл», бір жағында — «Үмбетбай Уайдинге», екінші жағында «Республикалық мектеп-интернат» деген жазулар бар. Үмбетбай Уайдин Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта, Әбіу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Ол — тек берген білімімен ғана емес, әрдайым әр студентін, әр оқушысын Адамдық пен адалдыққа баулуға тырысатын асыл болмысымен де шәкірттерінің жүрегіне мәңгі жол тапқан ұстаз. Музейде сақтаулы домбыра оның мерейлі жасына әріптестері мен шәкірттерінің атынан сыйға тартылған болса керек. Облыстық музейдің қызметкерлері оны 2008 жылы Алматыға іссапар барысында әкелген екен. «60 жыл» деген жазуға қарап, 1995 жылы (Үмбетбай Уайдин сол жылы 60 жасқа толды) тарту етілген деп есептесек, бұл домбыраны Үмбетбай ағамыз 13 жыл бойы серік еткен екен…

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында осындай домбыралар сақталып келсе, ал домбыраның өзі — ғасырлар бойы Ұлы даланың рухы сіңіп, сол рухты сақтап келе жатқан аспап.

Индира ӨТЕМІС.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button