Басты жаңалықтар

Лагерьге  бару қанша тұрады?

Сабақтың біраз бөлігін қашықтан оқыған балалар биылғы каникулды жылдағыдан да ерекше күткені анық. Оқу жылы аяқталысымен ата-аналар да балаларының жазғы демалысын тиімді өткізуін қамтамасыз етіп әлек. Бірі лагерьге жолдама іздесе, екіншісі баласын мектептегі жазғы алаңға тіркеді. Облыста қандай лагерьлер жұмыс істейді? Жолдама құны қанша? Жеңілдік кімдерге қарастырылған? Оны қайдан алуға болады? Осындай сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Үш бағыт

Биыл мектеп оқушыларының бойы мен ойын сергітуді ұйымдастырудың өзіндік ерешеліктері бар екен.

Облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасардың айтуынша, қауіпті індетке байланысты биыл оқушылардың жазғы демалысының форматы сәл өзгертіліп, тек үш бағыт бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, қала сыртындағы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру, жекелеген санаттағы балаларды жазғы іс-шаралармен қамту, қосымша білім беру ұйымдары мен  мектептер жанынан жазғы алаңдар ашу.

— Облыста 159 мыңнан астам оқушы бар. Соның 19389-ы — әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар. Яғни жазғы демалысты ұйымдастыруда атаулы әлеуметтік көмек алатын, толық емес, көпбалалы отбасы балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, полиция бөлімінің есебіне алынған, жалпыға міндетті білім беру қорынан көмек алатын өзге санаттағы балаларға басымдық беріледі. Жолдаманы арнайы санаттағы балаларға мектеп береді, болмаса ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беріп те алуына болады. Өтініште қандай санатқа жататындығын растайтын құжатын тіркеуі тиіс. Ал жекелеген ата-аналар балаларына өз қаражаты есебінен лагерьдің басшылығына хабарласып, тікелей сатып ала алады, — дейді Асхат Ізбасар.

Жолдама құны

Қазіргі таңда облыста оқушыларға арналған 11 демалыс лагері (3 мемлекеттік, 8 жекеменшік) бар. Бүгінде тек 7 лагерь қызметін бастауға дайын, олардың кейбірі бірінші кезеңнің балаларын қабылдап үлгерді.

Атап айтсақ, Ақжар ауылында «Сampit» деген лагерь бар. Атауының өзі балаларды шақырып тұр. Ал жолдама құны — 62 мың теңге.

«Шұғыла» демалыс орталығы Ақтөбе қаласынан 10 шақырым жердегі Украинка-1 ауылы маңында, Қарғалы өзені бойында орналасқан. Баласын «Шұғылада» демалту үшін ата-ана 55 мың теңгесін дайындап қоюы керек.

«Шапағат» демалыс, спорт және еңбек лагері — К.Нокин ауылында. Спорт пен еңбекке баулитын лагерьдің де жолдамасы — 55 мың теңге. Қала маңындағы лагерьлердің тағы бірі — Кірпішті ауылындағы «Әсем». Бұл лагерьдің жолдамасы да 55 мың теңге екен. Құрмыш ауданындағы Смағұлов көшесі бойында да «Ракетка» спорттық-сауықтыру лагері бар. Жолдамасы —  35 мың теңге.

Ойыл ауданы орталығындағы «Екпетал» орман шаруашылығындағы «Көкжар-Барқын» лагерінде де жаз бойы кезең-кезеңімен балалар демалады. Жолдама бағасы — 25 мың теңге.

— Қала маңындағы лагерьлерде тынығу үшін әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан — 2643, ерекше білім беру қажеттіліктері бар — 108, девиантты мінез-құлқы бар 268 бала жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен бөлінген жолдамамен қамтылды. Қалалық, аудандық білім бөлімдерінің тарапынан бұл мақсатта жоспарланған қаражат көлемі 101 миллион теңгеден асады, — дейді бөлім басшысы А.Ізбасар.

Сондай-ақ биыл облыстағы төрт лагерь, анығы, Ақтөбе қаласы маңындағы «Мұнайшы», «Береке», «Достық», сосын Хромтау ауданындағы «Мұғалжар» жазғы сауықтыру орталығы алгоритм талаптарын сақтау тиімсіздігіне байланысты жұмысты ұйымдастырудан бас тартқан.

Кім қайда демалады?

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, маусым айында 1513,

шілде айында 985, тамыз айында 145 баланы сауықтыру лагеріне жіберу жоспарланған.

Облыстағы жыл бойы жұмыс жасайтын мемлекеттік «Күншуақ» лагерінде маусым-тамыз айларында 7-15 жас аралығындағы білім алуға ерекше қажеттіліктері бар 108 бала тегін демалады. Биыл Алматы қаласы маңындағы «Бөбек» орталығындағы жазғы сауықтыру лагеріне әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан, мүгедектігі бар 95 бала, Ақмола облысы Шортанды қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына білім бәйгесінде жетістікке жеткен 200 дарынды бала жіберіледі. «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтары штабында 1182 оқушы еңбек етеді.

27988 оқушы қызығушылығына сәйкес мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелерге және жазғы алаңдарға, 220 оқушы спорттық-туристік жұмыстарға тартылады. Республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болған 225 дарынды оқушыға оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп, іріктеуден өткен 25 бала Астана қаласына жіберіледі.

Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруға, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаюына аула клубтары да тікелей ықпал етіп отыр. Облыс көлемінде 154 үйірмесі бар 9 аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтарындағы тегін қызмет көрсететін үйірмелерге 4500 оқушы қатысып жүр.

Қауіпті індеттің салдарынан былтыр инстаграм әлеуметтік желісінде aqtobe_online_kanikuly парақшасы ашылып, онлайн каникул жобасы іске асырылған болатын. Аталған парақша биыл да жұмысын жалғастырады.

Судағы қауіпсіздік

Жыл сайын білім басқармасы жазғы демалыс кезінде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыстар ұйымдастырады. Биыл да барлық мектепте «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында онлайн (қашықтан) сабақтар өткізіліп, әлеуметтік желілер арқылы жадынамалар мен буклеттер таратылды.

Енді білім басқармасы денешынықтыру және спорт басқармасымен, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментімен бірлесіп, стационарлық бассейндерге әлеуметтік осал топтағы балаларға (асыраушысынан айырылған, көпбалалы отбасылар) суда жүзудің тәсілдерін тегін үйретуді жоспарлап отыр. Айталық, «Достық» бассейніне 50 бала, «Дельфин» бассейніне 20 балаға 1 айға тегін жолдама берілді.

Облыстық төтенше жағдай департаментімен білім басқармасы іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес денешынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері суға шомылу жағажайларында кезекшілік етеді.

 Жазғы алаңның әр күні — мереке

 Облыста биыл 358 мектеп өз оқушыларына жазғы алаң ұйымдастырды. Соның бірі — №51 гимназиядағы «Балдәурен».

Былтыр бұл жазғы алаң пандемияға байланысты бала қабылдамапты. Оның алдыңғы жылдары жұмыс істеген. Биыл жазғы алаң 9-30 маусым аралығында  сағат тоғыздан түскі он екіге дейін жұмыс істеді. Ата-аналардың айтуынша, осы аралықта балалардың ойын сәл де болса сергітіп, смартфоннан ажырауына көмектесетін мұғалімдердің еңбегі орасан. Бұны біз осы мектептің инстаграм парақшасындағы жазбаларынан көрдік. Баласы «Балдәуренге» қатысқан ата-аналардың бірі Алма Байсейітова:

— Жазғы алаңға барып жүргенде баламның әр күні мерекеге айналды. Шынын айту керек, өзіміз апармаймыз ғой, құнттамаймыз, «жұмыстамыз, уақыт жоқ» деп. Ал мұнда балалар кинотеатрға, саябақтарға, облыстық музейге, планетарийге, музейлерге, кітапханаға барды. Әр күні әртүрлі әсер алып, демалысы көңілді әрі тиімді өтіп жатыр. Жауапты мұғалімдер Жанар Төлегенова, Айсана Жолдығали, Салтанат Мәдениетова және Ақжүніс Дидароваларға ата-аналар атынан алғыс айтамын, — дейді.

Балалар не дейді?

 Ақтөбе қаласындағы №51 гимназиядағы «Балдәурен» жазғы алаңына барып жүрген көп баланың бірі — Қарақат Жәрдемова.

— №51 гимназияда оқимын. 2-сыныпқа көштім. «Балдәурен» қатты ұнады. Жазғы алаңда әр күніміз әртүрлі өтеді. Апайлар бізді автобусқа отырғызып, бірінші күні кинопаркке, келесі күні кітапханаға, сосын музейге, планетарийге апарды. Арасында саябақта көлеңкеде отырып, далада тамақтандық. Күшті болды. Көп жерді бірінші рет көрдім. Кітапханаға да бірінші рет бардым. Тіркеліп, кітапты үйге алып кетіп, оқуға болатынын білдім. Сосын жыртпай-сызбай, кітапты қайтадан кітапханаға тапсыру керек. Ол жақта кітап көп екен, — дейді Қарақат.

 

 

Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектептің 1 «а» сыныбын бітірген егіздер — Омар мен Әли Дулатовтар бүгінде табиғат аясындағы «Шұғыла» лагерінде демалып жүр.

— «Еркетай» тобындамыз. Бұл — біздің өміріміздегі бірінші лагеріміз. Күнде жарыс, концерт болады, түрлі ойындар ойнаймыз.

Лагерьдің не екенін біліп жатырмыз. Үйімізден алыс, қаланың сырты, ауасы жақсы екен. Бірақ кешкісін салқын, киінбесең, тоңасың. Айтпақшы, лагерьге басқа жақтан да балалар келді. Біз көп достар таптық. Олар Шалқар, Әйтеке би аудандарынан келген (облыста басқа аудандар барын енді біліп тұр), — дейді Омар мен Әли жарысып.

 

 

Ақтөбе қаласындағы №66 орта мектептің 3-сыныбының оқушысы Медина Бітімбай Смағұлов көшесі бойындағы «Самғау» бөбекжай-балабақшасында орналасқан «Ракетка» спорттық-сауықтыру лагерінде екі апта демалды.

— Биыл бірінші рет лагерьге бардым. «Ракетка» лагері қатты ұнады. Алау жақтық. Алау жанында ән салдық, биледік, ойын ойнадық. Үстел теннисінің ракеткасын ұстауды үйрендім. Әсіресе ең қатты ұнағаны — бассейнге түскен кез. Әке-шешем өзенге апарады ғой, жүзуді енді үйреніп жүрмін. Лагерь күшті, бірақ үйді де сағындым. Үйден алыс шыққаным — осы, — дейді Медина Бітімбай.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button