Спорт

Мейрамбек Олимпиадаға барады!

Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға баратын палуандар тізімін жария етті.

Спорттың бұл түрінен ұлттық құрама Олимпиадаға үш жолдама ұтып алған болатын. Бұлар — 60, 77 және 87 кг салмақ дәрежелері бойынша жолдамалар. Күрес түрлерінен Олимпиада жолдамасы нақты спортшыға емес, ұлттық құрамаларға берілетіні, ал төртжылдықтың басты додасына кімдердің баратынын ұлттық құрама бапкерлері ақылдасып шешетіні белгілі.

Жария етілген тізімге сай, Олимпиадаға бастапқыда жолдамаларды жеңіп алған спортшылар баратыны белгілі болды. Олар — Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг). Біздің спортшылардың үшеуі де жолдаманы өз елімізде өткен лицензиялық турнирлерде, атап айтқанда, Мейрамбек пен Демеу — 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында, ал Нұрсұлтан биылғы сәуірде Алматыда өткен іріктеу турнирінде жеңіп алды.

Мейрамбектің спорттың осы түрі бойынша ішкі бәсекелестік ең жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүргенін ескеріп, оның Олимпиадаға бару-бармауына соңғы сәтке дейін алаңдаған едік. Бас бапкердің шешімі біз үшін үлкен қуаныш болып отыр.

Бәсекелестік жоғары дейтініміз, Мейрамбектің салмағында бұған дейін 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмат Кебісбаев өнер көрсетті. Лондон мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаларға осы спортшы қатысты. Соңғы жылдары Мейрамбектің салмағында елімізде тағы бір мықты палуан пайда болды. Ол — қызылордалық Айдос Сұлтанғали. 2018 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, биыл Азия чемпионы атанған Айдостың да Олимпиадаға барудан үмітті болғаны анық.

Дегенмен Мейрамбек одан тіпті де осал емес, ол 2011 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанды, 2017 жылы әлем біріншілігінің финалына шығып, күміс медаль иеленді, 2019 жылғы әлем чемпионатында қола алды, сондай-ақ үш рет Азия чемпионатында (2016, 2017, 2018 жылдар) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Біз Мейрамбектің ең жұлдызды сәті енді туады деп күтеміз. Ақ жол!!!

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button