Жаңалықтар

Облыс «сары аймаққа» енді

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 35 жағдай тіркелді. 27 маусымдағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес облыс «сары аймаққа» көшті. Бүгінде аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,3 пайызды құрап отыр.

Жалпы өңірде індет жұқтырғандардың саны 11890-ға жеткен. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, соңғы бес күнде аурушаңдық көрсеткіші өскен.

Соңғы тәулікте пневмония бойынша 5 жағдай тіркелді. Ақтөбе қаласында — 2, Темір ауданында — 2 және Мұғалжар ауданында 1 жағдай анықталған. Қазіргі таңда үй карантиніне 1250 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, эпидемиологиялық жағдай құбылмалы. Ахуал күн сайын өзгеріп тұр. Сондықтан баршаңызды бетперде киюге, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын, — деді Мұхтар Сербаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жалпы пандемия басталғалы 11372 науқас қауіпті індеттен жазылып шыққан.

— Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 197 адам ем алуда. Оның 132-сі Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Жансақтау бөлімшесінде 18 адам ем алуда. 4 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылса, карантиндік стационарларда 17 адам бақылауға алынған. Биыл ақпан айынан бастап 280 500 доза вакцина жеткізілген. Бүгінде вакциналауға қатысты жұмыстар жүйелі жалғасуда, — деді ол.

Сондай-ақ Ресеймен шекаралас жатқан пункттердің барлығы бақылауда. Бүгінге дейін  «Жайсаң» және «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттерінде барлығы 171100 адам қаралып, температурасы өлшенді. Олардың ішінде 93 адамның ПТР зерттеулері оң нәтиже көрсетіп, науқастар оқшауланды. Қазір облыс аумағында блок-бекеттер жоқ. Сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыс бойынша мобильді мониторингтік топтар жұмыс жасап, координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізуде. Тексеріс қорытындысы бойынша 48 нысанға 7263 330 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бүгінде облыстағы 526 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың 379-ына QR-кодтары сәтті жүктелген. Бағдарлама енгізілгеннен бастап, өңірдегі «Ashyq» жобасына қатысатын «сары» статусы бар 90 адам және «қызыл» статусы бар 24 адам анықталған. «Ashyq» жобасынан басқа Аitu және Kaspi.kz. платформаларын да қолдануға болады.

Брифинг соңында әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button