Спорт

1/8 финал ойындары: күтпеген нәтижелер

Еуро-2020

Дольберг шабыттандырған Дания

№37 кездесу. 26 маусым. Амстердам.

Уэльс-Дания — 0:4

Дания жаңа кезеңдегі ойынын тамаша бастады. Каспер Дольберг бірінші таймда (27-минутта) есеп ашты да, екінші таймда оны мығым бекітті (48-минут). Ал кездесу соңына таман Йоахим Мехле (80-минут) мен Мартин Брейтвейт (90+6 минут) бұған екі голды және қосты. Ал Уэльс бірінші таймда (онда да бірінші таймның бірінші бөлігінде) ғана біршама қарсылық көрсетті де, одан соң тізгініне ие бола алмай қалды, уақытты нәтиже әкелмеген мағынасыз жүгірістермен өткізді. Айтпақшы, топтық кезеңде дат футболшылары Ресей құрамасының қақпасына да дәл осылай 4 гол соққанын, әрине, ұмыта қойған жоқпыз.

 Австрияның тайталасы

 №38 кездесу. 26 маусым. Лондон.

Италия-Австрия — 2:1

Австрия, обалына не керек, Италиямен кәдімгідей тайталасты. 90 минуттық екі таймды 30 минуттық овертаймға ұластыруы осының айқын дәлелі. Тіпті, қажет десеңіз, топтық кезеңдегі үш ойында жеңіске жеткен, сол үш ойында да қақпасына еш гол енгізбеген бұлардың (италиялықтардың) қақпашысына бармақ тістетті де (Саша Калайджич, 114-минут). Бірақ бұл бір гол бұдан бұрын соғылған екі голды (Федерико Кьеза, 95-минут; Маттео Пессина, 105-минут) жоққа шығара алмады. Сөйтіп жанкүйерлерді дәмелендірген сенсация болмай қалды.

Чехияның сенсациясы

№39 кездесу. 27 маусым. Будапешт.

Нидерланды-Чехия — 0:2

Топтық кезеңдегі үш ойында да жеңіске жетіп, қарсыластарын бет қаратпаған Нидерланды мықтап сүрінді. Кім білген, Чехияны менсінбей ойнады ма, әлде бұлай істеу қате болғанын түсінген кезде ойлануға кеш болып қалды ма, әйтеуір, өздері түгілі жанкүйерлер де күтпеген жеңіліске ұшырады. (Томаш Голеш, 68-минут: Патрик Шик, 80-минут) Рас, кездесудің 55-минутында Голланд футболшысы Маттейс де Лигттің әдейі қолмен ойнағаны үшін алаңнан қуылуы зиян шектіргені рас. Дегенмен Нидерланды шынымен де шаппайбер жүйрік болғанда мәселені бұған дейін де шешіп тастауы тиіс еді ғой. Осылайша Чехия 1/8 финалдағы алғашқы сенсацияның иесі атанды.

Бельгия чемпионды жеңді

№40 кездесу. 27 маусым. Севилья.

Бельгия-Португалия — 1:0

Бірінші таймның соңында бельгиялық Торган Азар соққан доп (42-минут) осы ойындағы жалғыз гол болды. Тұтас екінші тайм бойы португалдар есе қайыруға тырысқанымен, ештеңе шығара алмады. Әрине, Бельгия бұл кездесуде жарқылдаған ойын өрнегін көрсетті, шеберліктері португалдардан асып түсті дей алмаймыз, дегенмен бір гол басымдылығын мықтап сезінген олар қақпа кілтін ашқызбаудың нақты амалын тапты. Осылайша бұған дейінгі чемпион жарыс жолынан шығып қалды.

*   *   *

Кеше Хорватия Испаниямен және Франция Швейцариямен кездесті.

Ал 29 маусым күні өтетін Англия мен Германия, Швеция мен Украина ойындарынан соң ширек финалда қай құрамалар күш сынасатыны толық айқын болады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button