Құқық

Билер соты қайтып оралады

Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары  мақұлдаған «Бітімгершілік рәсімдері туралы» заң жобасын жоғарғы палатадағылар қарап, бірқатар түзетулер енгізді.  Аталған заң жобасы бойынша жанжалдарды шешудің балама тәсілі — бітімгершілік — медиация институтын енгізу көзделіп отыр. Бұл құжат қабылданса, соттарда қаралатын істердің саны біраз азайып, судьялардың да жұмысы жеңілдемек.

Атам қазақ дау-дамай, жанжалдарды билердің көмегімен шешіп отырғаны ежелден белгілі. Дала демо­крат­тары атанған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымыздың қара қылды қақ жара айтқан биліктеріндегі басты мүдде бітімгершілікпен ел бірлігін, тұтастығын сақтау болғаны тарихтан мәлім.

Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде Елбасы қылмыстық және азаматтық іс жүргізуде дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу туралы тапсырма берген болатын. Сондай-ақ 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат туралы бағдарламада  да азаматтық дауларды шешудің жаңа тәсілдерін, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша татуластыру шараларын енгізу жолдары қарастырылған.
Соңғы кезде заңгерлер арасында ақпарат құралда­рында бітімгершілік  инсти­тутын дамыту туралы пікір­лер жиі айтылуда. Жал­пы, бі­тімгершілік институты ойдан алынған нәрсе емес. Дауласушы тараптарды татуластыру, бір бітімге келтіру — қазақ даласында бұрыннан келе жатқан дәстүр. Мамандар осы процесті бел­гілі бір жүйеге келтіріп заңдастыру уақыты жетті деген пікірге келіп отыр.

Бітімгершілік бізге жат емес

Біздің облыста да сот төрелігін жүзеге асыру барысында тараптар арасындағы дауларды бітімгершілік келісімдермен шешу жолға қойылған. Өткен жылы 558 іс бітімгершілік жолмен шешілді. Дауларды мұндай тәсілмен шешу тек

Байғанин және Ойыл аудандық соттарында ғана қолданылмаған.

Ақтөбе қалалық сотында — 338, экономикалық сотта — 78, Хромтау аудандық сотында — 45 іс өзара бітімгершілік келісіммен аяқталды.

Бүгінде әртүрлі даулармен сотқа арызданушылар өте көп. Әсіресе, азаматтық істер алдыңғы орында. Мәселен,  Ақтөбе қалалық сотының судьялары ай сайын 73-75 іс қарайды,  бұл жалпы нормативтік жүктемеден 3 есеге артық екен.

Дау-дамайдың бітімгершілік жолмен шешілуін облыстық соттың  кассациялық сот алқасының төрағасы Ерлан Айтжанов та қолдайтындығын айтады.

— Бітімгершілік  институтын енгізу қаншалықты тиімді?

— Азаматтық және қылмыстық істердің саны жыл сайын артып келеді. Бітімгершілік институтын енгізуді қолдаймын. Бұл, бір жағынан, соттардың жұмысын жеңілдетсе, екіншіден, дауласушы жақтардың өзара келісімге келулеріне көмектеседі. Мәселен, сот арызданушылардың біреуін  кінәлі етіп шығарады. Кейін ұтылған жақ қарсы шағым жазып, қайтадан арызданады, мұндайда  істің тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Кейде тіпті, жылдап аяқталмайтын істер кездеседі. Ал бітімгершілік арқылы екі жақты да риза ететіндей тиімді шешім қабылдауға болады.

Бітімгершілік — бұл істі сотқа жеткізбей, келісімге келу. Кез келген дауды шешуде тараптардың тікелей келіссөз жүргізу арқылы немесе араға беделді тұлғаларды салу арқылы белгілі бір тұжырымға келуіне мүмкіндіктері бар. Бұл тәсіл дауласушы екі жақтың қырғи-қабақ болмай тарауына мүмкіндік береді. Және сотқа жүгініп, алтын уа­қыттарын ысырап етуден, сот шығындарынан босатады.

Ал дауды бұл жолмен шешу мүмкін болмаған жағдайда  ара­ға тараптарды келістіруші тұл­ға араласады.

Мұндай төрешілер қалай таңдалады және  қандай адамдар бола алады?

Бітімгер заң саласын ғана емес, психологиядан да хабары бар, заңды қолдана білетін, жұртпен жұмыс жасай алатын адам бола алады. Оған қоса, ақылы мен ой-өрісі кең, пайымы жоғары болғаны дұрыс. Кез келген заңгер бітімгер бола алмайды. Мәселен, баяғыда ата-бабаларымыз билік, төрелік айтуға көреген, өрісі кең, дана адамдарға жүгінгені. Бітімгер кінәліні іздемейді. Дауласушы  тараптардың мән-жайына әбден қанығып, екі жақты да разы ететіндей шешім қабылдауы керек.  Бір кездегі қазақтың билер соты секілді. Бірақ, қазіргі сот жүйесінен ерекшелігі, ондай билерді ешкім сайламаған да, тағайындамаған. Бұқара халық әділдікті ту еткендерді мойындаған. Екіншіден, қазақ билері әділ төрелік жасағанда, ең алдымен, келген шығынды қалпына келтіру мәселесін қаперде ұстаған. Билердің қабылдаған шешімдері жазбаша түрде жүргізілмеген. Осы тұрғыдан алсақ та, бітімгершілік шешімдері ауызша қабылданған. Әрі ол шешім орындалған. Бір сөзбен айтқанда, біз баяғы қазақ билері сотының бүгінгі жаңарған түрін қабылдағалы жатырмыз.

Бітімге келтіру істері күнделікті өмірде  кездесіп жатады. Мысалы, отбасындағы баласы мен келіні  келіспей қалған жағдайда, сол әулеттің үлкен, сыйлы адамы келіп жастардың арыздарын тыңдап, оларға дұрыс жол айтып, татуластырады. Сол секілді бітімгерлердің рөлін мекеме, ұжымдарда басшылары атқарады. Мәселен, екі қызметкер бір іске келіспей қалса, оларды шақырып алып, басу айтып, сабаларына түсіреді.

Аталған заң жобасы қабылданса, көптеген істерді сотқа жүгіндірмей-ақ шешу мүмкіндігіне ие болар едік. Бұл біздің қазақ халқының менталитетіне жат емес.

— Сіздің ойыңызша, бұл тәсілді қолдану қай салаға көп қажет?

— Меніңше, бизнес саласындағыларға өте қажет. Меншік иелері мен серіктестіктер арасында жиі туындайтын істерде екі жақтың да көңілінен шығатындай келісімге келу маңызды. Бітімгершілік әдісін азаматтық істерден бастап, қылмыстық істерге дейін пайдалануға болады.

Билер салған сара жол

Қазақ қоғамында билер кеңесінде істің қаралуы негізінен екі сатыға бөлінген. Біріншісі —  дауласқан жақтар билердің істі қарауына дейін өзара келісіп, дау­ды шешуге қимыл-әрекет жасауы. Дәстүрлі құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім» — екі жақтың өзара келісімі арқылы, сөз жүзінде даудың аяқталуы. «Береке» — айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзіндегі шарт, өзіндік мүдделерін қанағаттандыру. «Салауат»  —  дауласқан екі жақтың бір-біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі.

Ал, екіншісі — дауды билерге жүгіну арқылы шешу. Билер сотындағы басты мақсат — дау­ласушы тараптарды мәмілеге келтіру, мүмкін болған жағдайда татуластыру және бір-біріне деген наразылықты қалдырмау.
Билер сотында бітімгершілікті қылмыстық істерге де кеңінен қолданған. ХVІІ ғасырда Тәуке ханның тұсында дүниеге келген «Жеті жарғы» ережесінде жазаның үш түрі бекітілген. Атап айтсақ, жан, мал және ар жаза­сы. Жан жазасы «қанға – қан, жан­ға – жан» принципіне негізделсе, мал жазасы қылмыскердің істеген әрекеттерінің қауіптілігі­не байланысты құн мен айып төлеу принципін ұстанған. Құн жазасы — кісі қолынан қаза тап­қан адамның туыстарына, яғни жәбірленушілерге төлей­тін мү­ліктік айып. «Жеті жарғы» тала­бында өлген немесе мертік­кен адамның рулас туыстары­ның қалауына сай тағайын­дал­ған жазаны мүлікпен өтеуге ауыс­тырылуы мүмкіндігі де қарас­тырылған.

Қылмыстық істе де қолданылған бап
Бітімгершілік институтын қыл­мыстық іс жүргізу заңында қолдану алғаш 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған. Қылмыстық кодекстің  67-бабының талабына сай, жеңіл қылмыс жасаған немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірілмеген орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам жә­бірленушімен татуласып, келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Яғни мұндай жағдайда сот айыпталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатуға міндетті. Сондай-ақ орташа қылмысты бірнеше рет жасаған адам да жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянның орнын толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Яғни қылмыстық жауаптылықтан босату соттың құзырында.

Р. S. Сонымен, Мәжілісте мақұлданған Заң жобасына Сенат та сенімділік танытты. Заң іске асырылса, соңғы кезде ұсақ-түйекпен сот залдарының есігін тоздырып, судьялардың жүйкесін қоздырып жүргендердің мәселесі оңай шешілетін болады.

Бітімгершілік институты — қазақ даласындағы кешегі билер сотының өркениеттік үлгісі ретінде қайта оралып жатыр. Ол арқылы қоғам өз ішіндегі дауларды сотқа жеткізбестен өзі шешеді, бітім жасауға құқы болады. Заң жобасы соған тиісті жағдайды қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button