Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Ырғыздан Ырғызбайдың еліне

Осындай атаумен 17-19 маусым күндері Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының мәдени күндері өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шараға облыстан және ауданнан 50-ге жуық адам қатысты. Мәдени іс-шаралар аясында ауылшаруашылық және кітап көрмелері ұйымдастырылып, Абай ауданының тұрғындарына ақтөбеліктердің дәмі ұсынылды.     

Ақтөбе мен Семейдің арасы жақындай түсті

«Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» жобасы Шығыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысы арасындағы өзара байланысты нығайту,екі өңірден шыққан ұлы тұлғалар мен қасиетті мекендерді насихаттау мақсатында қолға алынды. Батыс пен Шығыстың арасына рухани көпір болатын игі шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қолдау көрсетті.

Игі бастаманы көтерген Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев ауданның ақсақалдарынан бастап мектеп оқушыларына дейін қамтып, үлкен делегация құрды. Делегация Ырғыз ауданынан және облыс орталығынан екі бағыт бойынша жолға шықты. Делегацияның бір тобы Абай ауданына Ырғыз-Торғай-Амангелді-Арқалық-Ұлытау-Жезқазған-Жаңаарқа-Қарағанды-Қарқаралы-Семей маршруты арқылы автокөлікпен жетсе, екінші топ Ырғыз-Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Семей-Қарауыл бағыты арқылы пойызбен барды.

Автокөлік арқылы жолға шыққан топ Ырғыз, Торғай, Кеңгір өзендерінің бойымен жүріп, Ырғызбай Айдосұлы мен оның інісі Торғай, ағасы Кеңгірбай туған жерлерді, яғни сол дәуірдегі Абайдың ата-бабалары мекендеген жерлерді аралады. Сондай-ақ тарихтан белгілі көптеген тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, Абай ауданына жетті.

Ал екінші топ Батыс пен Шығыстың арасына дәнекер болып, бүгінде тәуелсіздігіміздің символына айналған елорданың бүгінгі келбетін көріп, ел астанасы арқылы Семейге пойызбен жолға шықты.

Семей өңіріне барғандардың дені —  бұрын бұл қасиетті мекенді көрмегендер. Сондықтан да ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов туған топырақты басу, олардың рухына тағзым ету бәріміз үшін бақыт еді. Игі бастаманың арқасында ұлы тұлғалар туып-өскен мекенді көріп қайттық.

Ауылдың дәмін, Абайдың еліне көрсетер бұйымдарын тиеп, артынып-тартынып барған ырғыздықтарды Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев бастаған топ күтіп алды. Бұдан кейін делегация бірнеше топқа бөлініп, Семей қаласындағы тарихи-өлкетану, Невзоровтар отбасының бейнелеу өнері мұражайларын, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейін аралады. Абайдың музейі алдындағы ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Сонымен қатар делегация қала шетіндегі Бейбітшілік аралында орналасқан Семей полигонына арналған «Өлімнен де күшті» мемориалын көріп, Шәкәрім атындағы университетте «Ұлт қуаты –  рухани құндылық» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты.

Дөңгелек үстел барысында екі өңірдегі жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастық байланысты нығайту мәселесі сөз болып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен барған оқытушылар семейліктермен тәжірибе алмасты. Университет ғимаратында жабдықталған музейді аралап, Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ ырғыздықтар іргесі сонау 1903 жылы көтерілген Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге барды. «Алаштың білім ордасы» аталып кеткен бұл оқу орнында Мұхтар Әуезов оқыған және сабақ берген. Тарихы терең, сыры мол оқу орнында қазақтың белгілі қайраткер ұл-қыздары – Нәзипа Құлжанова, Биахмет Сәрсенов, Қазы Нұрмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Ахметолла Барлыбаев, Тайыр Жомартбаев, Әлкей Марғұлан, Әди Шәріпов, Ахат Құдайбердиев, т.б. оқып, білім алған.

Оқу орнының тарихымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан делегация колледж оқытушыларының әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалап, екі өңірдің ұстаздар қауымы өзара тәжірибе алмасты.

Келесі күні ырғыздықтар Абай ауданына жолға шықты. Ауданға барар жолда аңыздан белгілі Күшікбай батыр бұлағының басына аялдады. Қойнауына қасиет тұнған қарт Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті көрінетін бұл жерге өткен-кеткен жолаушы тоқтамай кетпейді екен. Ырғыздықтар бұлақтың суын ішіп, әсем табиғатын тамашалады.

Бұдан кейін делегация Семей-Қарауыл тасжолы бойындағы Бөрілі елді мекенінде орналасқан белгілі жазушы, Абайды әлемге танытқан қаламгер Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйін аралады. 1997 жылы қайта жабдықталып, жаңаша кейіпке енген мұражайда Мұхтар Әуезовтің өмір жолы және шығармашылығы жайлы барлық мағлұматтар жинақталған.

Одан әрі Сырт қасқабұлақтағы Абайдың дүниеге келген жері мен Абай бұлағын көріп, Ақшоқы қорымындағы Құнанбай кесенесіне зиярат етіп, музей жұмысымен танысты.

Құнанбай мұражайы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай жасақталған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жоба Құнанбайдың ел тарихындағы орнын, еңбегін ұлықтау мақсатында жүзеге асырылған. «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім болғанын білу де қиын, бұлар — заманның туындысы» деген болатын Мұхтар Әуезов Құнанбай жайлы өз заманында. Осыны ескерген Семей жұрты Абайдың әкесіне арнап үлкен мұражай жасақтапты. Ырғыздықтар алғашқылардың бірі болып осы мұражайды аралап, Құнанбай Өскенбайұлы туралы көп мәлімет алды.

Мұражайды аралап болған соң делегация дөңгелек үстел басына жиналып, Ақшоқы қорымына жерленгендер мен Құнанбай туралы бар білгендерін ортаға салды. Бұл жерде тың деректер айтылып, Абай туған өлкенің тарихынан сыр шертілді.

Көрме: өлке тарихы және ауылдың дәмі

Ырғыз ауданының мәдени күндері Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Шараға жиналған ырғыздықтар қоғамның рухани тіре­гіне айнал­ған ойшылдың мәңгілік мұрасы құндылықтар са­бақ­­тастығын сақтап қала беретіндігін айтып, ұлы ақын рухына тағзым етті. Осы жерде Ырғыздан барған өрендер — Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Зерде Қайнарқызы мен Қалыбай негізгі мектебінің оқушысы Айкөркем Еркіналы Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Қалың елім, қазағым» өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Бұдан кейін ырғыздықтар Қарауыл ауылдық клубының фойесінде ауылшаруашылық және кітап көрмесін жасақтап, тұрғындарға ұсынды.

Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, аталған көрмеге облыстан қымыз, шұбат, ешкі сүті,  «Шалқар» суы, балық, тары, жарма, құрт, ірімшік, жент, ақ ірімшік, сүзбе, қаймақ, бал, т.б. сүт, шұжық, кондитер өнімдері қойылған.

Ал аудандық орталық кітапхана мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қарауылдықтарға облыстан, оның ішінде Ырғыз өңірінен шыққан белгілі тұлғалар мен ақын-жазушылардың өмір жолы мен шығармашылығы туралы жазылған буклеттер мен баннерлерді таныстырып, өңірдегі киелі орындар мен тарихи жерлер туралы мәлімет берді.

Көрмеге Ырғыз өлкесі туралы жазылған кітаптар, осы өңірден шыққан ұлы тұлғалардың еңбектері, кітапшалар, фотоальбомдар мен баспасөз материалдары қойылды.

Тарихқа — тағзым, болашаққа — бағдар

Бұдан кейін ауылдық клубтың акт залында «Ырғыз өңірі мен Абай елінің ортақ құндылықтары» атты танымдық конференция өтті.

Конференция Ақтөбе өңірі мен Ырғыз ауданының тарихы және  әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы бейнероликтен басталды.

Шарада алғаш сөз алған Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев қарауылдықтарға  Ырғызбай туған топырақ — Ырғыз өңірінің ыстық сәлемін жеткізіп, өткен тарих беттеріне шолу жасады.

— Біздің ортақ тарихымыз екі жүз жылға созылған жаугершілік дәуірден бастау алады. Үш ғасыр бұрын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында халқымыздың басына қайғы бұлты үйіріліп, «боламыз ба, бордай тозамыз ба» деген өмір мен өлім майдандасқан сауал тұрған кезде қазақ даласында келешекті айқындайтын екі оқиға болыпты. Екеуі де сонау Геродот заманынан бері ағып жатқан, жарты дүниені жаулап алған Шыңғыс хан мен Хорезмшах Мұхаммед әскерінің алғашқы шайқасына куә болған көне Ырғыздың жағасында өтіпті. Жан-жақтан жау анталап, барар жер, басар тауы қалмағанда Әбілқайыр ханның амалсыз Ырғыз өзенінің бойындағы Маңтөбеде Ресей мемлекетімен келісімге келгені тарихи деректерде қатталып қалған. Жоңғар шапқыншылығынан үдере көшкен ел сонау Ырғыз бойынан пана тапса, «шынжыр балақ, шұбар төс» Ырғызбай сол өзеннің жағасында дүниеге келген. Алғашқысы қазақ халқын жойылып кетуден сақтаудағы күрт бетбұрыс болса, екіншісі кейін ұрпағы халқымыздың данышпан перзентіне айналған тарихи тұлға еді. Осындай тұтас халықтың тарихында із қалдырған оқиғалар өткен Ырғыз елі екі жарым ғасырдан соң Ырғызбайдың жұртына қонақ болып келіп қалды. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» атты мәдени күндері Абаймен құрдас, былтыр 175 жылдығын атап өткен Ырғыздан бастау алып, бүгін Қарауылда өз мәресіне жеткелі отыр, — деді ол.

Аудан әкімі елдің батасын алып аттанған сапардың мақсатына тоқталып, осы жобаға облыс әкімі Оңдасын Оразалин ерекше қолдау білдіргенін атап өтті.

— Қандай шаруа болмасын, ең әуелі елдің қолдауы, одан кейін басшылықтың рұқсаты керек. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге осы орайда айтар ризашылығымыз мол. Тарих пен руханият мәселелеріне әркез көңіл бөліп отыратын Оңдасын Сейілұлы осы идеямызды естігенде бірден қолдап, өзінің ой-пікірін білдірді. Сіздерге Ақтөбе облысының жұртшылығы атынан дұғай сәлем жолдады. Одан бөлек ауылдан шығарда сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдардан бата алдық. Осылайша ерекше ықыласпен аттанған сапарымыз оңынан болып, сый-құрметке бөленіп жатырмыз. Міне, нәтижесінде Ақтөбе мен Семейдің арасы жақындай түсті, — деді ол.

Бұдан кейін конференцияда Абай ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов ырғыздықтарға жылы лебізін білдірді.

Әрбір елім, жерім дейтін, болашағын ойлайтын қазақ Абайдың жеріне келіп,  ұлы тұлғаға тағзым етуі керек. Абайдай ұлы тұлға әлі туған жоқ. 18-19 ғасырда өмір сүрсе де, қазақтың болашағын ойлап, артына мәңгілік мұра қалдырып кеткен дана ойшыл біз үшін қашан да қымбат.

Абай туған өңірге Елбасы мен Мемлекет басшысының өзі келіп, үлкендердің батасын алған. Сондықтан болашақ ұрпақ бұл жердің топырағын басып, тарихымен танысуы тиіс. Осы орайда үлкен делегация болып, киелі мекенге келіп жатқан сіздерге, Ырғыздың жұртына, айтар алғысымыз шексіз, — деді ол.

Жиында делегация өкілдері Ақтөбе өңірі мен Ырғыз өлкесінің тарихы туралы баяндама оқып, Ырғызбай мен Абайға қатысты бірқатар тың деректерді айтып берді. Абай мұрасы болашақ ұрпаққа мәңгі азық болып қалатынын, оны зерттеп, зерделеу — бүгінгі ұрпақтың ортақ парызы екенін жеткізді.

Әлемде Абайды білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде жас буынның көкірек көзін ашып, жүрегіне нұр, бойына қайрат, санасына ақыл сіңіру үшін оларға Абай әлемін қалай оқытып жатырмыз? Абай тағылымы қанша заман өтсе де, өзекті, мазмұны терең, бірақ сол тағылымды дүниеге жастардың жаппай көңіл аударуы, түсініп, жандарына жақын етуі үшін не істеуіміз керек? Міне, біз бүгінгі күні осы сауалдарға жауап іздеуіміз керек.

Ұлы Абай үнемі елдің алға жылжуын, өсіп-өркендеуіне тілеулес болып, өз шығармаларында осы идеяны барынша насихат етті. Ілгерілеудің негізі білім мен ғылым екенін айтты. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Тегінде адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деп,ғылымды адамдықтың басым сипаттарының бірі етіп көрсетті, оны алдыңғы орынға шығарды. Міне, қазіргі жаһандану заманында біз ұрпаққа Абай айтып кеткен осы сипаттарды терең ұғындырып, жастарды ғылым мен білім алуға ұмтылдыру керекпіз. Сонда ғана ұлы ақынның арманы орындалмақ, — деді денсаулық сақтау ісінің ардагері, өлке тарихының жанашыры Роман Рахиев өз сөзінде.

Ұлы Абайдың ілімі мен әлеміне тоқталып, өз ой-пікірін білдірген ол Ырғыз өлкесі мен осы өңірден шыққан қазақтың алғашқы скрипкашысы Әлім Алмат туралы да айтып берді.

Тарихта Қазақстанның алғашқы басшылары Ырғыз жерінен шыққанын, Ырғыз жерінің Алашорда қозғалысында да маңызды рөл атқарғанын, алғашқы қазақ балаларына арналған мектептердің Ыбырай Алтынсариннің ұйымдастыруымен осы жерде ашылғанын айта кеткен жөн.  Біз, Ырғыз ауданының азаматтары, ұлы Абайдың бабасы Ырғызбай дүниеге келген жерде тұрып жатқанымызды мақтан етеміз.

Ырғыз өлкесі — талай тарихи тұлғалар мен өнер майталмандары туған мекен. Мысалы, қазақтың алғашқы скрипкашысы, 1936 жылы Қазақстан өнерінің Мәскеу қаласындағы он күндігіне қатысушы Әлім Алмат — осы өлкенің перзенті. Бұл кісі 1947-1950 жылдары Париж консерваториясын бітіргеннен кейін Түркияға қоныс аударған. Ол Париж қаласында ұлт мақтанышына айналған Мұстафа Шоқайдың зайыбы – Мария Яковлевнамен бірге тұрып, анасындай сыйласқан, көмегін берген. Мария Яковлевна өлер шағында Мұстафа Шоқайдың мұрасын – көптеген хаттарын, жазу машинкасын, тағы басқа заттарын аманат етіп Әлім Алматқа қалдырған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл заттарды Әлім Алмат сол кездегі елшілік қызметкері Бақыт Садықоваға, кейін белгілі зерттеуші, тарихшы Көшім Есмағанбетовке және шоқайтанушы, Түркия азаматы – Әбуақап Қараға тапсырған. Мұның барлығын сіздерге айтып отырған себебім, Әлім Алмат немістер қолында тұтқында болғанда, Семей елінің перзенті, скрипкада ойнаушы Әйткеш Толғанбаевпен бірге небір қиындықтарды басынан өткерген. Сондықтан бұл азаматтардың біздің тарихымыздағы орны ерекше, — деген Роман Рахиев қарауылдықтарға Әлім Алмат туралы жазылған еңбекті табыс етіп, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.

Одан әрі жиында сөз сөйлеген Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаның мән-маңызына тоқталды.

Жоба аясында біз Ырғыз өлкесінен шығып, Торғай даласымен, ұлттың ұйысуына ұйытқы болған Ұлытауға аялдап, одан әрі арқаның еркесі Жаңаарқада тоқтап, қасиетті Қарқаралы топырағындағы Құнанбай мешітіне тәу еттік. Одан бері қарай қазақтың қасиетті даласын қасіретке айналдырған, атом сынағын «басынан» өткерген Курчатов қаласын аралап, Семейге жеттік. Бұл сапардан біздің аларымыз көп, әсіресе делегация құрамындағы жастар Абайдың елі туралы біраз тың мағлұмат алып, елдегі замандастарына жеткізеді деп сенеміз.

Семей өңірі — сонау ежелден ата-бабамыз аманат етіп қалдырған, құт қонған мекен. Осы құтты мекенге келу, ұлы тұлғалар туған өлкенің топырағын басу әр қазақ үшін үлкен бақыт деп ойлаймын. Қазіргі жоғалғанымызды іздеп, өшкенімізді жаңғыртып жатқан уақытта тарихымызда көптеген дүниелерден мақұрым болып қалғанымызды мойындауымыз керек. Мұның да өз себептері бар. Соның бірі —  қазағымыздың бөтен елдің бодауында болғандығы. Міне, биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы орайда өткен тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту мақсатында қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор. Бүгінгі қолға алынып отырған игілікті жоба осы бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Және осындай жобалар алдағы уақытта да жалғасуы тиіс, — деді ол.

Бұдан кейін тобықтылар, оның ішінде Құнанбай туралы тың деректер келтіре отырып, баяндама жасаған белгілі тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай өз заманында Досжан ишанның Меккедегі Тәкия үйін салуы Құнанбай қажы есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Тарихқа үңілсек, Ырғыз өлкесінде Бақсайыс әулие, Бақсайыс өзені деп аталатын киелі жерлер бар. Қазіргі ғалымдар Бақсайысты Әзірет Әлидің жиырма үшінші ұрпағы, Мұхтар Әуезовті қырық бесінші ұрпағы деп есептеп жатыр. Бұл осы ел мен Ырғыз жерінің о баста-ақ байланысы бар екендігін аңғартады. Бақсайыстан тараған Асанқожаның Табын рухының діни пірі болғандығы тарихта тағы бар. Асанқожа салған мешіт-медреседен білім алған Досжан ишан өз заманында Құнанбай атамызбен бірге қажылыққа барып, жеті адам қаржы жинады дегенді атқосшысы болған Өтеәлі қажының баласы Айнадүрден және Досжанның жалғыз қызына үйленіп, содан туған жиен Зайнолла қаридан естігенбіз. Меккедегі Құнанбай тәкиясының салынуы, осы істің басында Досжан ишанның жүруі бүгінде ел арасында, халық жадында сақталып қалған, — деді Б.Мырзабай.

Конференция барысында Семей өңірі мен Ырғыз өлкесінің тарихы туралы Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Абай ауданының құрметті азаматы Аманғазы Төлеубек, экспедицияның ғылыми жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Нұрдәулет Алдашев, т.б. баяндама жасады.

Одан кейін Абай ауданы Қарауыл ауылында тұратын Ырғызбайдың ұрпағы Манатай Балтақайұлы арғы атасы туған өлкеден келген делегацияға жүрекжарды лебізін айтып, ақ батасын берді.

— Мен Абай атамыздың немере туысымын. Абай менің туысым деп бөлетін ештеңесі жоқ, себебі ол — бүкіл қазақ халқының мақтанышы, адамзаттың ортақ тұлғасы. Сондықтан бәріміз де сол кісінің ұрпағымыз деп есептеуіміз керек.

Осыны түсініп, елге келіп, ұлы бабалар рухына тағзым етіп жатқандарыңызға рақмет!

Біз өткенімізді білмей, болашағымызды болжай алмаймыз. Өмірдің диалектикасы — осы. Бүгін өткен тарихты жаңғыртып, болашақ ұрпаққа достық пен туыстықтың не екенін көрсетіп жатырсыздар. Сондықтан Ырғыз өңірінен келген барша азаматтарға Абайдың елі мен Ырғызбайдың ұрпақтары атынан ризашылығымды білдіремін, — деген қария Абайдың ұрпақтары атынан өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайға шапан жауып, құрмет көрсетті.

Шарада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы арасында мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту мақсатында екі ауданның әкімдері өзара меморандумға қол қойды.

Бұдан кейін Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев екі өңірдің тарихи құндылықтарын дәріптеп, халыққа рухани серпіліс берген «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» жобасын жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін Абай ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімовке облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғмановтың атынан Алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ Абай аудандық мәслихатының хатшысы Ерлан Лдибаевқа да облыстық мәслихат хатшысының атынан Алғыс хат табысталды.

Конференция соңында жиналған жұртшылыққа Абай ауданы мен Ырғыз ауданының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.

Айта кету керек, концерт соңында Семей өңірінің перзенті, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина мен Ырғыз аудандық «Арай» мәдениет үйінің өнерпаздары Әділкерей Әуелбаевтың сөзіне жазылған «Ырғызға кел» әнін орындап, жаңа туындының тұсауын кесті.

Р.S. Ырғыздықтар сапар соңында Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне барып, қос кемеңгердің рухына тағзым етті. Абайдың мұражай-үйін аралап, заманында ұлы ақынның өзі тұтынған құнды жәдігерлерді өз көздерімен көрді.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Семей-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button