Тарих

Адал басшы

Тағзым

Мемлекет және қоғам қайраткері, облыста ұзақ жылдар басшылық қызметтерде болған ардагер аға  Сапар Сағынтаев сынды біртуар азамат та өткен жылы әлемге қасірет әкелген жаман індеттің  құрбаны болды.Көптің жүрегінен берік орын алған азаматтың өмір дерегі облыс жұртшылығының есінде. Қарғалы өңірінде туып, комсомол қызметінен бастау алған жол, облыстың бірнеше ауданында бірінші басшы қызметтерінде жалғасып, облыстың басшылығына жеткізді. Біраз жыл облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды.Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту,Октябрь революциясы,екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері, облыстың, бірнеше ауданның, соның ішінде Ойыл ауданының құрметті азаматы еді.

Жас Қонаев сынды еді

1972 жылы, тура сәуір айының он екісі күні түстен кейін Ойыл аудандық партия комитетінің пленумы өтіп, Сапар Сағынтаев бірінші хатшы болып сайланды. Арада қанша жыл өтсе де бұл күнді мен ұмытпаймын, ол кеше болғандай есімде сақтаулы. Себебі Ойыл сияқты қазақы ауданда басшылықтың өзгеруі үлкен оқиға еді. Оның үстіне бұл жағдайдың есте қаларлық екі жағы бар. Біріншісі, бұған дейін ауданның басшылық тізгінін ұзақ жыл ұстап келген танымал басшы табан астынан қызметтен қалар деген ой ешкімде жоқ болатын.

Ұзын саны ауданды 13-14 жыл басқарған тәжірибелі әрі тамырын тереңге жайған басшы, қызметтен қалмайтындай санаға берік ұялаған-ды. Екіншісі, тфу дегенде түкірігі жерге түспей тұрған сондай адамның орнына отыздан жаңа шыққан жас жігіттің отыруы ақылға сыймайтындай көрінетін. Ол кезде ауданның тізгіні мұндай жастағы адамның қолына тие қоймайтын. Менің білуімше, Сәкең сол тұста, республика бойынша айта алмаймын, Ақтөбе облысында аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланған ең жас кадр еді. Соның өзінде ол басшылықтың біраз баспалдақтарынан өтіп  келген. Еңбек жолын жұмысшы, мұғалім болып ауылдық жерден бастап, комсомол қызметінде шыңдалып, облыстық комсомол комитетінің басшылығына көтерілген. Ойылға Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істеп жүрген жерінен келді.

Жаңа сайланған бірінші  хатшымен кездесу, тек мен емес, қатарда қызмет атқарып жүрген барлық ойылдықтарға ерекше көрінгенін білемін. Өйткені біз, бірен-саран азаматтар болмаса, көпшілігіміз басқаша тәртіпке тәрбиеленген  кадрлар едік. Жиындарда ауданның бірінші басшысының айттым — болды, кестім — бітті шешіміне бой ұсынып, ырқынан шықпай отыратынбыз. Ол өткізген аудандық партия комитетінің бюроларында шыбынның ызыңы білінбейтін тыныштық орнайтын. Жұрттың бәрінен бір бас жоғары отырып, пысымен басатын бірінші басшының алды да сондай қатты еді. Ол өткізген аудандық партия комитетінің бюросына жақын жүрген серіктерінің өзі жанын шүберекке түйіп баратын сияқты көрінетін.

Осындай тәртіпке дағдыланған ойылдықтарға қарапайым,  жүзінен мейірімі төгілген,  кімді болсын алаламай, өзіне жақын тартып сөйлесетін жаңа бірінші хатшының алғашқыда тым жас, мінезі де тым жұмсақ болып көрінгені де рас еді.

Әйтсе де,  алғашқы жүздесулерінде-ақ кесек тұлғалы, байсалды, келбетті, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнерінің өзі адамды сүйсіндіретін, соншалықты қарапайым басшы бірден көптің ықыласын аударды. Жаңа біріншінің тұлғасы мен көркін, өзін ұстауын алғашқы кездескен сәттен-ақ біреуге ұқсатқанмын, бірақ тап баса алмадым. Арада бірер жыл өткенде, мұны Ойылға іссапармен келген сол кездің өзінде айтулы қаламгер Мұрат Әуезовтің аузынан естідім. Ол біздің жерлесіміз,  кезінде еліміздің екі мәрте Денсаулық сақтау министрі болған,  медицина ғылымдарының докторы Ишанбай Қарағұловтың ұлы,  өзінің бала күннен досы Болат Қарағұловпен бірге келіп, Ойыл өзенінің бойында,  Шығанақ тары салған Қарасу ауылында бір аптадай демалған еді. Демалып қойған жоқ,  осы өңірде тұратын Нәкеш, Қобыланды, Омар сынды қисса-жыр айтатын ақсақалдардың өнерлерін,  деректерін қағазға,  сол кездегі қалбағайлы магнитофонға жазып алған-ды.

Сол кезде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қанат Күншашов екеумізге бірінші хатшының тапсырмасымен қонақтармен екі-үш күн бірге болып,  әңгімелесудің сәті түсіп еді. Сонда бір әңгіменің ретінде Мұрат Мұхтарұлы: «Ауданның бірінші хатшысы жас Қонаев сынды екен» деп сүйсінген. Менің де бұған дейін тілімнің ұшында тұрғандай, ойыма түспей жүрген сөз еді бұл,  көңіліме қона кетті де, есімде сақталып қалды.

Қарапайым мінез

Сәкеннің қарапайымдылығы былайғы басшыларда көп кездесе бермейтін туа біткен қасиет еді. Тіпті алғашқы сәтте кейбір қылықтары басшы адамға тән еместей көрініп, бұрынғы жергілікті жердегі берік қалыптасқан дағдыны бұзып жатты. Соның бір мысалы, жұмыс уақытында жаңа басшы кабинетінен шыққанда, іргедегі «Мәдениет тауарлары» дүкеніне кіріп,  тіс щеткісін сұраған ғой. Сонда дүкеніне ауданның бірінші басшысы түгілі, мекеменің бастықтары бас сұға бермейтініне үйренген дүкенші қыз: «Көзіңіз жоқ па? Сөреде тұрған жоқ па?!» —  депті. Бірінші хатшы оралып кабинетіне келген соң, аудандық тұтынушылар одағының басшысымен телефон арқылы байланысып: «Сіздердің дүкеншілеріңіз тұтынушымен дөрекі сөйлеседі екен» десе, «Олай болуы мүмкін емес, сізге біреу теріс мағлұмат беріп отыр» деп, дәлел айта бастапты ол. Сауданың басшысы да жаңа келген бірінші басшы дүкендеріне барып шықты деп ойламаса керек.

Күн өткен сайын жаңа басшының мінез-құлқындағы осындай ойылдықтар үшін тосын, ерекшеліктері мен өзгеше қырлары көріне бастады. Бұған дейін басшылықта болған бірінші хатшы қандай отырыста болмасын, төрелігін сақтап маңғаз жүретін. Іс басындағы адамдар басшысына қарап тәрбиеленеді деген рас екен,  сол тұста билік басындағы көп ағаларымыз басшысына еліктеп, қылықтарын қайталайтын-ды. Енді мына келген жаңа басшының қасиет-қылықтарының онымен үйлесе бермейтінін тез аңдап, өзгеруге тура келді. Салтанатты жиындарда, той-думандарда жаңа басшы аққайнардан ғана ауыз тиіп, қалған ішімдіктің еш түрін аузына алмайды екен. Зайыбы Алуа мектепте жұмыста, оқытушы. Хатшының түскі асқа барғанда жолдасын шақыртып тамақ пісір деп отырмай, өзі тамақ пісіріп,  жұмыртқа қуырып ауқаттана беретіні де тез тарады.

Жексенбі, сенбі демей ел аралап, ауылдарға шығуы, малшы, механизатор қауымдарының арасында болуы өте жиі еді. Көлігінің жалғыз жүргізушісінің мұршасы болмай қалғанда,көлікті өзі-ақ айдап жүре беретіні тағы таңғалдырды. Бұрын көлік жүргізбейтіндері де тез арада оқып, куәлік алып, бір мезет астындағы машиналарын өздері жүргізуге әуестенді. Тек көлік жүргізу емес,  тамақ пісіруге дағдыланды. Басқосуда ішімдіктің өзге түрлерін іздемей, жаппай дерлік аққайнар ішуге көшті.  Жасанды әдеттерінен тыйылып,әрқайсысы өзінің табиғи қозғалысын, мінезін тапты. Олардың әйелдері де қарапайым бола бастады. Өйткені  бірінші басшының жолдасы Алуа өзге жер деп жатырқамай, жатсынбай, бастықтың әйелімін деп кекіреймей, өзімен қатар қыз-келіншектермен бірге, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, би билеп, сахнада өнер көрсетіп жүрді.

Бірінші хатшының жеке басыныңосындай адами кісілігі, кіршіксіз тазалығы аңызға айналып, ауылдан-ауылға тарады.

Өзекті үш мәселе

Ойыл ауданының тізгінін ұстаған жылдарда бірінші басшы шаруашылықтарды көтеріп қана қойған жоқ,халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салды. Алыс өңір,шалғай ауданның проблемаларын облыстың алдына мәселе етіп қойды. Облыстық деңгейде шешілмеген мәселелерді республикалық басшылықтың есіне салды. Қонаевтың тікелей қабылдауында болып, Ойыл халқының мұң-мұқтажын жеткізді.

Оған дейін ойылдықтар, әсіресе, жолдан үлкен азап шегіп келген еді. Аудан орталығының іргесіндегі Ойыл өзенінде дұрыс көпір болмады. Көктемде екі аптадай Ақтөбемен, Шұбарқұдықпен екі аралықтағы қатынас тоқтайтын. Жолдың да жайы нашар, екі бағытта да асфальт төселмеген-ді.Екінші үлкен проблема —аудан орталығының өзінде ауызсу жоқ, суды тасып ішетін. Үшінші кемшілігі—теледидар көре алмады. Ауданның бірінші басшысының Қонаевтың қабылдауында болуымен, осы мәселелер түгел шешілді. Сапар Сағынтаевтың тұсында Ойыл селосына өзеннің арғы бетіндегі тұщы судың мол қоры бар Барқұм құмынан ауызсу тартылды. Шұбарқұдықтан бермен асфальтжол төселді. Қарауылкелді биігіне мұнара қойылып, халық теледидар көрді.

Сәкең осы мәселелермен Қонаевтың  қабылдауында болғанын  жиі еске алатын:

«Ойылды білемін, тарихи жер. Бір кезде Көкжар жәрмеңкесімен аты шыққан. Бір көрсем деген өңірім еді. Қат-қабат шаруамен мұршам болмай жүр. Бір сәті түскенде барамындеді», — дейтін.

Қазақы ауданда көп тәжірибе жинаған білікті басшы Ойылда алты жыл қызмет істеп, облыстың іргелі, өндірісті  ауданына бірінші басшылыққа ауысты. Ол жерде алты жыл абыройлы қызмет атқарғаннан кейін, Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылады.

Ақтөбе өңіріне сіңген еңбек

Облыстың басшылығына Сапар Сағынтаевтың талай тарлан басшы кадрлардың ішінен таңдалғаныбелгілі. Осындай лайықты кадрдың облыстың тізгінін ұстағанын кезінде жұртшылық бірауыздан құптап, қуанысты. Тәжірибелі басшы облыстың тағдырын шешетін жауапкершілігі зор жұмысқа құлшына кірісті. Бар қуатымен жұмыс істеп, өндірістің қарыштап қарқын алуына жол ашты. Алғашқы жылдары өңірде жаңа өндіріс ошақтары бірінен соң бірі ашылып жатты. Бұл салада біткен істер көп болды. Құрылыс қарқын алды.

Облыстық ауатком төрағасы ауыл шаруашылығы проблемаларын ұдайы назарда ұстады. Сапар Сағынтаев облысқа басшы болған сол кезде экономиканың бұл саласының жалпы өнімі 800 миллионнан астам рубль құрады. Негізгі өндірістік қордың орташажылдық құны 1 миллиард 670 миллион рубльге шықты. Облыста 1 миллион 700 мың тонна астық, 93,6 мың тонна картоп, 29 мың тонна көкөніс, тірілей салмақта 145 мың тонна ет, 265 мыңтонна сүт, 163 миллион дана жұмыртқа, 5,0 мың тонна жүн өндірілді.

Мал басына келсек, ірі қара — 600 мың басқа жетіп, оның ішінде 200 мың сиыр, 3 миллион шамасында қой, 120 мың шошқа, 106 мың жылқы болды. Үш жыл сайын қайталанып тұратын құрғақшылық жағдайында осыншама малды сақтап тұратын жемшөп қоры дайындалды. Бұл оңай шаруа емес еді. Мен істедім демей, осының бәрі еңбек адамдарының ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғанын айтудан жалықпайтын еді.

Облыстық кеңестің сессияларында облыстың халық шаруашылығын дамытудың күрделі мәселелері талай талқыланып, басшы сан мәрте баяндама жасап, есеп берді. Мұндай үлкен жиындарға республиканың жоғарғы лауазымды басшылары шақырылды. Әйтседе кейінгі жылдары істің оңға баса қоймағанын:

—Мәселенің дер кезінде көтеріліп, түйінді шешімдер алынғанымен, айтарлықтай ілгері жылжулар бола қойған жоқ. Республиканың Ғылым Академиясының өзі өзінің ғасырлық тарихында сұрғылт кезеңді бастан өткерді. Ол өзінің бұрынғы атын сақтай алды ма, бұған күмәнім бар. Сондықтан сол кезде алға қойылған міндеттер әлі де айналып соғып қарауды күтеді,— деп ашық айтатын.

Ол өзінің өмірінің соңғы жылдарында «Ел тағдыры—еңбекпен еншілес» деп аталатын үш кітаптан тұратынүлкен еңбегін аяқтап, баспадан шығарды. Заманымыздың толғақты мәселелерін қозғаған бұл кітаптары оқырмандардың сұранысына ие болып, сүйіспеншілігін оятты.

Халықтың ардақты азаматы болып өткен Сапар Сағынтаев қандай қызметте жүрсе де, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғанда да өзіне тән тура, әділ жолдан айныған жоқ. Ол елдің нағыз патриоты еді. Сондықтан да өздері қолмен құрған көп шаруаның өтпелі кезеңде астан-кестен бұзылуы, халықтың ортақ игілігінің тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуі —ел қамын ойлайтын қоғам қайраткерінің, ұстанымы бөлек азаматтың жүрегіне салмақ болып  түсті, денсаулығын бұзды.

Бүгінде басшының тазалығы, қарапайымдылығы туралы әңгіме қозғалған жерде көпшілік Сапар Сағынтаевты ауызға алады.  Адал басшы болғанын аңызға айналдырып, әңгімелеп отырады. Ол аңыз емес, шындық болатын, біз соны көрген, куәсі болған адамдармыз. Расында да, мойындау керек, ондай басшы сирек. Сонысымен өзі өмірден өткенге дейін, көзінің тірісінде-ақ, осы қасиеттерімен ел-халқы ардақтаған азамат. Қазіргі кезде адал басшы дегеннің шеңбері тарылған кезде мұндай тұлғалардың бәсі артып, сағыныш сезімін оятады. Сәкеңдей нағыз азаматтың өнегесі, мектебі керек, өмірде солардың жолын ұстанатын адал басшы көп болса ғой, шіркін!

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button