Тарих

Ел қорғаған ер Мамай

Зерде

Туған қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігінің, ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр жерінің амандығы мен тұтастығын сақтау үшін қанын төгіп, жанын беріп күрескен перзенттер, тұлғалар қазақ даласында жеткілікті.

Сол асыл перзенттердің бірі һәм бірегейі, елдің елдігі мен еркіндігі үшін «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып», ұрыс даласында ерлік көрсеткен Мамай батыр Достанұлы 1780 жылдары қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Талдықұм жерінде дүниеге келіп, 1860 жылдары осы өңірде қайтыс болған.

Ержүректігі мен қаталдығы аңызға айналған Мамай батыр туралы халық арасында небір хикаяттар, өлең-жырлар туған.

Орақ, Мамай жырындағы Мамай батырдай болар ма екен деп, Сайрам соғысының сардары, батыр Тілеу аталығынан шыққан әрі батыр, әрі би Достанның әйелі Қызайдан туған екінші балаға ырым етіп Мамай деп ат қойған. Ырымы қалт кетпей, Мамай да бабасына ұқсап батыр болған (Түп аталығы Едіге тұқымынан). Көнекөз қариялардың әкелерінен естіген әңгімелердің сипаттауынша, Мамай сом денелі ірі кісі, басына шаш шықпаған, сұсты, екі жауырыны мен төсінің арасында жылқының қара құйрығындай ұзын, қалың жалы болған көрінеді.

Мамай батыр Достанұлы сыртқы жаулармен қарсы соғыстарда асқан ерлік көрсетіп, жекпе-жек ұрыстарда айласын асырған, асқан қара күшімен танылған. Жауына аса мейрімсіз қатты қатал, ешкімнен қорқып айылын жимаған ержүрек адам болған. Ол «жауды аяған — жаралы» деген қағиданы қатаң ұстанған.

XIX ғасырдағы патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы жүргізген ұлт-азаттық қозғалысына Мамай белсене қатысып, әкесі Достанмен бірге өз заманында Көтібар, Арыстан, Қарағұл, Жармен, Есет батырлармен қарулас болған. Ал Достан би Көтібар батырмен қатар, замандас. Кезінде патшалық Ресейдің отаршылық саясатына қарсылық көтерілісінде бірге болып, жайлауға шыққанда да іргелес, қоныстас болып көшіп жүргені мәлім.

Журналист Ағлепес Нәубетияров облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 2016 жылғы 16 қарашада (№198-199) жариялаған «Көтібар — өз заманының батыр ұлы» деген мақаласында былай деп жазады:

«Елек өзенінің жоғары саласындағы жерлер шектілердің көшіп-қонып жүрген жаз жайлауы болған.1829 жылы жаз айында патша үкіметі 80 жастағы шекті Достан батырды өз ауылында, осы Бестамақ қонысында тұтқындап әкеткен. Ал1831 жылы айдауда жүрген поляк-гимназист, унтер-офицер Иван Виткевичті сұлтан-правитель Жүсіп Нұралин Тілеу мен Қабақ аулына іссапарға жіберіп, барғанда Көтібар ауылы Қарғалы өзеніне жақын жердегі Алабайтал қонысында отырған деп айтылады.

XIX ғасырда Ресейдің отаршылары Кіші жүз жеріне көптеп бекіністер салып, жерлерін тартып алып, сол жерлерге орыстарды

қоныстандырып, қазақтардың жайлауын тарылта бастаған. Міне, осы кезде жері мен тағдырына өздері ие болу үшін Көтібар, Достан батырлар бастаған шектілер Ресей отаршыларына қарсы көтеріліске шығады.

Бірнеше жүз адамнан құрылған жасақтар орыстардың бекіністеріне ұдайы шабуыл жасап, жылқыларын қуып кетіп, адамдарын тұтқынға алып отырған. Шекара сызығындағы бекіністер басшылары 1808-1814 жылдары Көтібар, Арыстан, Достан бастаған 300-ге жуық қазақ жасақшыларының күн құрғатпай бекіністерге шабуыл жасап отырғанын Орынбор өлкелік бекініс басшысына хабарлап отырған.

Елек бекінісінен 60 жылқыны, патша өкіметінің әскери комендатынан пана тауып жүрген Серғазы Айшуақов хан мекендеген Ильинский қорғанынан 800 жылқыны, сондай-ақ Губерлин қорғанынан 369 жылқыны, Таналық қорғанынан 69 жылқыны айдап әкетіп, бекіністерге ұрыс салып, қорғандарын өртеп кетіп отырған.

1814 жылы штабс капитан Епанешниковтің екі зеңбірегі бар 100 солдаттан құралғанжазалау отрядына Көтібар, Достан жасақшылары шабуыл жасап, бірнеше солдатын өлтіріп, жарақаттаған. Әрине, зеңбірекпен, мылтықпен қарулаған отрядты жеңе алмағаны белгілі. Дегенмен бұдан кейін де орыс бекіністеріне шабуыл жасауды тоқтатпаған».

Мамай батыр осы жасақшылардың тобын басқарып, барлық шабуылдар мен шайқастарға қатысып, асқан батылдық, ерлік көрсеткен. Әкесі Достан бидің барлық іс әрекеттерінде бірге болып, шұғыл араласып отырған.

Мамай батыр Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне де қатысқан. Мұның бір мәнісі — мынау. Достан бидің он бір әйелінің бірі Ханша Исатайдың жақын қарындасы болған. Сондықтан Достан би Исатаймен, бір жағынан, халықтық азаттық күрес жолында ниеттес болса, екінші жағынан, жекжаттық жақындығы болып, малымен де, жанымен де көмек беріп отырған.

Достан Исатай жасағына 400 сәйгүлік ат берген. Сондықтан Мамайдан және оның тұстас, замандастарынан,елдің батыр-билерінен орыс шенеуніктері де сескенген. Мұның бір дәлелі, Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Григорьевтің 1831 жылғы хатында:

«Мурзам Достану, Тлегену, Мамаю. Самаю;

Биям Жаманшию, Балакаю, Жалмұхамеду, Жаулыбаю, Желкилдеку,Таубаю, Кайдулу,

чтобы вы были со всеми Вашими здоровы и благополучны» делінген. Осы хатта Мамайдың да аты аталғаны көрініп тұр.

Мамай батыр бейнесі Сарышолақ шайырдың жырларында сомдалған. Ол:

Мәртікке әр кез болдың дем.

Жеңіске жеткен шайқаста,

Бөгенбай, Айтбай, Қайдауыл,

Хас батырлар кімнен кем?!

Бақтыбай, Тайлақ, Нарқасқа,

Көтібар, Достан, Арыстан,

Мамай, Ақтан, Қарағұл,

Шыққандар жаумен шайқаста, —

деп, Шалқар өңірінен шыққан батырлар жайында тебірене жырлайды.

Мамай батырдың көріпкел, әулиелігі де болған. Мазарының басына кешегіге дейін бала көтермеген әйелдер, сырқаты бар адамдар, жоғын таппаған жоқшылар барып түнейтін болған. Мамайдың зираты Балғасыннан 10 шақырымдай қашықтықта Тебізге жақын жерде. Ел ауызындағы әңгімелерге қарағанда, марқұм өз өсиеті бойынша осы жерде жерленген. Үлкен күмбезді тамды салу үшін саз балшықты илеп, Түркістан кірпіші үлгісінде кірпіш дайындаған және күйдірген. Тұрғылықты халық мұндай мазарды кез келген адамға тұрғызбайтыны белгілі.Кезінде мазардың төрінде кілем, киіз болған, қабырғасына қылыш, қамшы ілініп, босағаға адалбақан қойған. Кейін адамдар бұларды Құран оқып, алып кеткен.

1999 жылы барғанымда мазардың ішінде екі жерде бөлінген, ұзындығы 1-1,5 метр бақанның сынығы жатыр екен, жинап, қабырғаның төменгі жағына қойып кеттім. Ал бүгінде жауын-шашын, боран-жел әсерінен мазардың бір жақ қабырғасы және күмбезі құлаған.

Қазіргі мезетте Достан бабаның ұрпақтарының күшімен Мамай батыр бабаның кесене күмбезін қайтадан көтеру жұмысы жасалып жатыр. Бұл, біріншіден, ата-баба рухына тағзым болса, екіншіден, өсіп келе жатқан ұрпаққа отансүйгіштік, рухани тәрбие болсын деген мақсатты көздеп отыр.

Мамай батырдың өмірі зерттелмеген. Тек ілгеріде жергілікті баспасөз бетінде журналист Манаспай Оралбаев пен Жанғабыл Қабақбаевтың Мамай батыр жөнінде шағын мақалалары жарияланды. Мамай туралы құжаттар Санкт- Петербург, Орынбор, Орск архивтерінде сақталған болуы мүмкін. Мамай батырдың, оның әкесі Достан бидің өмірін тиянақты зерттеу ұрпақтарының алда тұрған міндеті болып саналады.

Қорыта айтқанда, Мамай батыр — патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы, қазақ халқының бостандығы үшін күрескен күрескер, Исатай-Махамбет бастаған халық-азаттық қозғалысының қайраткері.

Қазақ батырлары өз халқының бірлігі үшін, елінің тұтастығы үшін жан аямай күресе білді.Сондай үлгі тұтар ерлердің бірі — Мамай батыр Достанұлы.

Әрине, қазір кесене тұрғызу тәрізді ауқымды шаруаны сәтімен іске асыру үшін ұйымшылдық және едәуір көлемде қаржы қажет.Жұмыс тобы ойласа отырып, жеке және заңды тұлғалардың өз мүмкіндіктеріне қарай ерікті түрде қаржы аударуы үшін мына есепшотты назарларыңызға ұсынады:

Ғалымжан Иса. Шот №87771207709 Каспи голд. Мамай кесенесіне.

Елдігімізді көрсетейік, ағайын! Бәріңізге бабалар рухы жар болсын.

Аманқос СЕЙіТМАҒАНБЕТОВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button