Спорт

«Ақтөбе»: басым қимыл, тең ойын

Премьер-Лига

22-23 маусымда, сейсенбі-сәрсенбі күндері 17-турдың кездесулері өтті.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Петропавлдың «Қызылжар СК» командасын қабылдады.

«Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дейді қазақ. Сол рас болуы керек, кездесудің басынан-ақ «Қызылжар» футболшылары үсті-үстіне шабуыл ұйымдастырумен болды. Әйтсе де «Ақтөбенің» қорғанысы сыр бермеді. Оған қоса жерлестеріміз қонақтардың қақпасына шүйілуге кірісті. Оңай шағылатын жаңғаққа топ болмағанын онсыз да білетін қонақтар ойынның шамамен 15-минуттарынан бастап-ақ тізгінді барынша тежеп ұстау керектігін ұға қойды. «Ақтөбенің» екпінін саябырсыту үшін өздеріне доп тигенде мүмкіндігінше ұзақ ұстауға, допты ойынға қосуға асықпауға тырысып бақты.

Осындай аңдысулармен, әрине, «Ақтөбе» командасының басымдығымен, қонақтардың көбірек тәртіп бұзуымен бірінші тайм да аяқталды.

Екінші таймда да осы ойын өрнегі бұзылып жарытпады. Сол шабуылдар, сол қорғанулар, сол бұрыштамалар жалғаса берді. Рас, жанкүйерлерді мұндай қызу ойын жалықтырмайтыны белгілі, дегенмен олар голдың соғылуын асыға күтетіні мәлім. Сол гол да соғылды. Бірақ ақтөбелік жанкүйерлерді бұл гол тіпті де шаттандырған жоқ. 69-минутта қонақтар кезекті рет шабуылға шықты, ақтөбеліктер оның бетін қайырды да, дегенмен ортада жүрген Шота Григалашвили допты оң қанатта жүрген Дарко Зоричтің алдына тастады да, ол біздің қорғаушыларды орап өтіп, допты қарсы алдынан жүгіре шыққан қақпашымыз Сергей Ревякиннің үстінен асыра тастай салды — 0:1.

Бұдан соң «Ақтөбенің» атқа мінбеске амалы да қалмады. Жерлестеріміз тайлы-таяғымен шабуылға шықты, қонақтар жанталаса қорғанумен болды. Сөйтіп жүргенде 79-минутта қызылжарлық футболшы Нұрлан Дайыров екінші рет ескерту қағазын алып, алаңнанқуылды. Ақтөбеліктер қарсыластарын одан әрі тықсыра түсті. 81-минутта қарымта гол да соғылды. Эрвейн Мукам қонақтар қақпасы алдында жүрген Юрий Логвиненкоға пас тастады, Юрий дереу соққы жасаудың нәтиже бермейтінін сезді ме, допты оң қапталда жүрген Максим Фединге аудара салды, оны Максим қайтадан Логвиненкоға жіберді, қорғаушылардың аяғына тиген доп Логвиненкоға қайтып келді де, тәжірибелі қорғаушы көз ілеспес жылдамдықпен жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Бұдан соң да ақтөбеліктердің қауіпті шабуылдары толастамады. Бірақ енді есепке өзгеріс енбеді. Өкінішті. Әрине «Қызылжардың» қазір турнир кестесінің кеуде тұсында жүрген команда екенін есепке алғанда, тең ойын да нашар көрсеткіш емес, бірақ ойынның 62 пайызында доп біздің иелігімізде болғанын, 12 соққының алтауы тікелей қақпаға бағытталғанын ескерсек, жеңіске жете алмауымыз өкінішті-ақ емес пе?!

«Ақтөбе»-«Қызылжар СК» — 1:1

Гол авторлары: Дарко Зорич, 69-минут (0:1); Юрий Логвиненко, 81-минут (1:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Игорь Губанов, 41-минут; Тонго Думбия, 50-минут; Юрий Перцух, 56-минут; Эрвейн Мукам, 62-минут; Максим Самородов, 78-минут; Максим Федин, 80-минут; Юрий Логвиненко, 88-минут («Ақтөбе») — Юрий Бушман, 22-минут; Нұрлан Дайыров, 62-минут («Қызылжар СК»).

79-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Нұрлан Дайыров («Қызылжар СК») алаңнан қуылды.

22 маусым 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 5000 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Ревякин (қақпашы), Игорь Губанов (Лаша Тотадзе, 46-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Михал Йерабек, Әділхан Таңжарықов, Тонго Думбия, Юрий Перцух, Эрвейн Мукам, Олег Чернышов (Максим Самородов, 52-минут), Максим Федин, Игорь Сергеев (Дидар Жалмұқан, 46-минут).

Бас бапкер — Вахид Масудов.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 13 сәуірде «Ақтөбе» сырт алаңда «Қызылжар СК» командасын 2:1 есебімен ұтқан болатын.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 2;

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 16 кездесу өткізіп, 5 рет жеңді, 5 рет тең түсті, 7 рет ұтылды.  Ұпай саны — 20. Доп айырмашылығы — 24:28.

*   *   *

18-турда, 27 маусымда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтермен» кездеседі.

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button