Спорт

Үшінші тур: келесі кезеңге барар жол

Еуро-2020 

  1. «С» ТОБЫ. НИДЕРЛАНДЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕҢІСІ

№27 кездесу. 21 маусым. «С» тобы.

Солтүстік Македония-Нидерланды — 0:3

Солтүстік Македония, обалына не керек, ойынға асқан шабытпен кірісті. 10-минутта Иван Тричковски гол соқты, бірақ есепке алынбады — офсайд. Бірінші таймның ортасына таман Александр Трайковски соққы жасады, доп оң қапталдағы бағанға тиіп кері серпілді. Нидерланды футболшылары осыдан соң ғана дұрыстап сілкінді. Сілкінгенде қандай, үш гол соқты. 24-минутта Мемфис Депай нысананы дәл көздесе, одан соң Джорджиньо Вейналдум жібек торды екі рет сілкінтті (51,58-минуттар).

№28 кездесу. 21 маусым. «С» тобы.

Украина-Австрия — 0:1

Украина құрамасы Австрияның қақпасын мазалап жарытпады. Оның орнына қателесумен болды. Дәлме-дәл пас алмасу проблемаға айналды. Бұлар Нидерландының қақпасына 2 гол, Солтүстік Македонияның қақпасына 2 гол соққан құрамаға тіпті де ұқсамады. Неге екені белгісіз, дәрменсіз күйге түсті де қалды. Ал 1 гол соққан Австрия (Кристоф Баумгартнер, 21-минут) үш ұпай олжалап, шаруасын түгендеді де алды.

*   *   *

Осылайша «С» тобында бірінші орынға 9 ұпаймен Нидерланды құрамасы шықты (доп айырмашылығы — 8:2). 1/8 финалға жолдама алған екінші команда — 6 ұпай жинаған Австрия (4:3). Ал 3 ұпайы бар Украина (4:5) үшінші орынды қанағат тұтса, үш ойында да жеңілген Солтүстік Македония (2:8) көш соңында қалды.

  1. «В» ТОБЫ. РЕСЕЙ СОҢҒЫ ОРЫНДА ҚАЛДЫ

№29 кездесу. 21 маусым. «В» тобы.

Ресей-Дания — 1:4

Дания құрамасы (Миккель Дамсгор) 38-минутта бірінші голды соққанда ресейлік жанкүйерлер соншама қапалана қоймаған да шығар. Дегенмен 59-минутта жартылай қорғаушы Роман Зобнин, алым жоқ-берім жоқ, дат шабуылшысы Юссуф Поульсеннің аяғына доп салып бергенде қауіптің қара бұлты үйірілгені анық болды. Рас, Артем Дзюба 70-минутта пенальтиден соққан гол қайтадан үміт шырағын жаққандай көрініп еді, Дания футболшылары үстемелете соққан екі гол (Андреас Кристенсен, 79-минут; Йоахим Мехле, 82-минут) әлсіз саңылауды қайта жауып тастады. Ресей үш ойында осымен екінші рет ойсырай жеңілді.

№30 кездесу. 21 маусым. «В» тобы

Финляндия-Бельгия — 0:2

Финдерге кішігірім сенсация жасауға бар-жоғы 15 минуттай ғана уақыт жетпей қалды. 74-минутқа дейін қуатты қарсыласпен арыстанша арпалысқан, қақпаны шын мәнінде қаһармандықпен қорғай білген олар (қорғаушылар мен қақпашы) бір ғана қателіктің салдарынан күрт сынды. 74-минутта бұрыштамадан соң Томас Вермален баспен соққан, қақпа маңдайшасына тиген, одан соң кері серпілген доп жолында тұрған қақпашы Лукаш Градецкиге тиіп, қайтадан жібек торға лып ете түсті — автогол. Өкінішті-ақ. Әсіресе кездесудің басты қаһарманы аталғалы тұрған Градецкиге обал болды. Финдердің көңіл күйін бұзып кеткен бұл голға 81-минутта Ромелу Лукаку және бір гол қосты.

*   *   *

«С» тобында үш ойында да жеңіске жеткен Бельгия 9 ұпай жинады (доп айырмашылығы — 7:1). 1/8 финалға шыққан тағы бір команда — бір-ақ рет жеңіске жеткен, 3 ұпай ғана жинаған Дания құрамасы (5:4). Бұл ретте Данияға Ресейді ірі есеппен жеңуі, яғни 4 гол соғуы көмекке келді. Ал 3 ұпайы бар Финляндия (1:3) үшінші орынға іліксе, дәл сондай үш ұпайы бар Ресей (2:7) соңғы орында қалды.

  1. «D» ТОБЫ. АНГЛИЯ ЕКІ ГОЛМЕН ТОП БАСТАДЫ

31 кездесу. 22 маусым. «D» тобы.

Хорватия-Шотландия — 3:1

Хорватия 17-минутта (Никола Влашич) гол соққанымен 42-минутта Каллум Макгрегор есепті теңестірді. Бірақ Шотландия футболшыларының бұдан арғы тайталасқа күштері жетпеді. Екінші таймда Лука Модрич (62-минут) пен Иван Першич (77-минут) есепті еселеп, вице-чемпиондар үш ұпай олжалады.

№32 кездесу. 22 маусым. «D» тобы.

Чехия-Англия — 0:1

Бұл кездесуде, әрине, Англияның күші басым екені аңғарылып тұрды. Олар шапшаң гол да соқты: Рахим Стерлинг, 12-минут. Дегенмен осы голдан соң екі жақтың қақпасына да қайтадан доп енген жоқ. Кейбір мүмкіндіктерді футболшылар пайдалана алмады, оған қоса футболшылар ашық тайталасқа баспады, сірә, осы есеп плей-офф қамын көбірек ойлаған екі құраманы да қанағаттандырған болуы керек.

*   *   *

Бұл топта бірінші орынға шыққан Англия үш ойында бар-жоғы екі доп соқты, екі жеңіске ие болды, бірақ өз қақпасына еш гол жібермеді, сөйтіп, 7 ұпай жинады (доп айырмашылығы — 2:0). Топтық кезеңді бір жеңіс, бір тең ойын, бір жеңіліспен аяқтаған Хорватия мен Чехия 4 ұпайдан жинады. Дегенмен доп айырмашылықтарына байланысты Хорватия (4:3) екінші орынға шықты да, Чехия (3:2) үшінші орынға ығысты. Әйтсе де Чехия турнир ережесіне сәйкес оң көрсеткіштеріне байланысты 1/8 финалда ойнауға мүмкіндік алды. Көш соңында 1 ұпаймен Шотландия қалды (1:5).

Ал кеше, 23 маусым күні «Е» тобы мен «F» тобында да төрт кездесу өтіп, 1/8 финалға шығатындар толық анықталды.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button