Басты жаңалықтарЭкономика

Кірісін кәсіпкерлікпен көбейткен аудан

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі Ойыл ауданында болып, ауданның 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде көшпелі баспасөз конференциясын өткізді.

Ауылшаруашылық саласымен қатар, Ойылда кәсіпкерліктің көші қалыптасыпты. Қызмет көрсету орындары көбейген. Бұл — ауданның дамуына жеке адамдардың қосқан үлесі. Жерден өнім алып, саудасы облыстың сөресін жайлаған саралжындық Спартак Төремұратовтың кәсібі азжылда жемісін берді. Бау-бақша салып, мал басын көбейтуді көздеген кәсіпкердің тағы бір сыйы —ауылдағы заманауи дүкені. Селоның ортасына салынған сәнді ғимарат қала үлгісімен жұмыс жасайды. Дүкенге бармай-ақ, үйде отырып тапсырыс берсеңіз, қалаған затыңызды жеткізіп береді. Азық-түлікті 100 мың теңгеден асырып сауда  жасайтын болса, елді мекендерге де апарып береді. Әрине, той-садақа болмаса кезкелген үй мұндай ақшаға жиі сауда жасай бермеуі мүмкін. Дегенмен екі-үш отбасы бірігіп жасаса, үйге дейін жеткізудің тегін қызметін көре алады. Дүкенде шағын шайхана бар. Қолма-қол төлеммен қатар, «Kaspi Gold» арқылы да ақша аудара аласың. «Спарта» шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремұратов ауылға осындай жаңашылдық әкеліп, қызметтің түрін көбейтіп отыр. Оның бұдан кейінде қолға алған ірі жобалары бар. Өзеннің жағасына жеміс ағаштарын егіп, алма баққа айналдырмақ. Суармалы әдіспен тары егуді бастады.

Аудандық саз мектебінің құрылысы толықтай бітті. Демеушілердің арқасында салынған бұл ғимараттың іші-сырты әдемілігімен көз тартады. Көшенің көркіне айналған сазмектебіне келушілер көп. Мұнда бірнеше үйірме бар. Үлгілі «Маржан» би тобы халықаралық байқаудан жүлде алып келді. Би бөлімінің мұғалімі Назерке Халидуллина кең әрі жарық жерде қыздардың өнерге деген құлшынысы артып, жақсы дайындалатынын айтады.

Домбыра сыныбы бойынша екі үйірмеміз бар. Барлығы 60 бала қатысады. Бұрын дәстүрлі ән бөлімінде 9 бала болатын. Қазір 13-ке жетті. Жаңа ғимарат оқушыларды ынталандырып отыр. Біздебалалар 6 жасынан бастап 7жылбойы дайындалады, —дейді дәстүрлі ән бойынша мұғалімі Теңел Омаров.

«Ауыл ел — бесігі бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен тағы бір ғимарат —Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы жанындағы жазғы мектеп. 1900 жылы салынған ғимарат тарихи нысан болып саналады. Кейбір деректерде 1890 жылдары қабырғасы қаланған.

Білім ошағы, интернат, жетімдер үйі болған көне ғимараттың қабырғалары берік. Қызыл кірпішпен күйдіріп салынған. Еденінен бастап шатырына дейін күрделі жөндеу жасалған соң барлық бөлмелелі жарқырап шыға келді. 1936 жылдан бастап Ойыл орыс орта мектебі болып, 2012 жылы жаңа ғимаратқа көшкенге дейін талай түлектерді ұшырды.

— Ғимараттың ерекшелігі — жазда салқын леп соғып тұрады. Ал қыста жылы болады. Бір ғасыр бойы жөндеу көрмеген бұл мектеп былтыр ғана 37 миллион теңгеге жөнделіп, пайдалануға берілді. Жазғы мектепте тек бастауыш сыныптардан 211 оқушы оқиды. Сонымен қатар 68 мектепалды даярлық балалары бар. Ал шағын орталықта 25 бала жүр. Мектепте орыс-қазақ тілінде аралас оқиды, — дейді мектеп директоры Роза Ұлықпанова.

Үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы жасалып жатқан жұмыстар шалғай аудан үшін ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бір дәлелі — салынып жатқан екі қабатты тұрғын үйлер. Аудан орталығының шет жағындағы 16 пәтерлік екі қабатты қос үйдің құрылысы биыл аяқталады. Қазіргі таңда бірінші қабатын жауып болды. Аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Азамат Исмағұловтың айтуынша, биыл 32ойылдық отбасы жаңа жылды жаңаүйде қарсы алмақ.

Жарты жылда не тындырылды?

Баспасөз мәслихатында журналистерге сұхбат берген аудан әкімі Асқар Қазыбаев жартыжылда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Аудан экономикасының негізін құрайтын ауылшаруашылығы саласында өсім көп. Биыл 2,5 мың гектар жерге тұқым себілді. Жыл басынан бері басты «экспорты» 3278,8 тонна ет өндірілді. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнім 4465,0 млн теңгені құраған. Ауданның өрісі 5 айдың ішінде 261 сиыр, 1300 қоймен толықты.

Мал басы жеткілікті. Алайда шаруақожалықтарының техникалық базасын жаңарту керек. Осы орайдажеңілдетілген несие арқылы 8 шаруа қожалығына ауылшаруашылық техникаларын сатып алуларына көмек берілді.

Өндірісі жоқ Ойылда жұмыс табылмайды деген сылтау  емес. Айта-айта жауыр болған малшы, бақташы мәселесімен қоса механизаторларда үлкен сұранысқа ие. Осы орайда Ойыл аграрлық колледжі механизаторлар даярлап, жергілікті шаруа қожалықтарына жұмысқа жібереді. Бұрын ауыр техниканы оқыды деген куәлік берілгенімен, жүргізуші куәлігін облыс орталығынан алатын. Енді колледж түлектері жүргізуші куәлігін сол жерден алып шығады. Себебі қазір барлық жерде жастар құжатсыз трактор айдап жүр. Солардың бәріне ресми құжат дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Барлық ауылдық округтер 4- деңгейлі бюджетке көшірілді. Жыл басынан бері бюджетке  2 миллиардтан астам кіріс кірді.

Республикадан, облыстан бөлінетін қаржыны күтпей-ақ, өзіміздегі қаражатқа ауылдарға көгілдір отын тарту, жол жасау үшін жобалық-сметалық құжаттар жасаймыз. Бұл уақытты ұтады.

Айталық, бой көтеріп жатқан екі сегіз пәтерлік тұрғын үй құрылысының жалпы сметалық құны — 210,944 миллион теңге. Өткен жылы 5 миллион теңге игерілген болса, биыл аудандық бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп отыр.

Ойылда 200-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бірақ олар үйсіз жүр деген сөз емес. Біз ең бірінші кезекте баспанаға шын мұқтаж жандарға, мүмкіндігі шектеулі адамдары бар отбасыларға береміз. Себебі олар үй сала алмайды.

Сонымен қатар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға елді мекендерден тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 16,7 миллион теңге бөлінді. Қазір ауылдардан сатып алатын тұрғын үй қарастырып жатырмыз, — дейді аудан әкімі.

Облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берген аудан басшысы Ойыл өзенінің жайы туралы айтып өтті.

Аудан аумағында кеңес заманынан қалған ескі бөгеттер болғанымен, олар суды тежеп отырған жоқ. Ал, шаруа қожалықтары да тоған салып, су ұстамайды. Өзен арналарындағы сай-салалар, ірілі-ұсақты өзендер еш кедергісіз Ойыл өзеніне құяды. Алайда бұлақтардың көзін ашып, тазалау жұмыстары жалғаса бермек.

Өткен қыс ойылдықтар үшін ауыр болды. Мал азығы таусылып, жекетұрғындар біраз қымбатшылыққа ұрынды. Өзен суының тасымауынан биыл да шабындықтың түсімі аз болғалы тұр. Сондықтан шаруалар мал азығын дайындауға ерте кірісіп кетті. Жергілікті әкімшілік шөп бағасын тұрақтандыруға шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұлда ойландыратын мәселе. Былтыр бір бума шөптің бағасы 350 теңге болса, шөп шабатындар жанар-жағармайдан бастап барлық заттың қымбат екенін алға тартып, биылғы бағаны 400 теңгеден қойып отыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button