Спорт

Екінші тур: үзілмеген үміттер

Еуро-2020

ЖЕҢІС ӘПЕРГЕН ПЕНАЛЬТИ

№19 кездесу. 18 маусым. «Е» тобы.

Швеция-Словакия — 1:0

Бірінші турда жақсы әсер қалдырған қос құраманың тартысы футболшылардың қимылы сол қалыптарында екенін көрсетті. Текетіреспен өткен ойын тағдырын заңды белгіленген, Эмиль Форсберг 77-минутта орындаған пенальти шешті. Швеция осымен 4 ұпай жинаса, Словакия сол бұрынғы 3 ұпаймен қалды.

ЕСЕПТІ ӨЗГЕРТКЕН ЕКІНШІ ТАЙМ

№20 кездесу. 18 маусым. «D» тобы.

Хорватия-Чехия — 1:1

Осының алдындағы ойын секілді бұл кездесуде де гол пенальти арқылы соғылды (Чехия, Патрик Шик, 37-минут). Бірақ сол күйі қалмады, хорваттар екінші таймда есе қайырды. 77-минутта Иван Першич қарымта гол соқты да, кездесу тең есеппен аяқталды. Осылайша Хорватия алғашқы 1 ұпайға ие болса, Чехия 4 ұпай жинады.

ШОТЛАНДИЯНЫҢ ТЕГЕУРІНІ

№21 кездесу. 18 маусым. «D» тобы.

Англия-Шотландия — 0:0

Бұл кездесуде гол соғылмады. Бірінші турда Хорватияны жеңген ағылшындардың Шотландияға тісі батпады. Оны аз десеңіз, тегеурінді қарсылыққа тап болған Англия құрамасы бір ұпай олжалағандарына іштей қуанған да болуы мүмкін. Олар, сөйтіп, 4 ұпай жинады, ал Шотландия алғашқы 1 ұпайға ие болды.

ВЕНГРИЯНЫҢ «МІНЕЗІ»

№22 кездесу. 19 маусым. «F» тобы.

Венгрия-Франция — 1:1

Үш мықтының (Франция, Германия, Португалия) ортасына түскен Венгрия құрамасы бұл додада қандай да бір ұпайға ие болуы мүмкін еместей көрінгені де рас еді. Олай болмады. Қажет десеңіз, бұл кездесуде бірінші болып венгрлер гол соқты: Оттило Фиоло, 45+2 минут. Ал екінші таймда француздар есепті зор қиындықпен теңестірді: Антуан Гризманн, 66-минут. Осылайша 1/8 финалға ойнақтап шығуға тиіс Франция 4 ұпаймен шектелсе, Венгрия алғашқы 1 ұпайына ие болды.

ПОРТУГАЛИЯНЫҢ ЕКІ АВТОГОЛЫ

№23 кездесу. 19 маусым. «F» тобы.

Португалия-Германия — 2:4

Бірінші болып Криштиану Рональду (15-минут) гол соққанымен сол бірінші таймда Португалияның екі футболшысы өз қақпасына гол соғып алды: Рубен Диаш, 35-минут; Рафаэль Геррейру, 39-минут. Оған екінші таймда немістер екі гол қосты (Кай Хаверц, 51-минут; Робин Госенс, 60-минут). Ал 67-минутта португалдық Диогу Жота соққан гол еш мәселені шеше алмады. Сонымен, екінші кездесуден соң бұл екі құрама да 3 ұпайдан жинады.

ТЕҢ ТЕКЕТІРЕС

№24 кездесу. 19 маусым. «Е» тобы.

Испания-Польша — 1:1

Бұл кездесуде Испанияның жеңіп кету мүмкіншілігі болды. Бірақ Жерар Мореноның 58-минутта пенальтиден орындаған соққысы қапталдағы діңгекке тиіп, одан әрі айдалаға кетті. Сол себепті екі команда бұған дейін соғылған бір-бір голмен ғана қанағаттануға мәжбүр болды. 25-минутта испан Альваро Мората соққан допқа 54-минутта атақты поляк Роберт Левандовский қарымта жауап қайырған болатын. Екі турдан соң Испания — 2, ал Польша 1 ұпай ғана жинап тұр.

*   *   *

Екі турда 6 ұпайдан жинап, 1/8 финалға мерзімінен бұрын шыққандар: Италия, Бельгия, Нидерланды.

Ал екі турда да ұтылған құрамалар: Түркия (0:5), Дания (1:3), Солтүстік Македония (2:5).

ҮШІНШІ ТУР: КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ БАРАР ЖОЛ

  1. «А» ТОБЫ ТАРТЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

№25 кездесу. 20 маусым. «А» тобы.

Швейцария-Түркия — 3:1

Түркияның бұл турнирдегі құрамасында қарсыластарды абыржытарлық аса танымал жұлдыздар жоқ екені белгілі, сол себепті де Баку қаласында өткен бұл кездесуде де тәп-тәуір шабуылдар нәтижесіз аяқталып жатты. Оған қоса қақпашы Угурджан Чакырға да бұл чемпионатта жарқырап көзге түсу бұйырмады. Ол тағы да үш голға бөгет бола алмады: Харис Сеферович, 6-минут; Джердан Шакири, 26-минут; Джердан Шакири, 68-минут. Түркия бар-жоғы чемпионат басталғаннан бергі алғашқы голын соқты: Ирфан Кахведжи, 62-минут.

№26 кездесу. 20 маусым. «А» тобы.

Италия-Уэльс — 1:0

Уэльс, обалына не керек, өткір шабуылдар жасауға тырысып бақты. Бірақ бұл әрекет, шынын айтқанда, ықылас дәрежесінен асып жарытпады. Италия қарсыластарын мүмкіндігінше тежеп ұстады. Ойын тағдырын Маттео Пессина 39-минутта соққан жалғыз гол шешті.

*   *   *

Сонымен, «А» тобында бірінші орынға 9 ұпаймен Италия құрамасы шықты, олар қақпасына еш доп енгізбеді (7:0). Екінші орынға 4 ұпаймен табан тіреген Уэльс те (3:2) 1/8 финалға жолдама алды. Плей-офф ойындарына сондай-ақ 4 ұпайы бар Швейцария да (4:5) қатысып қалуы мүмкін. Ал еш ұпай жинай алмаған Түркия (1:8) келесі жылдардағы додаларға қажетті тәжірибелер жинап алғаны сөзсіз.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button