Спорт

Капитан соққан гол

Премьер-Лига

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 0:1

18-19 маусымда, жұма-сенбі күндері 16-турдың кездесулері өтті. Бұл тартыстардың ерекшелігі, бес кездесуде қонақтар (біреуі — «Ақтөбе») жеңіске жетті.

Үш тур бойы жеңіліп, оның үстіне еш гол соға алмай пұшайман болған «Ақжайық» сырт алаңда «Қызылжар СК» командасының қақпасына қарымта жауап қайтарылмаған бір гол енгізіп, көңілдерін бірледі.

Қарағандыда «Таразды» 1:0 есебімен ұтқан «Шахтер» жеті турға созылған жеңіссіз ойындар тізбегін үзді.

Атырауда «Астанаға» Марин Томасов соққан екі гол жеңіс әперді.

«Тобыл» өз алаңында «Жетісуды» екі пенальти арқылы жеңді.

29-минутта бір футболшысы алаңнан қуылған «Қайсар» Ақтауда «Каспийден» басым түсті.

«Астана» мен «Тобылды» қуып келе жатқан «Қайрат» сырт алаңда «Тұранды» ірі есеппен жеңді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен кездесті.

Бапкердің нұсқауы солай болды ма, әйтеуір, «Ақтөбе» бірден белсене шабуылға шықты. Алғашқы минуттардан бастап-ақ қарсыластар қақпасына тура соққы бағыттады, қақпаға жақын маңайдан айып добын орындады, бұрыштама соққы жасады…

Дегенмен алаң өздерінікі екенін естен шығармаған шымкенттіктер бұл белсенділікті бәсеңдетуге тырысты. Осылайша теңбіл доп екі қақпаның арасында алма-кезек жортты да жүрді.

Бірінші тайм осылай аяқталды.

Ымырасыз текетірес екінші таймда да жалғасты. Және 81-минутқа дейін созылды. Дәл осы кезде «Ақтөбе» екінші рет бұрыштама доп соғу құқығына ие болды. Алаң бұрышына келген Максим Самородов «Ордабасы» қақпасының дәл алдына, қақпашының бойынан асыра әуелете пас тастады. Зырқырай ұшып жеткен допқа екі команданың футболшылары үйме-жүйме болып таласа ұмтылған шақта, олардың ту сыртынан шыға келген Юрий Логвиненко көтеріле секіріп, аса бір салқынқандылықпен допты баспен соқты. Қақпаның оң жақ бүйіріне дәл бағытталған доп жібек торды бүлк еткізді, қақпашы Бекхан Шайзада да, қорғаушылар да қалшиып тұрып қалды — 0:1.

Ортамызға қайта оралған, команданы жасыл алаңға капитан ретінде бастап шығып жүрген Юрий Логвиненко бабында екенін көрсетті де, бұған жауап ретінде шымкенттік футболшылар, әрине, өршелене шабуыл жасауға кірісті. Қауіпті соққылар жасады. Дегенмен біздің қорғаушыларымыз қай әрекеттерге де төтеп берді. Ойын барысында жіті де сақ қимылдай білген, бірнеше қауіпті соққыларға абыржымай тосқауыл жасаған қақпашымыз Сергей Ревякин, әсіресе гол соғылғаннан кейінгі 15 минут ішінде, төреші ысқырығы кездесуді тоқтатқанға дейінгі аралықта өте шебер қимылдады.

«Ақтөбе» осылайша аса қиындықпен келген үш ұпайға ие болды. Ал қиындықты цифр тіліне аударсақ, ойын уақытының 64 пайызында доп шымкенттіктердің билігінде болды, сөйтіп жүріп олар қақпаға қарата 13 соққы (қақпаға дәл бағыттап 6 соққы) жасады, 5 бұрыштама доп соқты.

Кездесуден кейінгі баспасөз сұхбатында бас бапкер Вахид Масудов осы жайларды айта келе, Шымкентте де мықты қолдау жасаған ақтөбелік жанкүйерлерге шын ризашылығын білдірді. Жанкүйерлердің кездесу бойы қызу қолдап отыруы футболшыларымызды кәдімгідей қанаттандырғанын ерекше атап өтті.

«Ордабасы-«Ақтөбе» — 0:1

Гол авторы: Юрий Логвиненко, 81-минут (0:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Чиди Осучукву, 26-минут; Тимур Досмағамбетов, 40-минут; Абдуллай Диакате, 70-минут («Ордабасы») — Михал Йерабек, 48-минут; Юрий Перцух, 75-минут («Ақтөбе»).

18 маусым 2021 жыл. Шымкент қаласы, Қажымұқан атындағы стадион. 3700 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Ревякин (қақпашы), Игорь Губанов (Максим Самородов, 46-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Михал Йерабек, Әділхан Таңжарықов (Лаша Тотадзе, 25-минут), Тонго Думбия, Юрий Перцух, Эрвейн Мукам (Рифат Нурмугамет, 92-минут), Олег Чернышов (Әлішер Әжімов, 92-минут), Дидар Жалмұқан (Игорь Сергеев, 70-минут), Максим Федин.

Бас бапкер — Вахид Масудов.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 9 сәуірде Алматыдағы «Жас қыран» стадионында бұл екі команда арасында өткен ойын тең аяқталған болатын — 4:4.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 16 кездесу өткізіп, 5 рет жеңді, 4 рет тең түсті, 7 рет ұтылды.  Ұпай саны — 19. Доп айырмашылығы — 23:27.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тұран»-«Қайрат» — 0:3

 Гол авторлары: Вагнер Лав, пенальти, 12-минут (0:1); Артур Шушеначев, 47-минут (0:2); Арсен Буранчиев, 76-минут (0:3).

«Каспий»-«Қайсар» — 2:4

Гол авторлары: Кларнес Битанг, 25-минут (0:1); Каролис Лаукжемис, 74-минут (0:2); Каролис Лаукжемис, 78-минут (0:3); Думан Нарзилдаев, 85-минут (0:4); Руслан Мингазов, 86-минут (1:4); Рамазан Каримов, 90+2 минут(2:4).

30-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Елжас Алтынбеков («Қайсар») жасыл алаңнан қуылды.

«Атырау»-«Астана» — 0:2

Голдардың авторы: Марин Томасов, 4-минут (0:1); Марин Томасов, 35-минут (0:2).

«Қызылжар СК»-«Ақжайық» — 0:1

Гол авторы: Иван Антипов, 50-минут (0:1).

«Тобыл»-«Жетісу» — 2:1

Гол авторлары: Аслан Әділ, 19-минут (0:1); Неманья Николич, пенальти, 36-минут (1:1); Азат Нұрғалиев, пенальти, 48-минут (2:1).

«Шахтер»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Аслан Чочиев, 21-минут (1:0).

*   *   *

16-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 38 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 35 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 30 ұпай;
  4. «Ақжайық» (Орал) — 24 ұпай;
  5. «Каспий» (Ақтау) — 23 ұпай;
  6. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 21 ұпай;
  7. «Ордабасы» (Шымкент) — 21 ұпай;
  8. «Атырау» (Атырау) — 21 ұпай;
  9. «Тараз» (Тараз) — 19 ұпай;

10.«Ақтөбе» (Ақтөбе) — 19 ұпай;

  1. «Тұран» (Түркістан) — 16 ұпай;
  2. «Шахтер» (Қарағанды) — 15 ұпай;
  3. «Қайсар» (Қызылорда) — 11 ұпай;
  4. «Жетісу» (Талдықорған) — 10 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 15 кездесуден өткізді.

*   *   *

17-турдың кездесулері:

22 маусым, сейсенбі

«АҚТӨБЕ» — «ҚЫЗЫЛЖАР СК»

«Ақжайық» — «Шахтер»

«Астана» — «Ордабасы»

23 маусым, сәрсенбі

«Жетісу» — «Атырау»

«Қайрат» — «Каспий»

«Тараз» — «Тұран»

«Қайсар» — «Тобыл»

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button