Спорт

Екінші турдың өрнектері

ЕСЕПТЕЛМЕГЕН ГОЛ

№13 кездесу. 16 маусым. «В» тобы.

Финляндия-Ресей — 0:1

Кездесудің 3-минутында фин шабуылшысы Йоэль Похьянпало баспен соғып, Ресей қақпасына гол енгізді де жіберді. Дегенмен VAR дереу мұқият зерттеп, қақпаның алдында фин футболшылары миллиметрлік офсайда болғанын анықтады да, голды жоққа шығарды. Ал тайм соңында, 45+2 минутта финдер қақпасына Алексей Миранчук гол соқты да, осы есеп тартысқа толы кездесудің соңына дейін өзгерген жоқ. Қазір бұл екі команда 3 ұпайдан жинап тұр.

БЕРЕКЕЛІ БЭЙЛЬ

№14 кездесу. 16 маусым. «А» тобы.

Түркия-Уэльс — 0:2

61-минутта пенальти орындаған Уэльстің атақты футболшысы Гарет Бэйл допты қақпадан асыра теуіп жіберді. Бірақ бұл Бэйлдің беделіне еш нұқсан келтірген жоқ. Өткені осы ойында соғылған екі гол иелеріне де — 42-минутта Аарон Рэмзиге де, 90+5 минутта Коннор Робертске де тамаша пас берген осы Бэйл. Ал бұл ойын өткен Баку қаласында жанкүйерлері жеткілікті болған Түркия құрамасы еш шеберлік көрсете алмады. Уэльс осымен екі ойында 4 ұпайға қол жеткізсе, Түркия еш ұпайсыз келе жатыр.

ҚАЙТАЛАНҒАН ІРІ ЕСЕП

№15 кездесу. 16 маусым. «А» тобы.

Италия-Швейцария — 3:0

Италия өткен турда Түркиямен кездесуіндегідей  бұл жолы да тура 3:0 есебімен жеңіске жетті: Мануэль Локателли, 26-минут; Мануэль Локателли, 52-минут; Чиро Иммобиле, 89-минут. Рас, бұлар соққан тағы бір гол ойын ережесіне сай болмағандықтан, есептелмей қалды. Ал Локателли бір кездесуде екі гол соққан төртінші футболшы болды. Италия 1/8 финалға ойнақтап шықты. Швейцарияның есебінде 1 ұпай бар.

5 МИНУТТЫҚ ЖЕТІСТІК

№16 кездесу. 17 маусым. «С» тобы.

Украина-Солтүстік Македония — 2:1

Бірінші таймды 2:0 есебімен аяқтаған Украина құрамасы (Андрей Ярмоленко, 29-минут; Роман Яремчук, 34-минут) ойынның екінші бөлігінде тым ертерек жалқаулана бастады және осының кесірінен өз қақпасына бір гол енгізіп алды (Эзджан Алиоски, 57-минут). Оның үстіне 84-минутта Руслан Малиновский орындаған пенальтиді македониялық қақпашы қақпаға дарытпады. Дегенмен украиндар барынша тырмысып алғашқы жеңіске қол жеткізді. Ескерте кетер жайт, Ярмоленко мен Яремчук бірінші турда Нидерланды қақпасына 4 минут ішінде екі гол соқса, бұл кездесуде 5 минут ішінде екі гол соқты. Украина алғашқы 3 ұпайға ие болса, Солтүстік Македония тағы да ұпайсыз қалды.

 ТҮЗЕЛГЕН ТАКТИКА

№17 кездесу. 17 маусым. «В» тобы.

Дания-Бельгия — 1:2

Кездесудің 2-минутында гол соғып үлгерген Дания футболшылары (Юссуф Поульсен) осыған жалғасқан, қарсыластарын шынымен абыржытқан бірнеше үстеме шабуылдарында есепті ұлғайта алмады. Ал екінші таймда бельгиялықтар тактиканы түзеп, екі гол соқты (Торган Азар, 55-минут; Кевин де Брейн, 71-минут). Сөйтіп, Дания екінші ойында да ұпайсыз қалды. Ал қоржынына 6 ұпай түскен Бельгия 1/8 финалға шықты.

 СЕНІМДІ ЖЕҢІС

№18 кездесу. 17 маусым. «С» тобы.

Нидерланды-Австрия — 2:0

 Бұл кездесуде Нидерланды құрамасы аса абыржи қойған жоқ. 11-минутта Мемфис Депай пенальтиден есеп ашты да, 67-минутта Дензел Думфрис соққан гол жеңісті біржола бекітті. Ал Австрия кереметтей қарсылық көрсете алмады. Осылайша 6 ұпай жинаған Нидерланды 1/8 финалға шыққан үшінші команда болып тіркелді. Ал 3 ұпай жинаған Австрияны үшінші ойында Украина құрамасы күтіп тұр.

*   *   *

Екінші тур кездесулері 19 маусым, сенбі күні аяқталып, жексенбіде, 20 маусымда үшінші тур ойындары басталады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button