Спорт

Бірінші тур автоголмен басталып, автоголмен аяқталды

Еуро-2020

САБЫР ТҮБІ САРЫ АЛТЫН

№8 кездесу. 14 маусым. «D» тобы.

Шотландия-Чехия — 0:2

Шотландия қарсыластар қақпасына қарай көбірек соққы жасады, допқа да көбірек иелік етті, бірақ чехтар сабыр түбі сары алтын екенін есте ұстады. Тәжірибесі молдау Чехия құрамасы жолшыбай қателерін түзете отырып, қарсыластарын еркін ойнақтауға жібермеді. Бір айта кетерлігі, 42, 87-минуттарда чехиялық сұрмерген Патрик Шик соққан қос голдың екіншісінде қақпадан қашықтап кетіп, ауа қармап қалған шотландиялық қақпашы Дэвид Маршаллдың да «үлесі» бар. Осылайша Патрик Шик бір ойында 2 гол соққан бельгиялық Ромелу Лукакудың жетістігін қайталады.

«ҚЫЗЫЛ ҚАҒАЗДЫҢ» КЕСІРІ

№9 кездесу. 14 маусым. «Е» тобы.

Польша-Словакия — 1:2

Бұл кездесу қанша мықты болса да ойын тағдырын бір футболшы шеше алмайтынын анық дәлелдеді. Даңқты шабуылшы Роберт Левандовскийді словактар аттатпай қойды. Оған қоса ондай аса атақты шабуылшысы жоқ словакиялық бапкер Штефан Таркович ең алдымен берік қорғаныс ұйымдастыра білді, сосын сол қорғаныстан қалайша нәтижелі шабуылға көшудің жай-жапсарын және мығым пысықтағаны көрініп тұрды. Былайша айтқанда, тактиканы командалық ойынға құрды. Рас, поляк Войцех Щесны бұл ойындағы ғана емес, жалпы чемпионат барысында қақпашылар арасындағы алғашқы автогол иесі атанды (18-минут). Дегенмен оны бұған мәжбүр еткен словакиялық жартылай қорғаушы Роберт Мак еді. Екінші таймда ес жинап алған поляктар есепті бірден теңестірді (Кароль Линетты, 46-минут). Дегенмен 62-минутта Гжегож Крыховякқа екінші рет ескерту қағазы (яғни «қызыл қағаз») көрсетілген соң алаңнан қуылуы поляктарды қайтадан абыржытты. Осыны пайдаланған словактар, дәлірек айтқанда, осы ойында ерекше жарқылдап көзге түскен қорғаушы Милан Шкриньяр 69-минутта екінші голды соқты. Словакияны жеңетіндігі, ал топтық кезеңнен кем дегенде екінші орынмен шығатындығы болжанған Польша құрамасы осылайша жағдайын қиындатып алды.

ҚАҚПАШЫНЫҢ ҚАДІРІ

№10 кездесу. 14 маусым. «Е» тобы.

Испания-Швеция — 0:0

Сонымен, чемпионатта еш гол соғылмаған алғашқы кездесу де өтті. Допқа ойынның басым бөлігінде (75%) иелік еткен, қақпаға тура соққы бағыттауда да басым болған (5:0), 6 рет бұрыштама доп соққан Испания құрамасы шведтерді бәрібір жеңе алмады. Бұл ретте Швеция қақпашысы Робин Ульсеннің, басқасын былай қойғанда, өз қақпасын кем дегенде талассыз енуге тиіс төрт голдан аман алып қалғанын ерекше атап өткен жөн. Ал қай кезде де қақпашының сенімді қимылы футболшыларды да сабырлы қимылдауға шақыратыны мәлім. Испаниялық бапкер Луис Энрике бұл текетірестен қандай сабақ алды екен?

АЛТЫ МИНУТТЫҢ АҚЫРЫ

№11 кездесу. 15 маусым. «F» тобы.

Венгрия-Португалия — 0:3

Кездесудің негізгі уақытының аяқталуына 6  минут қалғанға дейін жанкештілікпен ойнаған Венгрия құрамасы кенет сылқ ете түсті. Рас, қақпашы Петер Гулачи бұл голды жібермес те еді, әттең, 84-минутта португал Рафаэль Геррейру тепкен доп, жолшыбай венгриялық қорғаушының аяғына тиіп, бағытын күрт өзгертті де, лып етіп қақпаға енді де кетті. Бұл ретте қақпашыны кінәлаудың негізі жоқ еді. Сондай-ақ үш минуттан соң Криштиану Рональду соққан пенальтиді (87-минут) қақшып түспегені үшін Гулачиді айыпқа жығу және қиын. Рональду оған жалғастыра тағы бір гол соқты (90+2 минут). Әрине, Венгрияның Португалиядан (тіпті 0:3 есебімен болса да) жеңілуінде тұрған ештеңе жоқ, тіпті күткен нәтиже деуге де болар. Бірақ Будапешт стадионындағы жанкүйерлерді 84 минут бойы сүйреп келген үміт жібінің шорт үзілуі аса өкінішті болды. Оған қоса 80-минутта венгр Томас Щен соққан голдың есепке алынбауы да (расымен де офсайд болғандықтан) естен кетпес «әттеген-ай» болып қалды. Ал Рональду бір ойында екі гол соққан бельгиялық Ромелу Лукаку мен чех Патрик Шиктің қатарына үшінші болып қосылды. Сондай-ақ португалдық шабуылшы Еуропа чемпионаттарында осымен 10 гол соғып рекорд жаңартты. Ал ұлттық құрама үшін 105 гол соққаны өз алдына бөлек әңгіме.

ЕСЕПТЕЛМЕГЕН ЕКІ ГОЛ

№12 кездесу. 15 маусым. «F» тобы.

Франция-Германия — 1:0

Автогол арқылы жеңіске ие болғаны Франция құрамасының беделіне тіпті де нұқсан келтірмейді. Себебі 20-минутта неміс Матс Хуммельсті өз қақпасына өзі гол соғып алуға мәжбүр еткен, әрине, француздардың жойқын екпіні мен тепкіні. Ал бұған Килиан Мбаппе мен Карим Бенземаның соққан голдары офсайд болғандықтан есептелмей қойғанын қоссақ, биылғы ең мықты команда аталып жүрген француздардан алдағы ойындарда не күтуге болатыны біршама аңғарылып тұрғандай. Әрине, Германия құрамасының ойын өрнегін кемітудің де ешқандай жөні жоқ. Дегенмен бұл кездесу ылдым-жылдым қозғалатын Франция құрамасының шоқтығы биік екенін көрсетті.

*   *   *

Осылайша топтық кезеңнің автоголмен басталып (Мерих Демирал, Түркия, 11-маусым), автоголмен нүкте қойылған (Германия, Матс Хуммельс, 15 маусым) бірінші туры аяқталды.

Бұл турда Италия, Финляндия, Бельгия, Англия, Австрия, Нидерланды, Чехия, Словакия, Португалия, Франция құрамалары 3 ұпайдан жинады.

Ал Уэльс, Швейцария, Испания, Швеция 1 ұпайдан еншіледі.

Әзірге ұпайға ие болмағандар: Түркия, Дания, Ресей, Хорватия, Солтүстік Македония, Украина, Шотландия, Польша, Венгрия, Германия.

Енді алдағы екінші турда топтық кезеңнен шығатындардың алды белгілі болып та қалады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button