Спорт

Ақтөбелік спортшыларда 5 жолдама бар

Еркін күрестен Токио Олимпиадасына Қазақстан атынан баратын спортшылардың тізімі жарияланды.Біз үшін қуаныштысы, осы тізімде Нұрислам Санаев пен Юсуп Батырмұрзаев бар.

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы Токио Олимпиадасына бес жолдама ұтып алған болатын. Оның төртеуін қазақстандық балуандар 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен іріктеу турнирінде ұтып алды, ал бесіншісіне биылғы сәуір айында өткен Азия біріншілігінде қол жеткізді. Бұл жолдамаларды ұтып алғандардың арасында екі ақтөбелік спортшы бар: Нұрислам Санаев (57 кг) пен Юсуп Батырмұрзаев (125 кг).

Дегенмен күрес түрлері бойынша Олимпиада жолдамасы нақты спортшыға емес, ұлттық құрамаға беріледі. Жеме-жемге келгенде, Олимпиадаға о баста жолдаманы ұтып алған спортшы емес, одан гөрі бабы, дайындығы басымдау басқа спортшы баруы мүмкін. Бұл мәселеде түпкі шешімді ұлттық құраманың бапкерлері қабылдайды.

Міне, жақын күндері еркін күрестен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаевжария еткен тізімге Нұрислам мен Юсуп та еніп, олардың Олимпиадаға бару-бармау мәселесі енді анық шешіліп отыр.

Айта кетелік, ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары Жапония астанасы Токиода 2020 жылы өту керек еді. Бірақ індетке байланысты кейінге қалдырылды. Токио Олимпиадасы биыл 23 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар 70-тен астам жолдамаға ие болды. Олардың арасында 5 ақтөбелік спортшы бар.Біз жерлестерімізге Олимпиадада сәттіліктер тілейміз!

 А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button