Чемпионат автоголмен басталды

Еуро-2020
№1 кездесу. 11 маусым. «А» тобы.
Түркия-Италия — 0:3
Әрине, Түркия құрамасының Италиядан әлсіз екені белгілі. Дегенмен ойынның бірінші бөлігінде түріктер қақпаны берік қорғады. Рас, шабуыл жасап жарытпады, әйтсе де оңай беріспеуге тырысты. Бірақ мықтының аты мықты. Италиялықтардың екпінін тоқтату мүмкін болмай, екінші таймда, 53-минутта қорғаушы Мерих Демирал өз қақпасына өзі гол соғып алуға мәжбүр болды. Бұдан соң Италия құрамасы және екі гол соқты (Чиро Иммобилле, 66-минут; Лоренцо Инсинье, 79-минут). Бұл ретте үшінші голдың соғылуына допты алаңға дұрыс лақтырмаған түркиялық қақпашы да кінәлі екенін айта кеткен жөн. Ал тастүйін Италия алысқа шабатынын анық аңғартты.
АЛҒАШҚЫ ТЕҢ ЕСЕП
№2 кездесу. 12 маусым. «А» тобы.
Уэльс-Швейцария — 1:1
Бұл кездесуде де голдар екінші таймда соғылды. Швейцария құрамасы (Брель Эмболо) 49-минутта соққан голға 74-минутта Киффер Мур қарымта жауап берді. Тең есеп топтық кезеңнен өтпей қалуы да мүмкін Уэльс құрамасы үшін кәдімгідей демеу болғанымен, сол топтық кезеңнен 2-орын алып шығуды көздейтін швейцариялықтарды аса риза ете қойған жоқ.
ҮРЕЙЛЕНДІРГЕН ҮЗІЛІС
№3 кездесу. 12 маусым. «В» тобы.
Дания-Финляндия — 0:1
Бұл кездесу 43-минутта Дания құрамасының қорғаушысы Кристиан Эриксеннің ауыр жарақат алуына байланысты тоқтатылды. Танымал футболшының бір сәтке есінен танып қалуы барша жанкүйерді қатты толқытты. Дегенмен футболшының саулығы қатерлі кезеңнен өтіп, дұрысталғаны туралы хабар жеткен соң екі құрама футболшыларының өтінішімен УЕФА ойынды одан әрі жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Эриксеннің орнына жартылай қорғаушы Матиас Йенсен шықты. Дегенмен дат футболшыларына бұл оқиға қатты әсер еткендіктің салдары шығар, кездесуді тым тәуір бастаған олар мәжбүрлі үзілістен соң финдер соққан бір голға (Йоэль Похьянпало, 60-минут) қарымта жауап қайтару мүмкіндігін де уыстан шығарып алды, 74-минутта пенальти орындаған Пьер-Эмиль Хейбьерг қақпашыдан айласын асыра алмады. Тағы бір өкініштісі, қақпаға қарата Дания 23 соққы жасап, ұпайсыз қалса, Финляндия 1 ғана соққы жасап, оны нәтижеге айналдырды. Жалпы, финдер биылғы чемпионатта алғашқы сенсация иесі болды.
ДӘРМЕНСІЗ ЭКСПЕРИМЕНТ
№4 кездесу. 12 маусым. «В» тобы.
Бельгия-Ресей — 3:0
Санкт-Петербургте өткен алғашқы кездесуде ресейліктер ойсырай ұтылды (Ромелу Лукаку, 10-минут; Томас Менье, 34-минут; Ромелу Лукаку, 88-минут). Мұның бір себебін бірқатар спорт шолушылары бас бапкер Станислав Черчесовтің қорғанысқа қатысты экспериментінің сәтсіздігі ретінде көрсетіп отыр. Дегенмен орыстар қорғаныста ғана емес, шабуылда да ештеңе бітіріп жарытпағаны және шындық. Бас-көзсіз алашапқын жүгіріс көршілерімізге еш пайда әкеле алмады. Ал Лукаку бір ойында екі гол соққан алғашқы футболшы болып тіркелді.
АЗ ТАЛПЫНЫСТЫҢ БІР СЕБЕБІ
№5 кездесу. 13 маусым. «D» тобы.
Англия-Хорватия — 1:0
Бұл екі команданың ойыны әсерлі өтті деуге келмес, бәлкім, сүреңсіздеу өтті деген жөн шығар. Қауіпті сәттер тым аз болды. Сол себепті де жанкүйерлер 57-минутта Рахим Стерлинг соққан бір голмен қанағаттануға мәжбүр болды. Ағылшындар есепті бұдан әрі ұлғайтуға онша ықыласты да болмады. Ал хорват футболшылары қарымта гол соғуға шындап талпынбаған да секілді. Әйгілі Лука Модрич пен оның әріптестері өз күш-қуаттарын азулы ағылшындардан әлсіздеу құрамалар келетін келесі кездесулерге сақтап қалған сыңайлы.
АВСТРИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ
№6 кездесу. 13 маусым. «С» тобы.
Австрия-Солтүстік Македония — 3:1
Австриялық Штефан Лайнер 18-минутта соққан голға 28-минутта македониялық Горан Пандев жауап қайтарғанымен, екінші таймда Франко Фоданың ойынға 58,59-минуттарда қосылған жігіттері және екі гол соқты (Михаэль Грегорич, 78-минут; Марко Арнаутович, 89-минут). Осылайша Австрия Еуропа чемпионаты тарихында өздерінің бірінші жеңісіне ие болды. Ал Солтүстік Македонияның жұбанышы — мұндай ірі турнирде алғашқы гол соғуы.
ТАРТЫМДЫ ТАРТЫС
№7 кездесу. 13 маусым. «С» тобы
Нидерланды-Украина — 3:2
Көптеген эксперттер болжағандай, бұл екі құраманың кездесуі чемпионат басталғалы жанкүйерлерді шынымен сүйсіндірген өте тартымды кездесу болды. Ойынның алғашқы бөлігі голландиялықтардың сәл-пәл басымдылығымен өтсе де гол соғылмады. Ал екінші тайм 5 гол сыйлады. Нидерланды футболшылары (Джорджиньо Вейналдум, 52-минут; Вут Вегхорст, 59-минут) екі гол соққан соң бар шаруа біткен секілді еді, кенет 4 минуттың ішінде украиндықтар (Андрей Ярмоленко, 75-минут; Роман Яремчук, 79-минут) екі қарымта гол соғып, стадион қайтадан дүрлікті. Әттең, осы кездесудің ең үздік ойыншысы болған Дензел Думфрис 85-минутта және бір гол соғып, Украина құрамасы бармақ тістеп қала берді.
Е.АХАТҰЛЫ.



