Спорт

Жаңа бапкердің жеңісті қадамы

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Атырау» — 1:0

12-13 маусымда, сенбі-жексенбі күндері 15-турдың кездесулері өтті. Бұл тартыстардың ерекшелігі, бес ойын 1:0 есебімен аяқталды. Сондай-ақ алаң иелерінің біреуі ғана («Ақтөбе») жеңіске жетті.

Сырт алаңда «Жетісуды» 1:0 есебімен жеңген «Каспий» ұтылыссыз ойындар санын төрт кездесуге созды. Бір өкініштісі, талдықорғандықтар есепті пенальти арқылы теңестіру мүмкіндігін пайдалана алмады. 11 метрлік айып добын орындаған Айбар Жақсылықовтың соққысын ақтаулық қақпашы Марко Милошевич қақпаға дарытпады.

Жеті тур бойы жеңіске жете алмай келген «Ордабасы» Оралда «Ақжайықтың» қақпасына 90+2 минутта гол соғып, үш ұпай олжалады.

Қарағандыда ойнаған «Қызылжар СК» командасы«Шахтерді» кездесудің соңында, 90-минутта соққан гол арқылы қапы қалдырды. «Шахтер» осымен жеті тур бойы жеңіске қол жеткізе алмады.

Нұр-Сұлтан қаласында «Тобылдан» ұтылып жатқан (0:1) «Астана» есепті пенальти арқылы теңестірді.

Кездесуге бас бапкердің міндетін атқарушы Кирилл Кекердің басшылығымен шыққан «Қайрат» футболшылары сырт алаңда «Тараздың» қақпасына жауапсыз екі гол енгізді. Сөйтіп, бұл турда бір ұпайдан ғана жинаған «Астана» мен «Тобылға» жақындай түсті.

Қызылордада «Қайсар» мен «Тұран» кездесуінде гол соғылған жоқ. «Қайсар» қатарынан 11 ойын бойы жеңіске жете алмай келеді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Атырауды» қабылдады.

Байқап жүргеніміздей, жаңа бапкердің қол астындағы алғашқы ойынын футболшылар көп жағдайда жеңіспен бастайды. Осы ырымының қырын кетпегенін қалап жүргенімізді несін жасырайық. Өйткені біздің командамызға да екі апталық үзіліс аралығында жаңа бапкер Вахид Масудов келгені мәлім.

Бірақ «Атырау» да оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Сырт алаңда жүргендерін сездірмей, бұлар бірден біздің қақпамызды торуылдауға кірісті. Тіпті ойынның алғашқы он минуты шамасында екі рет қақпамызға шүйіліп, бір рет бұрыштама соққы жасап та үлгерді.

Дегенмен жерлестеріміз көп ұзатпай қонақтардың бұл екпінін басты да өз шабуылдарын бастады. Футболшыларымыз ана тұстан да, мына тұстан да ілгері лап қойып, атыраулық футболшылардың қорғанысынан саңылау іздеумен болды. Мысалы, Максим Самородов қонақтардың дәл қақпасы алдында сол бүйірден өзіне Тонго Думбия дәл тастаған допты шалқалай жығыла теуіп еді, әттең, зырқыраған доп қиыс кетті. Енді бірде жиырма шақты метрдей жерден орындалған айып соққысынан кейін доп қақпадан асып түсті. Бұдан басқа да қолайлы сәттер нәтижесіз аяқталып жатты.

Иә, турнир кестесінде алғашқы бестіктің сапында келе жатқан команданың жүнін жығу оңай болып па?! Қонақтар барынша қорғанып бақты, әрине, қарымта шабуылдар ұйымдастыруды да ұмытпады.

Дегенмен аңдыған алмай қоймайтыны белгілі. Ойынның жарты сағаты өткен шамада осы ойында ерекше белсенді болған Думбия алаң ортасында келе жатқан атыраулық футболшының аяғындағы допты қағып түсті де, тура қақпаға қарай жүйткіді, жақындай келе соққы да жасады, қақпашы да қапы қалды, бірақ доп сол жақ діңгекке тиімді де кері серпілді. Осы кезде қақпаның оң қанатындағы қолайлы тұсқа қарай шығып үлгерген шабуылшымыз Боян Дубайич қайыра теуіп, допты жібек торға сүңгітті де жіберді — 1:0.

Боянның өткен турда да бір гол авторы атанғаны мәлім.

Бұдан кейін ұтылып жатқан команда атқа мінетіні онсыз да түсінікті. Атыраулықтар дереу есе қайтарудың қамына кірісті. Сөйтіп жүріп екі шабуылдан ештеңе шығара алмаған олар үшінші шабуылда өте қауіпті әрекет жасады. Қақпашымыз қонақтардың құйтырқы соққысынан соң кері қайтарған допты қонақтардың тағы бір футболшысы тағы да қайыра тепті, бұл жерде қақпашыдан қайран болмауы да мүмкін еді, әйтеуір, атыраулық футболшы тым қиыс тепті.

Дәл осы көрініспен бірінші тайм аяқталды.

Екінші таймда текетірес тағы да жалғасты.

Ойынның жетпісінші минуты шамасында ақтөбеліктерге есепті ұлғайтудың сәті түсе жаздады. Дегенмен Дидар Жалмұқанның тоғыздықты нысанаға алған тамаша соққысынан соң доп қос діңгектің ұштасқан жеріне тиіп, сыртқа аунап түсті. Ал атыраулық Армен Манучарянның үш-төрт метр жерден жасаған өте қауіпті соққысына біздің Сергей Ревякин шалт қимылмен жауап беріп, доптың бетін басқа жаққа аударып үлгерді.

Міне, осындай толассыз шабуылдармен ойын уақыты да бітті.

Командамыздың жаңа бас бапкері Вахид Масудовтың алаң жиегіндегі тынымсыз жүгірісі ақталды.

«Ақтөбе» бір ғана доп соғып жеңгенімен, бұл ешкім дау айта алмайтындай заңды да таза жеңіс болды.

Осы табысымыз жалғаса бергей.

«Ақтөбе»-«Атырау» — 1:0

Гол авторы: Боян Дубайич, 30-минут (1:0).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Максим Федин, 13-минут; Боян Дубайич, 36-минут; Әділхан Таңжарықов, 85-минут; Сергай Ревякин, 90+2 минут («Ақтөбе») —  Артак Дашян, 39-минут; Алекс Бруно, 84-минут («Атырау»).

12 маусым 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 5000 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Ревякин (қақпашы), Олег Чернышов (Игорь Губанов, 85-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Михал Йерабек, Әділхан Таңжарықов, Тонго Думбия, Юрий Перцух (Артурас Жулпа, 77-минут), Эрвейн Мукам, Максим Самородов (Еркебұлан Нұрғалиев, 77-минут), Боян Дубайич (Дидар Жалмұқан, 63-минут), Максим Федин (Дінмұхамед Кашкен, 85-минут).

Бас бапкер — Вахид Масудов.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда «Атырау» командасын «Ақтөбе» сырт алаңда 3:1 есебімен ұтқан болатын.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 15 кездесу өткізіп, 4 рет жеңді, 4 рет тең түсті, 7 рет ұтылды.  Ұпай саны — 16. Доп айырмашылығы — 22:27.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тараз»-«Қайрат» — 0:2

Гол авторлары: Вагнер Лав, 11-минут (0:1); Артур Шушеначев, 67-минут (0:2).

13 маусым 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 3500 адам.

«Жетісу»-«Каспий» — 0:1

Гол авторы: Шафик Тигруджа, 18-минут (0:1).

64-минутта пенальти орындаған Айбар Жақсылықов нәтижеге жете алмады.

12 маусым 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. 750 адам.

«Ақжайық»-«Ордабасы» — 0:1

Гол авторы: Жоао Пауло, 90+2 минут (0:1).

12 маусым 2021 жыл. Орал қаласы, Атоян атындағы стадион. 1600 адам.

«Шахтер»-«Қызылжар СК» — 0:1

Гол авторы: Руслан Есімов, 90-минут (0:1).

12 маусым 2021 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы. 4000 адам.

«Астана» – «Тобол» – 1:1

Гол авторлары: Неманья Николич, 29-минут (0:1); Марин Томасов, пенальти, 44-минут (1:1).

13 маусым 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. 3200 адам.

«Қайсар»-«Тұран» — 0:0

13 маусым 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 1400 адам.

*   *   *

15-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 35 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 32 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 27 ұпай;
  4. «Каспий» (Ақтау) — 23 ұпай;
  5. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 21 ұпай;
  6. «Ордабасы» (Шымкент) — 21 ұпай;
  7. «Ақжайық» (Орал) — 21 ұпай;
  8. «Атырау» (Атырау) — 21 ұпай;
  9. «Тараз» (Тараз) — 19 ұпай;

10.«Ақтөбе» (Ақтөбе) — 16 ұпай;

  1. «Тұран» (Түркістан) — 16 ұпай;
  2. «Жетісу» (Талдықорған) — 10 ұпай;
  3. «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай;
  4. «Қайсар» (Қызылорда) — 8 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 14 кездесуден өткізді.

*   *   *

16-турдың кездесулері:

18 маусым, жұма

«Атырау» — «Астана»

«Шахтер» — «Тараз»

«Қызылжар СК» — «Ақжайық»

«ОРДАБАСЫ» — «АҚТӨБЕ»

19 маусым, сенбі

«Тұран» — «Қайрат»

«Тобыл» — «Жетісу»

«Каспий» — «Қайсар»

Е.АҚАТҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button