Құқық

Заң

Шетелдік Қазақстаннан үй сатып ала алады ма?

Менің танысым Украинада тұрады. Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алып, көшіп келгісі келеді. Астанадан пәтер сатып алу ниетінде бар. Шетелдік азаматқа рұқсат етіле ме?

Серік Бисенұлы

Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы ҚР Заңына сәйкес елімізде ықтиярхатпен тұрақты тұратын шетелдіктер біздің азаматтарымызбен бірдей құқықтарға және міндеттерге ие. ҚР Үкіметі бекіткен тәртіпте рұқсатын – тұрақты тұруға ықтиярхат алмаған, шектеулі, уақытша мерзімге ғана келіп-кетуші шетелдіктер еліміздің ауқымында жылжымайтын мүлік сатып ала алмайды. Яғни ондай ниеттегі танысыңызға пәтерден бұрын екі елдің елшілігі арқылы бізде мерзімсіз, тұрақты тұруға мүмкіндік беретін құжаттарын ресімдеп алуы қажет.

Әкесі баламыз тумай тұрып қайтыс болды. Енді оның атына сәбиді қалай жаздырамын?

Мен Ақтөбе қаласында қаржы-экономика колледжіне түсіп, уақытында бітіріп шықтым. Колледжде оқып жүргенімде Ырғыз ауданының жігітімен танысып, оған тұрмысқа шықтым.

Күйеуімнен қыз балалы болдым. Тууы туралы куәлігі бар. Бірақ тегі менің тегіммен жазылған. Күйеуіммен бір жылдай бірге тұрғанда ресми некеге тұрмаппыз. Азаматтық хал актілерін жазу бюросына барып, некемізді әне-міне ресімдетеміз деп жүргенде кенеттен ауырып, қайтыс болып кетті. Ақтөбе қаласында тұрғанымен, күйеуім қалада тіркеуде (пропискада) болған жоқ. Әкесіз өсіп келе жатқан балаға 18 жасқа толғанынша жәрдемақы алып тұру үшін не істеуім керек? Ресми некеде болмаған, ауырып қайтыс болған әкесінің атына қалай жаздыртамын?

Алтынгүл Телжанова,

Ойыл ауданы

Қаратал ауылы

Ол үшін өзіңіз тұратын аудандағы сотқа жүгіне аласыз. «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңының 47-бабында әкелікті сот тәртібімен белгілеу реттері көрсетілген. Бір-бірімен некеде тұрмайтын ата-аналардан бала туған жағдайда және бала әкесінің арызы болмаған кезде баланың нақты адамнан туу тегі (әке болуды) анасының арызы бойынша сот тәртібімен белгіленеді. Бұл жағдайда сот баланың нақты адамнан туу тегін анық растайтын айғақтарды ескереді. Заңның соттың әке болуды тану фактісін белгілеуі туралы 48-бабына сай өзін баланың әкесімін деп таныған, бірақ баланың анасымен некеде тұрмаған адам қайтыс болған жағдайда оның әке екенін тану фактісі азаматтық іс жүргізу заңдарында белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.

ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 291-бабында сот азаматтардың жеке құқықтарының, оның ішінде туыстық қатынастарының туындауына байланысты болатын заңдық маңызы бар фактілерді  анықтайтыны көрсетілген. Сотқа жазған арызыңызда қайтыс болған күйеуіңізді әке деп таныту қандай мақсатта қажет болып отырғанын жасырмай көрсетуіңіз керек. Марқұммен өзіңіз айтқандай, бір жылдай бірге тұрып, азаматтық некеде болғаныңыз жөнінде дәлелдемелер келтіруге тиіссіз. Тума-туыстардың, көршілердің, дос-жаран, таныстардың оған сотта куә болуы, бірге түскен фотосуреттеріңіз, бәлкім, жазысқан хаттарыңыз және басқалары осындай айғақтардың қатарына жатады.

Соттың шешімі (егер арызыңыз қанағаттандырылса) заңдық маңызы бар фактіні – марқұмның сәбиіңіздің әкесі екенін  растайтын құжат, ал азаматтық хал актілерін жазу бюросы үшін баланың тегін өзгертуге, тууы туралы куәлігін жаңадан беруге негіз болып табылады ( Кодекстің 294-295-баптары).

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 56-21-64; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button