Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуі керек

Облыс әкімі Мұғалжар және Шалқар аудандарын аралады

Өткен сенбіде Мұғалжар және Шалқар аудандарына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің экономикалық-әлеуметтік тыныс-тіршілігіне әсері бар оннан астам нысанды аралап көрді. Мақсат — Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру және экономиканы одан әрі нығайтуға бағытталған тапсырмасының жергілікті жерлерде орындалу барысын пысықтау.

 «Ақтөбе-Қандыағаш» жобасы

Облыс басшысының Мұғалжар ауданындағы сапары  Ақтөбе-Астрахань халықаралық көлік магистралінің құрамына кіретін жалпы ұзындығы 89 шақырым болатын Ақтөбе-Қандыағаш жолының қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысудан басталды.

Бұл жоба 2023 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Мердігер компания өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта жолдың топырақты қабаты алынып, жер төсемінің негізін дайындау және орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ қуаттылығы 100 тонна болатын асфальтбетон зауытын монтаждау жұмыстары да басталған. Аталған жерді қарап шыққан облыс әкімі құрылыстың шабандығына ескерту жасап, сапаға ерекше көңіл бөлуді, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Жыл соңына дейін үш ауылға газ жетеді

Облыс әкімі Мұғалжар ауданындағы жұмыс сапары барысында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Ақкемер ауылдық округінің перспективті жобалары мен Елек ауылын газдандыру жұмыстарымен танысты.

Облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының  басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, Мұғалжар ауданындағы 36 ауылдың 16-сы көгілдір отын игілігін көріп отыр. «Қазіргі таңда үш жоба жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін алты жүзден астам халқы бар Елек ауылына газ жететін болады. Биыл Жұрын және Қаракөл ауылдарында тұратын 2 мыңнан аса тұрғынның үйіне де газ кіреді. Мердігерлер мамыр айында сол ауылдарды Қандыағаш қаласымен қосатын газ құбырын салуға кірісіп кетті», — дейді ол.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ақкемер ауылдық округінің Елек ауылында елді мекенге кірер жол мен тағы бір-екі көшенің жолы жөнделіп, амбулатория мен сервистік әкімдіктің жаңа ғимараттары, ангар типіндегі спорт кешені мен футбол алаңы салынады. 4,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының да игілігін тұрғындар жақын арада көрмек.

Оңдасын Оразалин жұмыс барысымен танысып болған соң құрылысшыларға тездетуді тапсырды. Осылайша Жұрын ауылының тұрғындары көгілдір отынға тамызда, ал қаракөлдіктер желтоқсан айынан кешікпей қол жеткізбек.

— Жұмысты жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жылыту маусымында барынша көп үй газбен қамтылуы қажет. Біз өз тарапымыздан тиісті қолдауды көрсетеміз, —  деді облыс әкімі мердігерлерге.

Өңір басшысы сондай-ақ Жұрын ауылында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын перспективті жобалармен танысты. Олардың қатарында Мәдениет үйін күрделі жөндеу, спорт алаңын салу, Жанқожа батыр, А.Құнанбаев, А.Жұбанов, Х.Құрманалин көшелеріндегі көлік жүретін жолды жөндеу, жанармай бекетінің, қуаттылығы жылына 20 тонна өнім болатын жылыжайдың, 500 бас ірі қара мен 2 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңының ашылуы бар.

Облыс әкімі Ембі қаласына барғанда жылдар бойы иесіз қалып, бос тұрған екі бес қабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударды. Қала әкімі Әлімжан Қорғанбайдың айтуынша, жақын маңдағы ауылдардан орталыққа көшіп келушілер есебінен қалада өсім бар.

— Ембі қаласында 450 отбасы үй кезегінде тұр. 1980 жылдары комсомол бригадалары салған, кейін қаңырап қалған үйлерге бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, 135 отбасы баспаналы болмақ. Ендігі мақсат — Қазақстан шағын ауданын көркейту. Қалада халық саны өскендіктен, мектеп қажеттілігі бар. Оқушылар бұрынғы балабақша ғимаратында оқып жүр. Енді сол шағын ауданға 320 орындық жаңа мектеп және ангар типті спорт кешенін салу жоспарда тұр, — дейді ол.

Ж.Тілепбергенов көшесіндегі көлік жолына жасалып жатқан күрделі жөндеу де, Ембі қаласын дамытуға бағытталған жоғарыда айтылған жобалар да Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр екен. Алдағы уақытта Желтоқсан, Ш.Уәлиханов және Мөңке би көшелерінде көлік жолын жөндеу, көшені жарықтандыруды модернизациялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

Өңір басшысы Ембі қаласындағы ірі жобалардың бірі — биотазарту ғимаратында болып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Нысанды қалпына келтірумен айналысып жатқан «Әлихан Ойл3» ЖШС мердігер компаниясы өкілінің айтуынша,  миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген жобаның құрылыс жұмыстары күзде толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

«Аларком» компаниясының техникалық директоры Санжар Өтеғали бұл жерде су тазалау жөніндегі технологияға жауапты екенін айтты.

— Лас су әуелі барабанды сүзгіден өтеді. Одан соң гидроциклонға айдалып, құрамындағы тастар мен құмнан тазартылады. Жалпы, сегіз сағаттық түрлі тазарту процесінен өтіп, биореакторға жеткен суға бактериялар жіберіледі. Тазартылған суды тек техникалық мақсатта қолдануға болады, — дейді Санжар Өтеғали.

Түлектер тартуы және баспана тойы

Түстен кейін облыс басшысы Оңдасын Оразалин Шалқар ауданына табан тіреді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысуды мақсат еткен облыс әкімі жұмыс сапарын Мөңке би ауылындағы су құбыры желілерінің құрылыс барысын көруден бастады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба осы айда бітеді. Қазіргі таңда су айдайтын мұнараны монтаждау, резервуарды орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Әлібековтің айтуынша, маусым айында су құбыры желілерін тарту жұмыстары аяқталса, Мөңке би мен Қауылжыр ауылдары ауызсумен қамтылмақ. Сондай-ақ ол алдағы уақытта теміржол бойында орналасқан Тоғыз, Жылан секілді стансаларға да су құбыры желілері тартылатынын айтты.  

Одан соң өңір басшысы Мөңке би ауылында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған «Жастар» саябағы мен М.Тәжин атындағы орта мектепті қарап шықты.

Ауыл түлектері жыл сайын соңғы қоңырау шарасы кезінде бас қосып, ауылға бір нысан салып беруді игі дәстүрге айналдырған.

— Мектеп түлектерімен тығыз байланыстамыз. Туған жерге тағзым, tulek.kz  акциялары аясында түлектер өздері оқып кеткен мектепке көмектерін көрсетіп тұрады. Соның бір айғағы — ауылдың сәнін кіргізіп тұрған саябақ пен субурқақ. Әрі қарай да түлектермен ауызбіршілікте болып, мектепті көркейту ісін қолға аламыз, — дейді М.Тәжин атындағы орта мектептің директоры Дархан Ысқақов.

Мектеп басшысының айтуынша, бүгінде М.Тәжин атындағы орта мектепте 250 оқушы бар. Биыл 19 түлек бітіргелі отыр. Оның  бесеуі — «Алтын белгіге» үміткер.  Түлектер тартуын көріп, риза болған облыс әкімі  патриоттық тәрбие, туған жерді сүю осындай игілікті істерден басталатынын айтып, мұны басқа да өңірлерде насихаттау керектігін жеткізді.

Сапар одан әрі Шалқар қаласындағы Аумақтық даму бағдарламасы бойынша жаңадан салынған 8 пәтерлі екі қабатты коммуналдық жалдамалы тұрғын үйде жалғасты. Жаңа үйде 66,5-86,6 шаршы метрлік екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Үй электр жарығымен, ыстық-салқын сумен, кәріз жүйесімен толықтай қамтылған. Жалпы, Шалқар қаласында 500 адам үй кезегінде тұр. Жаңақоныс иелері — үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар.

— Алты баласы бар ұлым пәтер жалдап жүр еді. Осы үйден үш бөлмелі пәтер алып жатыр. Үй кең әрі жарық. Келінім кеше ғана босанды. Қазір перзентханада жатыр. Қуанышымыз қуанышпен еселеніп, мәз болып жатырмыз, — деді Ізбасар ақсақал. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржангүл Бекетова баспаналы болғандар атынан жергілікті билік өкілдеріне алғысын айтты.

Оңдасын Оразалин аудан басшылығына: «Халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Мемлекет қолдауының арқасында сегіз отбасы пәтерлі болып, қуанып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, тұрғын үйдің сапасын қатаң бақылауда ұстау керек», — деп тапсырды.

Көл табаны тазартылып жатыр

Облыс әкімі сапар барысында Шалқар көлінің табанын тазарту жұмысына ерекше назар аударды.

Соңғы жылдары бұл жердегі су қоймасының тартылып, лайланып кеткенін халық біледі. Жергілікті тұрғындардың шаруашылығына және экологиялық жағдайына оң әсерін тигізетін Шалқар көлінің табанын тазарту жобасы биыл қолға алынды. Өңір басшысы көл басында «TOLAGAI – 2050» ЖШС жасап жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі танысты.

—  Өңірдің экологиялық ахуалын жақсартатын бұл жобаның табиғи тепе-теңдікті сақтауда рекреациялық және шаруашылық маңызы зор. Көп жылдар бойы күткен жобаның жемісін аудан халқы көруі тиіс. Барынша сапалы әрі уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қолданыңыздар, — деді ол аудан және мердігер ұйым басшыларына.

44 жыл су мекемесінде жұмыс істеген Сақан Оразбайдың айтуынша, көл табанын тазарту суының сапасын көтеріп,​ гидрохимиялық құрамын жақсартады. Шалқар қаласының халқын шаруашылық-тұрмыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сапар аясында Оңдасын Оразалин «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан Шалқар-Бозой автокөлік жолының жөндеу жұмысы барысын қарап шықты. Жолдың 35-50 шақырым телімін жаңарту жұмыстары биыл аяқталмақ.

Одан соң облыс әкімі «Үлкен Борсық» мемлекеттік мекемесіне барып, орман шаруашылығының қазіргі жағдайын көрді.

Шаруашылықта сексеуіл, қара сексеуіл, жыңғыл секілді түрлі ағаштар арнайы өсіріліп, тұрғындарға, мекемелерге беріледі.

«Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Исатай Көмекбаевтың айтуынша, бұл мекеме қара сексеуілді егіп, тәлімбақта өсіріп, кейін Үкіметтің орман қорына тапсырып отырады. Жалпы, сексеуіл, жыңғылдар сорды болдырмау үшін, құмды тоқтату үшін, шөлейтті далалықты көгалдандыру үшін егіледі.

— Штат бойынша бұл жерде 48 адам жұмыс істейді. Оның 18-і — орман күзетшілері. 4 механизатор бар. Тракторшылар мен көлік жүргізушілер жетіспейді. Орманға жету үшін  жұмысшыларымызға автобус керек. Сондай-ақ біздің шаруашылыққа «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушылардың көмегі зор, — дейді «Үлкен Борсық» мекемесінің басшысы Исатай Көмекбаев.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденованың айтуынша, биыл орман шаруашылығына — 50, қалаға 225 жас бөлінеді. Осы кезеңде 20 студент ормандағы көшеттерді күтіп-баптап, арамшөптерін жұлып, жұмыс жасап жүр. «Жасыл ел» жұмысына тартылған әр жасқа 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Аймақ басшысымен жүздескен жастар көгалдандыру жұмысына белсенді араласып, ерінбей еңбек етіп, өмірлік тәжірибе жинақтап жатқанын да тілге тиек етті.

Содан кейін облыс әкімі «Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, ет, сүт өнімдерін өңдейтін, жартылай фабрикаттар дайындайтын цехты аралап шықты. ​

— 1999 жылы шаруа қожалығын құрып, мал өсіруді қол көрдім. Бүгінде 230 ірі қара, 100-ден астам жылқы, 30-дан аса түйе, 500-ден асатын қойым бар. Сол малдың өнімдерін осы аудан орталығына әкеліп, өткіземін. Қазіргі уақытта «Kerim et» ет өнімдерін өңдеу цехын аштық. Бұл жерде тұшпара, манты секілді жартылай дайын өнімдер жасалады. Негізі, цех тұрған жерді дәмхана етіп салғанмын. Енді қасындағы бос жерден цех ғимаратын салғым келеді. Құрылысқа 50 миллион теңгедей қаражат керек боп тұр, — дейді қожалық басшысы Жангелді Сағындықов. 

Шаруа қожалығы 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 60 миллион теңге несие алып, 50 миллион теңгесіне 80 асылтұқымды мүйізді ірі қара, 10 миллион теңгесіне ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, содан кейін шаруасы ілгерілеген.

Облыс әкімі «Ахмет-жиһаз» шеберханасына да соқты. Жеке кәсіпкер Амандық Бейсенбаев екі жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 4 миллион теңге несие алып,​ оған 11 миллион теңге көлеміндегі ​өз қаржысын қосып, жиһаз шеберханасын ашыпты.

Өңір басшысы шеберхана шеберлері құрастырған жиһаздарды көріп, жергілікті жұмысшыларды көбейтіп, аумағын одан әрі кеңейтуге кеңес берді. ​ ​ ​

— Шеберханамыз айына шамамен 10 асүй жиһазы, 10 шкаф-купені сатуға шығарып отыр. Тапсырыс берушілер көп. Жиһаздардың беткі қабатын Қостанайдан, қалған материалдарын Ақтөбеден әкелеміз. Тағы да мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кәсіпті кеңейту — алдағы жоспар, — дейді жеке кәсіпкер Амандық Бейсенбаев.

Облыс басшысы Жанаман ахун Сейтімұлы атындағы қайырымдылық қорының бастамасымен, халықтың қолдауымен мешіт жанынан салынып жатқан медресені де көрді. Жалпы аумағы 600 шаршы метр болатын медресе құрылысы аяқталуға жақын, күзде пайдалануға беріледі.

— Медреседе оқу мерзімі — 9 ай. Ер адамдарға арналған 30 орын бар, олар жатып та оқи алады. Ал қыздарға арналған 20 орын бар. Олар қатынап оқиды. Бұл жерде 17-25 жастағы талапкерлер оқи алады. Араб тілі үйретіліп, діни дәрістер оқытылады, — дейді Бақыт Тойчибаев.

Балмұздақтан басталған бизнес

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Албатыр» кондитер цехының жұмысымен танысты.

«Албатыр» цехының директоры Гүлнұр Нұрманова: «Бүгінгі жетістігіміз — үш жылдық еңбектің жемісі», — дейді.

— Кәсіпке келуіміз балмұздақ вафлиін жасап, сатудан басталды. Әуелі өзім  оннан астам курсты оқып алдым. Қазір осы кондитер цехы мен дәмханамызды қосқанда, шалқарлық 50 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар. Былтыр «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6 миллион теңге несие алып, цехты іске қостық. Күніне 60-70 келідей әртүрлі кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар сатылады. Қазір жартылай дайын өнімдерді жасаған кезде етті сатып алып отырмыз. Ендігі мақсатымыз — ет және ет өнімдерін сату, — дейді жиырма алты жастағы кәсіпкер Гүлнұр Нұрманова.

Екі аудандағы біз көрген бүгінгі көрініс осындай. Облыс басшысы кәсіпті ілгерілетуге, осал топтарға назар аударуға, ірі құрылыстарды тоқтатпай жүргізуге қаржы жететінін айтып, қолға алған шаруаларды уақтылы орындауды тапсырды.

 Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе-Мұғалжар-Шалқар-Ақтөбе.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button