Жаңалықтар

Астанадан келген марапат

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде суға батып бара жатқан 4 жастағы баланы құтқарып қалған жасөспірімдер ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

— Естеріңізге сала кетсек, биыл 28 мамыр күні 17 жастағы студент Айбар Серік Қарғалы өзенінің жағасында серуендеп жүріп, батып бара жатқан баланың дауысын естіп, бірден көмекке жүгірген. Артынша 15 жастағы оқушы Бимырза Манасов жедел-жәрдем қызметін шақыруға асыққан. Олар баланың өмірі үшін барынша күресіп, жанама жүрек массажын және жасанды дем беру әдісін қолданған. Көп ұзамай медицина қызметкерлері келіп, бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда құтқарылған баланың жағдайы жақсы, үйіне жіберілді. Біз жасөспірімдердің бұл әрекеттерін министрлік тарапынан марапатқа ұсындық, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Асқар Төлешов.

Бұған дейін Айбар Серік пен Бимырза Манасовтың бұл ерлік әрекеттері үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының атынан да Алғыс хатпен және естелік сыйлықпен марапатталғанын хабарлаған болатынбыз. «Олардың батылдығы көпке үлгі болуы тиіс», — дейді аталған департамент өкілдері.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button