Құқық

Жалған диплом: сұраныс жоқ болса, ұсыныс та жоқ…

Соңғы екі жыл ішінде ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген жалған дипломдарды пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының статистикасына назар аударсақ: «Елде жалған дипломдардың жасырын нарығын жою мүмкін бе?» деген сұрақ еріксіз ойға оралады.

Жалған дипломның тек қолжетімділігі мен салыстырмалы түрдегі арзан бағасы емес, «жалған сатушының» құжаттың сөзсіз сенімділігі мен қауіпсіздігіне сендіретін қабілеті таңдай қақтырады.

Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 20-ға жуық жалған дипломды анықтаған. Жалған құжаттарды пайдаланған адамдарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кодекске сәйкес мұндай іс-әрекет «теріс қылық» ретінде сараланады, ал «шалыс басқандар» 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл не қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазамен ғана құтылады. Сатып алынған дипломдардың бұрынғы иелері әртүрлі салаларда жұмыс істеген. Бұл — жоғары білікті, арнайы білім алған педагогтер, ауыл әкімдері, құқық қорғау органдарына кандидаттар, мемлекеттік қызмет басқармаларының бас мамандары.

2018 жылы ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық компаниялардың біріне кандидат ретінде жоғары білім туралы жалған дипломды пайдалану фактісін анықтады. Бұл маман жалған дипломмен мансаптық өсудің қанша сатысынан өткенін болжап көріңіз. 2019 жылы Қызылорда облысындағы колледж оқытушылары еліміздің кейбір жоғары оқу орындарының жалған дипломдарын дайындағаны және сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Әдетте сотқа дейінгі тергеу барысында шалыс басқандар өкініп, өз кінәсін толық мойындайды. Кейбіреулері жоғары оқу орнын бітіре алмаған өмірлік қиын жағдайлары осындай іске итермелегені туралы айтады.

Жалған дипломдарға деген сұраныс өмірдің қиындықтарын еңсеруді қаламайтын немесе білмейтін және өз мәселелерін қылмыстық жолмен шешуге асығатын, осылайша заңсыз бизнесті қолдайтын адамдардың ерекше санатын тудыруы ықтимал.

Біздің азаматтарымыздың санасы 90-жылдардағы қиын кезеңдердің артта қалғаны туралы қарапайым шындықты қабылдауы керек. Қазақстандық қоғам өзгеріп, дамуда. Бүгінде жұмыс берушілерге жай ғана дипломы бар кадрлар емес, заман ағымына ілесе алатын және сапалы білім алған жоғары деңгейлі мамандар қажет. Ұсынылатын мөртабаны бар құжаттың ешқандай заңды күші жоқ екенін түсіну үшін ерекше ақыл иесі болу қажет емес.

Егер жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін де, оларды дайындағаны үшін де заң күшейтілсе, бизнестің осы түрін жоюды тағы бір қадамға жақындатар едік. Әйтпесе бізге балаларымызды «жалған оқытушыларға» оқытқызып, сондай дәрігерлерден емделуге тура келеді.

Ал әзірге тек әр жеке адамның өзіндік санасы мен ар-ожданына сену ғана қалады. Ертеңгі күні балаларыңыздың алдында ұялмайтындай өмір сүру керек.

 Ж.ЖҰБАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button