Жаңалықтар

Ұлттық санақ онлайн режимде өтеді

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Жолдасқали Беисов биылғы жылдың 1 қыркүйегінен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz. арнайы сайтында онлайн режимде халық санағы жүргізілетінін хабарлады.

Оның айтуынша, аталған жүйе халық үшін тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Әрбір адам санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкіні толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады. Осы парақ арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.

Ал бірқатар азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі де ұсынылмақ.

  • Ұлттық санақ 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимде де, дәстүрлі тәсіл арқылы да қатысуға болады. 2021 жылдың санағының ұраны — «Қазақстанда әркім маңызды!». Ұлттық санақ кезінде арнайы «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды. Сондай-ақ 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс жасайды. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін. Респондент call-орталыққа «1446» нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде кейбір сұрақтар бойынша бюроның аймақтардағы және орталық аппараттағы телефон нөмірлеріне де хабарласуына болады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментіне респонденттер мына телефон арқылы хабарласа алады: +7 (7132) 54-55-03. Сонымен қатар кез келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады. Жалпы, биыл Ұлттық санақ жүргізу жұмыстарына 32 мыңнан астам адам тартылмақ. Қазіргі уақытта 17 аймақтан жалпы саны 85 адамнан тұратын Ұлттық санақты дайындау және өткізу жөніндегі штаттан тыс бөлімдер құрылды. Оның ішінде

Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінде 4 адамнан тұратын штаттан тыс бөлім жұмыс жасайды. Барлық қызметкерлермен еңбек келісімшарты жасалды. Олар 65-105 мың теңге аралығында еңбекақы алатын болады. Ал ұлттық санақты дайындау және өткізу бойынша 49 нұсқаушы (уәкілдер) жұмысқа тартылады, оның ішінде 32-сі — аудан орталықтарында және 17-сі —

Ақтөбе қаласында, —  деді департамент басшысы.

Жолдасқали Беисов департаментте мәліметтерді жинау бойынша жұмыстар 2 кезеңде өтетінін айтты. 1-кезеңге (тұрғын үйлер мен ғимараттарды аралау) 263 адам, 2-кезеңге (халыққа жаппай сауал салу) 1239 адам қатысады. Оларға да келісімшарт бойынша

көрсеткен қызметіне еңбекақы төленеді.

Брифинг соңында департамент басшысы журналистер мен әлеуметтік желілерден түскен сауалдарға жауап берді.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button