Мереке

Кәсіподақ кішкентайларды қуантты  

Халықаралық балаларды қорғау күнінде «КМК мұнай» АҚ Ақтөбе филиалы жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымы қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Акция аясында мүгедек бала тәрбиелеп отырған ұйым мүшелеріне қаржылай  сертификат пен сыйлықтар табысталды.

— Балалар — біздің болашағымыз. Олардың дені сау, салауатты ұрпақ ретінде өсіп-өнуіне қолдан келгенше қамқорлығымызды көрсетеміз. Осы жолы да сондай игі шараны өткізуді жөн көрдік, — дейді «КМК мұнай» АҚ Ақтөбе филиалы жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Елеманов.

Өз кезегінде ата-аналар шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Жаз мезгілінің алғашқы күнінде «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатының жастар кеңесі Хромтау қаласындағы балабақша тәрбиеленушілеріне де мерекелік көңіл күй сыйлады. Балалардың сүйікті кейіпкерлерін сомдаған аниматорлар ұл-қыздарға ойыншықтар тарту етті.

– Бүгінгі таңымызды ерекше көңіл күймен бастадық. Комбинаттан келген қонақтарымыз балалардың мерекесін бәрімізге сезіндірді. Арнайы құттықтап келгендеріңіз үшін еңбек ұжымына алғысымызды білдіреміз, — деді №4 «Гүлдер» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанна Құлмағанбетова.

Мұндай игі іс аудандық ауруханада да жалғасын тапты. Дөң тау-кен байыту комбинатының кәсіподақ комитеті аурухананың балалар бөліміне теледидар және «құрғақ бассейн», түрлі ойыншықтарды сыйға тартты.

Кешкілік кішкентай тұрғындарға саябақтарда балмұздақтар таратылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button