Мәдениет

«Атадан мұра»

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында өткен концерт осылай аталды. КСРО және Қазақ КСР халық артисі, Халық Қаһарманы, даңқты композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған өнер кеші әдеттегідей жанды дауыста ұсынылды.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның мұрындық болуымен қолға алынған концерт дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Өйткені қазақ өнерінің жарық жұлдызының туындыларын қай жастағы көрермендер де сүйіп тыңдайды. Ән кешін ұйымдастыруды ылғи сұрайды. Төл ән өнерімізге өшпес із қалдырған бірегей тұлғаның әндері мен күйлері облыстық филармонияның жанынан құрылған Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің (көркемдік жетекшісі — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов, ал бас дирижері — ҚР Мәдениет саласының үздігі Мадина Қабижанова) сүйемелдеуімен орындалды.

«Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің негізін қалаған Нұрғиса атамыздың композицияларын білмейтіндер кемде-кем. Сондықтан біз ең таңдаулы, танымал дегенін іріктеп, көрермен назарына ұсынуды жөн көрдік. Пандемияға қарамастан, жұртшылықтың концерт көруге деген ықыласы жақсы. Бұл бізді, филармония ұжымын, қуантады, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әдіскері Әсем Берікқызы.

Автордың «Ата толғауы» күйімен басталған концертте «Жүрегім менің»,  «Әжеме», «Әке туралы жыр», «Куә бол»,  «Жан сәулем», «Сағындым ғой», «Құстар әні», т.б. танымал әндер шырқалды. ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Марат Әйтімов, Жайлау Асылханов бастаған, сондай-ақ Ибраһим Әмин, Нұртас Омаров, Гүлдана Алдадосова, Манзура Сапарова, басқа да әншілер өнер көрсеткен кеште Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолы, шығармашылықтағы жеңістері, әндерінің шығу тарихы да айтылды. Ал «Аққу» би ансамблінің (көркемдік жетекшісі — ҚР Мәдениет саласының үздігі Омар Мамбетов, Бас балетмейстері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнар Мамбетова) қыздары мың бұралған биімен кеш көркін аша түсті.

— Коронавирус инфекциясының кесірінен ұзақ уақыт далаға шықпай, томаға-тұйық боп қалдық қой. Ешқайда бармаймыз. Соның әсерінен көңіл күйіміз де бұрынғыдай емес. Балаларым осыны ескерген болуы керек, құрбым екеумізге осы концертке екі билет алып берді. Қуана келдік. Оралмас жастық шақтағы әндерді тыңдап, бір марқайып қалдық. Әрі оркестрмен орындалған әндер ерекше естіледі. Әсері бөлек. Лажы болса, барлық жерлестерімді осындай кештерден қалмауға шақырамын. Адамға мұндай демалыс та керек, — деп лебізін білдірді зейнеткер Талшын Қарасаева.

Алдағы уақытта өнер ұжымының ақтөбелік көрермендерге ұсынатын жобалары аз емес. Айталық, филармония маусым айында тұңғыш рет «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін сахналағалы отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button