Тарих

«Қазақ халқы болмағанда, біз аман қалмас едік…»

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында кезінде ата-бабалары қазақ елін паналап, осында тұрақтаған өзге ұлт өкілдерін әңгімеге тартқан едік. Түрлі қиындықтарды бастан кешірген олардың бұл тақырып турасында айтары аз емес…

Қазақтың құрты құтқарды…

Хасан САГАЕВ,

облыстық «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы:

— 1944 жылдың ақпан айында шешендер мен ингуштар саяси қуғын-сүргіннің салдарынан Орталық Азия мен Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болды. Солардың қатарында менің әкем де бар. Ол ауылдастарымен бірге сол кездегі Целиноград облысының Есіл ауданындағы Красивое деп аталатын елді мекенге табан тіреген. Балалық кезден жадымда сақталған жайт — ұзына бойы бір көшеде тұтасымен шешен отбасылары қоныстанғандығы. Бізге дейін бұл ауылға немістер көшіп келген екен. Аздаған орыстар тұрды. Бізге сол аймақтың негізгі халқы — қазақтар ерекше қамқорлық көрсетті. Ең бастысы, жатсынған жоқ, қолындағы барымен бөлісті. Сырт көзге ашық айтпағанмен, бәлкім, олардың көңілдерінде сол тұста «мұсылман бауырымыз ғой» деген сияқты да ізгі тілек жатқан секілді… Сіздердің ата-әжелеріңіздің арқасында күштеп көшірілген шешендердің 90 пайызы аман қалды.
Сол соғыс тұсындағы және одан кейінгі бір санаулы жылдардағы қиындықтар болмаса, біздер, яғни жас ұрпақ қатарымыздан қалмай білім алдық. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстық. Менің жастық шағым Ерейментау ауданында өтті. Осында шыңдалу мектебінен өттім. 1976 жылы партия комитеті мені Ақтөбе облысына, осындағы Бүкілодақтық екпінді құрылыс — Шилісай руднигіне саудамен жабдықтау жұмыстарын басқаруға жіберді. Одан кейін Ақтөбе, Қызылорда, Жезқазған өңірлеріндегі мұнай өндіру компанияларына қызмет көрсететін ұйымдарда басшылық қызметтер атқардым. Сондай-ақ Жаңажол, Кеңқияқ мұнайшыларымен де бірлесе еңбек еткенімді мақтаныш тұтамын.
Өзім туып-өскен, бала кезімнен дос тапқан, биік армандарға бірге құлаш ұрған кең- байтақ Қазақстанда қазақ достарым, жолдастарым аз болған жоқ. Қай жерде болсам да қазақтардың қонақжайлылығына, кеңпейіл мінезіне тәнті боламын.

Қайырымы шексіз қазақ халқының арқасында біз сол қиын-қыстау кезден аман өттік, өзіміздің, ұрпағымыздың екінші отанына қазығымызды тігіп, шаңырағымызды көтердік. Сонау саяси репрессия жылдарында тағдырдың айдауымен осы ұлы далаға келіп, Қазақстанды отаным деп қабылдаған қанша халық бар. Сол депортацияланған миллиондаған адам қазақтың көмегі мен қайырымының арқасында ертеңгі күнге деген үмітін өшірмей, үзілгелі тұрған тағдыр жібін жалғады, сонымен бірге жекелеген этнос ретінде сый-құрметке ие болып, көпұлтты Қазақстан қоғамында өзіне лайықты орнын алды. Бұл ақиқат және осы ақиқатты ешкім ұмытпауы тиіс.

Қазақстан — бейбітшілікті, бірлікті сүйетін ел, оның бұл қасиеті ежелден бар. Ортақ Отанымызда біздің балаларымыз өмірге келді, немерелеріміз де осы жерде туып-өсіп, білім алып, Отан үшін еңбек етіп жатыр. Бүгінде біздің мемлекетіміз қарқынды даму үстінде, сондықтан оның одан әрі гүлденуі үшін осы жерде өмір сүріп жатқан этностар арасында бірлік, береке болуы керек. Өз ұрпағымыздың қамсыз болашағы үшін оларға достық пен береке, бірлікті үлгі етсек деймін. Бірлік болмаса, ештеңе де болмайды.

…Қазіргі таңда өңірде 1980 шешен тұрады. Олардың арасында менің отбасым — зайыбым екеуміз өмірге әкелген 4 балам, солардан тараған немерелерім бар. Барлығына бірдей «қазақтарды құрметтеңдер, солардың мейірімінің арқасында тірі қалдық» деп айтып отырамын. Бұны ешқашан ұмытпау керек. Әлі есімде, ол кезде кішкентаймын, қазақ жеріне енді көшіп келген кезіміз. Сол уақытта қарным ашқанда, қазақтар құрт беріп, күні бойы тоқ жүретін едім… Балалық шақтан қалған дәм. Сол кезді сағынғанда, базарға арнайы барып, құрт алып жейтінім бар.

Сөз соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының жиындарынан қалыс қалмайтынымды айтқым келеді. Жыл сайын өтетін сессияларына барып тұрамын. Өзекті мәселелер айтылады, Қазақстанның әр түкпірінен жиналған түрлі этнос өкілдері өз пікірлерін ортаға салады. Жалпы, Ассамблеяның ұстанымы — қоғамның бірлігі, елдің тыныштығы. Елбасының бізге жүктеген міндетінің ең негізгісі де осы. Сондықтан біздің мақсатымыз — іргесі қаланған Тәуелсіз еліміздің тұтастығына сызат түсірмей, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. 

Қонақжай халықтың қайырымын ұмытпаймыз

Елена ШИНКАРЕНКО,

«Ақтөбе облыстық «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: 

— Менің ата-бабам репрессияға ұшырап, қазақ жеріне қоныстанған. Арғы аталарым ауыл шаруашылығымен айналысқанын білемін.

Өзім көпбалалы отбасында тудым. Анам балабақшада, кейіннен тігін фабрикасында еңбек етсе, әкем көлік жүргізуші болды. Қазір екеуі де зейнеткер.

Неміс тілінің мұғалімімін. Жастайымнан осы салада жұмыс істеп келемін. Жыл басынан бері «Ақтөбе облыстық «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымымын. Жолдасым екеуміз 4 жастағы қыз баланың ата-анасымыз.

31 мамыр — біздің отбасы үшін атаулы күн. Бұл датаны ерекше тебіреніспен атап өтеміз. Арғы атам саяси қуғын-сүргіннің зардабын әбден тартты… Ұрпағына да соның әсері тиді. Әжем «халық жауының қызы» болғаннан көп қиындық көрген. Сондықтан осы күнде ата-бабамызды еске алып, олардың ескі суреттерін қараймыз. Туыстарымызбен естеліктер айтамыз. Кейінгілер бұны ұмытпасын деп қызыма да сол туралы айтып отырамын. Сол кездегі сұмдықты ешқайсысымыз ұмытпауымыз тиіс.

Қазақтар — достыққа адал, қонақжай халық. Немістерді осында алып келгенде, қазақтар оларды кеудеден итермей, ас-суын берген. Қолындағы соңғы тамағымен бөліскен. Сондықтан біз әрқашан қазақ халқына ризамыз. Қазіргі таңда Қазақстанда әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Әрқайсысымыз бір-біріміздің мәдениетімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді құрметтейміз. Және мен қазақтарды өнерге деген құштарлығы үшін ерекше жақсы көремін.

Соңғы деректерге сүйенсем,  облыста неміс ұлтының 5700 өкілі тұрады. Олар біздің қоғамдық бірлестікке келіп, мәдени өмірге араласады. Өз тілін де ұмытпай, арнайы курстарға қатысады.

Бірлігіміз — басты байлығымыз

Елена ЦИБУЛЬСКАЯ,

облыстық «Святло» поляк этномәдени бірлестігінің төрайымы:

— 31 мамыр ең алдымен еске алу күні ғой. Биыл Қазақстанға поляктардың көшірілгеніне 85 жыл толып отыр. Сондықтан осы жыл біз үшін ерекше.

Жыл сайын атаулы күн қарсаңында ата-әжелерімізді еске аламыз. Әлі есімде, 12 баласы бар ата-әжем қазіргі Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылына қоныстанғанын, сол жердегі қазақтардың қамқорлығын көп көргенін айтып отыратын. «Қазақ халқының жанкештілігінің арқасында аман қалдық» деп үлкендер ылғи айтатын еді. Көп ұзамай әкем осы қазақ жерінде дүниеге келген. Әкем қарапайым жұмысшы, ал шешем мал дәрігері болды. Ал мен — Ақтөбенің жергілікті тұрғынымын. Осында жоғары білім алып, еңбекке араластым. Педагог-психологпын.

Күйеуім де поляк. Оның ата-бабасының тағдыры менікіне ұқсас. Екеуміз екі ұл өсірдік. Солардан тараған 6 немереміз бар. Отбасымызбен музыкаға әуеспіз. Бос уақытта шығармашылықпен айналысқанды, музыкалық аспаптарда ойнағанды жанымыз сүйеді. Қазақ тілін еркін білеміз деп айта алмаймын. Бірақ түсінеміз. Ал кенже ұлым қазақ тілін жақсы меңгерген. Мемлекеттік тілде ән де салады.

Облыста 250 поляк тіршілік кешіп жатыр. Біздің орталықта соларға поляк тілін, мәдениетін үйретеміз. Өзге ұлт өкілдеріне де есігіміз ашық.

Екі халықтың патриоттық сезімі ұқсас дер едім. Туған жерін, тілін ерекше құрметтейді. Сосын біз де үлкендерді сыйлаймыз, алдын кесіп өтпейміз.

Ата-әжем қуғын-сүргінге тап болғанда, ауыл тұрғындары — қазақтар қолда барын берген. Киімін де, тамағын да аямаған. Жалпы, сол кезде адамдар өте тату өмір сүрген ғой. Бауырмал болған.

Осы сәтті пайдаланып, барлықтарыңызға бейбітшілік тілегім келеді. Және аталған құндылықты барынша сақтауға шақырамын. Сол болса, барлық жақсылыққа жетеміз. Ешқашан бөлінбейік.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button