«Ақтөбе — құтты мекен»

Жаңарған көшелер туралы тұрғындар не дейді?

Ақтөбедегі басты мәселелердің бірі — жолдың сапасы. Әр көктем сайын, әсіресе, әлеуметтік желілерде бұған шағымданатындар көп. Аталған түйткілдің өзекті екенін облыс, қала әкімдері де айтып жүр. Олқылықты түзеу мақсатында жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жасалады. Соңғы бірер жылда өңірде жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының өкілдігі де  бақылауды күшейтті. Бірақ сын айтушылар әлі де аз емес.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өткен жылы көлік жолдарын жөндеуге 13,9 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 117 нысанға жөндеу жұмыстары ішінара жүргізілген. Яғни соның 27-сі биыл толығымен аяқталғалы отыр. Ал осы жылғы жұмыстарға келсек, шаһарда 36 шақырым автокөлік жолын қалыпқа келтіру жоспарланыпты.

…«Жолдың жайын жүрген біледі». Ал өздері тұратын аумақтың көлік жолдарын тұрғындардан артық ешкім білмейді. Ендеше, біз бірқатар ақтөбеліктің ой-пікіріне кезек берсек…

Көптен күткен қуаныш

Марат ҚАБИЖАНОВ,

Айбергенов көшесінің тұрғыны:

— Осы көшенің бойында тұрып жатқаныма 45 жыл болды. Ұзындығы 1 шақырымнан асады. Бұрынғы атауы — Новочеркасская.

2007 жылы көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің 70 жылдығында, «Неліктен осы көшемізге сол кісінің атын бермеске?!» деген мәселе көтердім. Артынша 50-60 көршімнің қолын қойдырып, құзырлы органдарға хат та жолдадым. Арада бір жыл өткен соң, тілегіміз орындалды. Ақтөбе қаласы Айбергенов көшесімен толықты. Тұрғындар боп қуандық. Әсіресе, өзім балаша мәз болдым. Өйткені Төлеген ақынның көзін көрген, сонымен талай дастарқандас болған адаммын. Сондықтан замандасымның рухы маған риза шығар деген ойдамын. Өзім 80 жастамын.

Қол қусырып отырмай, көшемізді барынша таза ұстауға тырысамыз. Көшенің аты берілген кезде, үйімнің тұсына Айбергеновтің үлкен суретін баннер қылып іліп қойдым. Ақынның қызы Салтанат бұған риза болып, өзі көріп те кетті.

Былтыр осы көшеміздің автокөлік жолы жөнделді. Алғаш рет асфальт төселді. Бұрынғыдай шаң жоқ, рақатын көріп жатырмыз. Әрі жолдың бойын жарықтандырды. Айналамыз түнде жарқырап тұрады. Ендігі бір тілегім — біздің көшемен қиылысып жатқан Панфилов көшесіне де жарықшамдар орнатса екен. Сол жағы қолға алынса, тіптен жақсы болар еді… Әйтпесе, жарық пен су, барлық коммуналдық игіліктер келіп тұр.

Шүкір, соңғы жылдары қала жолдарына ерекше мән беріліп жатыр. Осылай жалғаса берсе, Ақтөбеміз көркейе түсер еді.

Тұңғыш рет асфальт төселді

Ақтілек ОРЫНБАСАРОВА,

Орынбор көшесінің тұрғыны:

— 2007 жылдан бері қаланың қалалық Сүт зауыты маңындағы Орынбор көшесінде тұрамын. Осы аралықта біздің көшеміздің жолдары мүлде жөндеу көрмеді. Орталықтан алыста орналасқандықтан, жылда елеусіз қалатын едік… Дегенмен, өткен жылы бізге де көңіл бөлінді. Жолдарға екі қабат асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жүргізушілер де, тұрғындар да риза. Тек жарықтандыру, орындықтар қою шағы кемшін. Осыған назар аударылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, біздің жақта бірнеше көше жаңарып қалды. Сең қозғалды. Аяқсыз қалмаса екен деймін.

Торайғыров көшесі тақтайдай тегіс

Қабақ МҰҚАШЕВ,

Торайғыров көшесінің тұрғыны:

— Парижская коммуна деп аталған көшемізге 3-4 жылдықта Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді. Автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары  жасалды. Соның арқасында көшеміз айнадай жарқырап тұр. Тақтайдай тегіс. Жолды жөндегеннің бір игілігі ғой. Рақмет айтамыз, әрине. Бірақ енді көліктер әрі-бері көбірек  зулайтын болды. Қауіпті. Осы сәтті пайдалана отырып, жарықшамдар, жол бергілер қойылса деген ұсыныс-тілегімді білдіргім келеді.

Ақтөбенің байырғы тұрғынымын. Қаланың «туған күнінде» — 28 мамырда 84 жасқа толамын. Салыстырып айтар болсам, соңғы жылдары көше жолдарына, Мәскеу шағын ауданына әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіле басталды. Қуаныштымыз. Тек әлгіндей қосымша жұмыстарды, адамдардың қауіпсіздігін ескерсе, артық болмас еді.

Күрделі жөндеуге ештеңе жетпейді… 

Ұлжан САҒЫНҒАЛИЕВА,

Түрксіб көшесінің тұрғыны:

— Былтыр қазан-қараша айларында біздің көшенің көлік жолына асфальт жабындысын салды. Бұрынғы мен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей.

Қаланың Сүт зауыты аумағындағы Түрксіб көшесіне де кезек келгенде, бәріміз қуандық. Әрі күрделі жөндеу болатынын естігенде, тіптен риза болдық.  Өкінішке қарай, көшеміз қараңғы. Биыл енді соны дұрыстайды деген үміттеміз.

Қаланың іргесі де көлеңкеде қалып жатқан жоқ

Нұрсұлтан ЖАНШИН,

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданының тұрғыны:

— «Нұр Ақтөбенің» 2-шағын ауданында тұрамын. Көпқабатты үйлерге кіреберіс жердің жолы шұрық-тесік болып, әбден тозығы жеткен-ді. Соның салдарынан машинаның қозғалысына айтарлықтай қиындық тудыратын. Міне, осы көктемде сол шұңқырларды бітеп, алғашқы қалпына келтірді. Ыңғайлы. Ең бастысы, бұрынғыдай сол жерді айналшықтап жүрмейміз, тез өте шығамыз.

Қаланың шетінде орналасқан шағын аудандарда да ағымдағы жөндеу жұмыстарының ұйымдастырылып жатқаны дұрыс деп білемін. Лайым, соңы болмасын.

Жолдың жағдайы көңіл күйге де әсер етеді

Жайнаргүл МЫРЗАБЕКОВА,

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Адамның жұмыс орны екінші үйі ғой. Осы тұрғыдан келгенде, облыстық халық шығармашылығы орталығының ғимараты орналасқан Бейбітшілік даңғылының бойы кеше ғана жөндеуден өткенін айтқым келеді. Әріптестерімізбен бірге қуандық. Бұл Қала күні қарсаңында бізге тосын сый болды. Өйткені жұмысқа келіп-кетіп жүргенде, жолың нашар болса, бұл да көңіл күйге әсер етпей қоймайды.

Құтты мекен — Ақтөбеміздің жолы көркейіп, жаңара берсін. Келе жатқан Қала күні құтты болсын!

Жолмен бірге инфрақұрылымға мән бергені жөн

Зәру ӘБІЛҚАЙЫРОВ,

Красин көшесінің тұрғыны:

— Бірер жылда жолымызды жөндеді. Жол белгілері, жарығы, бәрі қойылған. Көңілім толады. Тек МАИ қызметкерлері жолдағы тәртіпті жиі бақыласа деген тілек бар.

Шүкір, жылдан-жылға Ақтөбеміздің халқы артып келеді. Енді соған сай қаланың инфрақұрылымы, қызметі жақсарса, бәрі дұрыс болады.

P.S. Соңғы бірер жылда тұрғылықты жерінің автокөлік жолы жөнделген ақтөбеліктердің пікірі осындай. Олар сүйікті қаламыз бұдан да дамып, көріктене түссе деп тілейді. 

Қала күні құтты болсын, оқырман қауым!

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Биыл мына көшелер жөнделеді

Биыл Ақтөбе қаласында жалпы ұзындығы 5,7 шақырымға созылатын жаңадан үш жол құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар 12,2 шақырым болатын екі нысанды реконструкциялау жобасы жүзеге асырылады. Оның ішінде:

Рауан тұрғын үйлер алабында, Қызылжар тұрғын үйлер алабында (Новостройка)

Кисық көл бағытында жол құрылысы салынады.

Батыс-2 шағын ауданында Тәуелсіздік көшесінің жолы мен  Елек көпірі арқылы өтетін  Кірпішті елді мекенінің жолын Ақтөбе-Орск автожолына дейін реконструкциялау жұмыстары да жүргізіледі.

Қала бойынша қосымша 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олар:

— Нокин көшесінен Ломоносов көшесіне дейін 312-атқыштар дивизиясы даңғылындағы автомобиль жолын орташа жөндеу;

— «Гренд Лэнд» аймағында автомобиль жолын орташа жөндеу;

— Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы аллеядағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу;

— Ә.Молдағұлова даңғылынан Пожарский көшесіне дейін кіші Сәңкібай батыр даңғылы  бойынша автомобиль жолдарын орташа жөндеу;

— Ә.Молдағұлова даңғылымен  қиылысатын автомобиль жолдарын орташа жөндеу (Есет батыр көшесі, Әбілқайыр хан даңғылы, ағайынды Жұбановтар көшесі);

— Кірпішті ауданындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу: Жайық көшесі, Солтүстік көшесі, Родниковская көшесі, Алтын ғасыр көшесі;

— әз Наурыз көшесінің  Әбілқайыр хан даңғылынан әз Наурыз өткеліне дейінгі бөлігіндегі автомобиль жолдарын орташа жөндеу;

— Жаңақоныс елді мекенінің Алматы көшесін орташа жөндеу;

— Шернияз көшесінен Яншин көшесіне дейін және Яншиннен Некрасов көшесіне дейін Асау-Барақ көшесінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу;

— Ә.Молдағұлова даңғылынан М.Оспанов көшесіне дейінгі бөлікте ағайынды Жұбановтар даңғылына қарасты жолдарды орташа жөндеу;

— Ғ.Жұбанова көшесінен М.Мәметова көшесіне дейінгі бөлікте Сейітов көшесіне қарасты автомобиль жолдарын орташа жөндеу;

— Жаңақоныс елді мекенінің Советская көшесін орташа жөндеу.

  • ға ауыспалы объектілер, оның ішінде:

— «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінің 1, 1а шағын аудандарына кіреберіс жолдарды және 1а шағын ауданының көшелеріне автомобиль жолдарын салу, ұзындығы — 8,3 км;

— «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында  автомобиль жолдарының құрылысы, ұзындығы — 5,7 км;

— Батыс-2 шағын ауданында автомобиль жолдарының құрылысы, ұзындығы — 5,5 км.

— Заречный-4 тұрғын үйлер алабында автомобиль жолының құрылысы, ұзындығы — 1 шақырым.

— Сәңкібай батыр даңғылынан Тәуелсіздік көшесіне дейін автомобиль жолының құрылысы, ұзындығы — 0,5 км.

Күрделі жөндеу жұмыстары:

Құрашасай елді мекенінің Жамбыл, Гоголь, Әуезов, Абай және Әбілқайыр хан көшелерінде, Ақтөбе қаласының Түрксіб, Снайперская, Гарнизонная, Жуковский, ағайынды Коростылевтар, Өтемісов көшелерінде және Бекқұл баба ауылынан Белогорка елді мекеніне дейінгі жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сәңкібай батыр даңғылындағы 12-шағын ауданның айналма жолынан Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі автомобиль жолын және Арынов көшесіндегі автожолды реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.

Автомобиль жолдарын орташа жөндеу:

— Мәскеу шағын ауданында (Мясоедов, Ударная, Билтабанов, Озерная, Жаманқұлов, Менделеев көшелері);

— 8-шағын ауданда (Гришин, Безымянная, Алабян, Ибатов көшелері);

— Ақтөбе қаласының орталық көшелері (Вавилов, Парковая көшелері, Бейбітшілік даңғылы, қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына апаратын автомобиль жолы);

— Ақтөбе қаласының ескі бөлігі (Некрасов, Әкімжанов, Заводская, Краснощеков, Кобозев, Ряхов көшелері, әз Наурыз жол өтпесі);

— Ембі, Жанқожа батыр, Пугачев, Жүргенев көшесі, Ташкент көшелері.

Жөндеу жұмыстарымен барлығы 45 көше қамтылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button