Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Жерді пайдаланатындарға беру керек

Облыс егін шаруашылығы саласындағы түсімнің негізгі бөлігі Мәртөк пен Қарғалы ауданының үлесіне тиеді. Қазіргі күні екі ауданның шаруалары көктемгі егіс жұмыстарын аяқтап қалды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған аудандарды аралап, шаруа қожалықтардың жай- күйін білді. Бірқатар тапсырма берді.

Мәртөкте 666 гектар суармалы жер пайдаланылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин алдымен Мәртөк ауданының Тәңірберген ауылдық округіне қарасты «Алтай-К» шаруа қожалығына барды. Суармалы алқапты көрді. Қожалық басшысы Ислам Қартов биыл суармалы алқаптың көлемін 250 гектарға жеткізетінін айтты.

— Суармалы егістіктің пайдасы көп. Былтыр «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы  арқылы қажетті жабдықтарды сатып алдық. Қазір пайдасын көріп отырмыз. Жаңа құралдың тиімділігі өте көп. Суды үнемдейді. Былтыр әр гектарынан отыз тоннаға жуық өнім алдық. Негізінен, жүгері егеміз. Маусымдық жұмыс кезінде отызға жуық ауыл адамын жұмыспен қамтимыз. Егер қаржы институттары ақша бөлсе, шаруашылық жұмысын кеңейткім келеді. Екі жүз сауын сиырға арналған кешен тұрғызбақ ойым бар. Осы істі жолға қойсам, ірі қараның санын төрт жүзге жеткізгім келеді. Осылайша сүт өндіру ісін қолға алсам деймін, — деді қожалық басшысы.

Өткен жылы мемлекет тарапынан жемшөп үшін  әр сиырға отыз мың теңгеден субсидия төленіпті. Ислам Қартов бұл қаржының үлкен демеу болғанын айтады.

Суармалы жердің тиімділігін атап өткен өңір басшысы:

— Жерді пайдаланатындарға беру керек, — деді.

Шаруашылықтың өзге де жай-жапсарын сұрап, аудан әкімі Алмас Салықбаевқа суармалы жерлерге қатысты бірқатар тапсырма берді.

Облыс әкімі «Алтын жорға» ат спорты кешенімен де танысты. Кәсіпкер Виктор Кобзев былтыр елу гектар жер алып, ат қора салыпты. Қазір бұл жерде ағылшын тұқымды он алты ат бар. Негізінен, ұлттық спортқа көңіл бөлінеді. Ауыл балалары қолы бос кезде осы жерге келіп, атқа мінеді. Аудан әкімінің орынбасары Сәбит Мұқанов қаржылай қолдау болса, иппотерапия ашуға да мүмкіндік бар екенін айтты.

Сапар барысында облыс әкімі бетон өндіретін «ВиброСтрой» цехының жұмысын көрді. Цехтың ашылғанына екі айға жуық уақыт болыпты.

Былтыр дайындық жұмыстары жүрді. Биыл екі айдан бері кірпіш, гүл егетін ыдыс, бетон сақина, суағарлар шығарып жатырмыз. Көбіне жеке адамдар алады. Болашақта цех жұмысын кеңейткіміз келеді. Қазір қажетті шикізаттың бір бөлігін өзіміздің өңірден тасысақ, қиыршық тасты Орал қаласынан алып отырмыз. Цехта он бес адам жұмыс жасайды. Еңбекақылары — жүз мың теңге, — деді цех басшысы Мәндібай Мақтаев.

Ауданда 39 үйдің құрылысы басталды

Мәртөк ауданында көпбалалы отбасыларға әлеуметтік баспана салынып жатыр.

Қазіргі таңда ауданда барлығы 500 адам үй кезегінде тұр. Аудан орталығында  биыл екі пәтерлі 39 үйдің құрылысы басталды. Бір пәтердің жалпы аумағы — 64,8 шаршы метр. Ғимараттың құрылысы келер жылы аяқталады. Әлеуметтік жалдау келісімі бойынша бұл үйлер  көпбалалы отбасылар мен баспана кезегінде тұрғандарға, яғни 78 отбасыға беріледі.

Оңдасын Оразалин аудан әкіміне құрылыс сапасын қадағалауды тапсырды.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде мүмкіндігінше көп отбасы баспаналы болуы керек. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Біздің міндетіміз — кезекке тұрғандарды тұрғын үймен барынша қамту, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану, — деді.

Биыл ауданның  Казанка ауылының маңында 1300 жер телімі жеке тұрғын үй құрылысына беріледі. Инфрақұрылымды жүргізуге  710 миллион теңге бөлінген.  Жыл соңына дейін газ, су, электр желісі тартылып болады. Аудан әкімі Алмас Салықбаев атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақта қолға алынатын шаруаларды баяндады.

— Елді мекендерді  инфрақұрылыммен қамтамасыз ету — басты міндеттің бірі. Осы бағыттағы мемлекеттік  қолдау шараларын сапалы пайдалану керек. Мемлекет тарапынан берілген қолдауды дұрыс бағаламай, жерді пайдаланбаған, үй құрылысын жүргізбей отырған тұрғындарға түсіндіру керек. Жерді шын мұқтаж адам алуға тиіс. Жер берілді ме, оған үй салынуы керек, — деді облыс әкімі.

Бүгінгі күні  Мәртөк ауданында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде

5 216 адам тұр. Биыл  1288 жер телімін беру жоспарланып отыр.

Балық шаруашылығында маман тапшы

Биыл облыста 791 мың гектар жер жырту жоспарланып отыр. Оның 55,1%-на дәнді дақыл, мал азығы — 35,9%, майлы дақыл — 7,5%, картоп — 0,8% және  0,7%-на көкөніс, бақша дақылы егіледі. Дәнді дақылдарды егуде Мәртөк ауданының үлесі — 16,2%. Облыс әкімі аудандағы егін шаруашылығымен айналысатын  «Әлем», «Дина» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

«Дина» шаруа қожалығы былтыр жүз он миллионға соңғы үлгідегі трактор сатып алыпты.

— Тракторды өз қаржымызға тікелей Ресейден алдырдық. Ал Қазақстаннан лизингке алар болсақ, оның үстемеақысы көп, өз бағасынан қымбатқа түседі. Жаңа техниканы былтыр көктемнен бастап  пайдаландық. Өте тиімді. Жалпы, техника жеткілікті. Қожалыққа қарасты  4200 гектар жер бар. Негізінен, бидай және мақсары егіледі. Өнімді сырт мемлекеттерге сатамыз. Былтыр әр гектарынан 18  центнерден бидай, 9 центнерден мақсары алдық, — деді қожалық басшысы Зәкір Құрманаев.

«Әлем» шаруа қожалығы суармалы егістік жерден бөлек балық шаруашылығын қолға алған. Қазіргі таңда Аққайың ауылының маңындағы бөгетте тұқы балығын өсіріп отыр. Шаруашылық иесі шабақ сатып алудағы кейбір қиындықтарды айтып өтті. Себебі облыста шабақ сатумен бір ғана шаруашылық айналысады. Оның өңірді толық қамтуға күші жетпейді. Сондай-ақ кадр тапшы. Балық шаруашылығына қажетті мамандар жоқ.

Ащылысайға газ барады

Облыс әкімінің сапары Қарғалы ауданында жалғасты. Аудандағы «Айдана», «Арман», «Байқұла» «Рассвет» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын аралап,  «ИнтерАгро» ЖШС-ның материалдық-техникалық базасын көрді. Өңір басшысы шаруалардың өтініш-тілектерін тыңдап, аудан басшысына ауыл шаруашылығын өндірушілерге егін егу науқаны кезінде барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Мәселен, «ИнтерАгро» серіктестігіне қарасты 12 мың гектар жер бар. Биыл оның 5420 гектарына тұқым салынады. Серіктестік басшысы Есет Құсайынұлы алдағы екі күнде көктемгі егіс жұмыстарының аяқталатынын айтты.

Оңдасын Оразалин Петропавловка ауылындағы медициналық бекетке барды. Бұрын төтенше жағдайлар мекемесі болған екі қабатты ғимаратқа  жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ғимаратты сатып алуға облыс бюджетінен 60 миллион теңге бөлінген. Күндізгі стационар жұмыс істейді. Вакциналау жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.

Сондай-ақ облыс әкімі «Ардағым» балық шаруашылығына барды. Шаруашылық

бекіре  балығын өсіреді.

Облыс әкімі сапарының соңында Ащылысай және Әлімбет ауылдарына газ құбырын жүргізіп жатқан мекеме өкілдерімен сөйлесті.

— Қарғалы ауданы бойынша он бес елді мекен бар. Бүгінгі таңда сегіз елді мекенге көгілдір отын кіріп тұр. Биыл Әлімбет, Ащылысай ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары басталды.  Ащылысайға газ биыл  кіреді. Ал Әлімбетке келер жылы барады. Әлімбетке газ тарту үшін 962 миллион теңге  қаржы қарастырылса,  Ащылысайға 109 миллион теңге бөлінді, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев. Жоба жүзеге асқан кезде  490 үй мен бес әлеуметтік нысан газбен қамтылады.

Облыс әкімі жобамен танысып, басқарма басшысы мен мердігер мекемеге  биыл Ащылысайға газ құбырын тарту жұмысын аяқтауды тапсырды. Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев  аймақта атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button